Пікір • 23 Қыркүйек, 2022

Жеті жыл – жетістіктің бастауы

434 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылғы сайлаудың өтетін күні белгілі болды. Бұл көптен күткен саяси оқиға болғандықтан, жұртшылықтың елең ете қалғаны анық. Кезектен тыс сайлау жаңа реформалардың бастауы болады деп сенемін.

Жеті жыл – жетістіктің бастауы

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Бұған дейін жасампаздыққа бас­тай­тын көптеген идея, жоба айтылды. Оны іске асыру үшін дүмпу қажет болғандай әсерде жүрген едік. Сайлаудан кейін ел күткен жаңашылдықтар болып, еліміз дамудың жаңа сатысына көтеріледі деп есептеймін.

Қазіргідей геосаяси ахуал шие­леніскен уақытта, атап айтсақ, Қа­ра­­бақ мәселесі, Тайвань проблемасы, қырғыз-тәжік, орыс-украин арасындағы қақтығыстар туындаған кезеңде білікті дипломат, кәсіпқой маман мемлекетіміздің абыройын асқақ­татып, халықтың жүрегіне сенім ұялатуы керек.

Сайлау ойдағыдай өтсе, Үкі­меттің ауысуын күтемін. Себебі халықтың, қоғамның, тіпті Мем­лекет басшысының көңілі толмайтын дүниелер көп. Жаңадан басталған «дәуір», яғни жетіжыл­дық кезең­нің жоспары басқа көш­басшылардың билікке келуімен жүзеге асады.

Президент өзі айтқандай, жеті жыл кез келген реформаны қолға алып, нәтижелі аяқтауға жеткілікті уақыт. Бұл аралықта әлеуметтік проблемалар, атап айтсақ, жол мә­се­лесі сияқты ауқымды проблемалар өз деңгейінде шешіледі деген сенім мол.

Алдағы сайлауда президент жетіжылдық мерзімге сайланбақ. Осы орайда, 7 саны қазақ үшін киелі екенін айта кеткен жөн. Өз­де­ріңізге мәлім, халқымызда жеті қазына, жеті ата, жеті қат көк се­кілді қастерлі ұғымдар бар. Жаң­бырдан кейін жарқырап шығ­атын кем­пірқосақтың да түсі жетеу.

Бұдан қала берді, «Жеті жұрт­тың тілін біл» дегенді жаттап өскен ұрпақпыз. Қазақ хандығы ке­зінде «Жеті жарғы» заңдар жина­ғы қабылданды. Аптада 7 күн бар. Түнгі аспанда адасқанға жол сілтеп Жетіқарақшы тұр. Құ­лақ­тың құрышын қандыратын аспап та жетіген деп аталады. Қыс­қасы, президенттік мерзімді 7 жыл деп таңдаудың осындай бір рәміздік мәні бар.

 

Самат НҰРТАЗА,

саясаттанушы