Сұхбат • 25 Қыркүйек, 2022

Жақып Асанов: Сот жүйесін реформалау сот төрелігі сапасын жаңа деңгейге көтереді

1910 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Жақып Асанов: Сот жүйесін реформалау сот төрелігі сапасын жаңа деңгейге көтереді

– Жақып Қажыманұлы, жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Үндеуі жарияланды. Үндеудің ел өміріндегі маңызы қандай?

– Президент Үндеуінде алда болатын сайлау науқаны еліміздің бүкіл саяси жүйесін түбегейлі өзгертетінін атап өтті. Бұл – жаңару жолына түскен мемлекетіміз үшін бетбұрысты әрі тағдыршешті кезең. Осы науқанды бүкіл жұртшылық болып, ынтымақпен өткізуіміз керек. Сонда экономиканы тұрақты дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға, тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік туады.

Мемлекет басшысы «Барша азаматтарымызды жауапкершілігін сезініп, демократия, заң және тәртіп қағидаттарын берік ұстануға шақырамын. Еліміздің бірлігі мен тұтастығын көрсете білейік. Халқымыздың тағдыры, Қазақстанның болашағы әрқайсысымыздың қолы­мызда», деп әр қазақстандықты ортақ іске жұмылуға, мемлекеттік мүддеге бірігуге шақырып отыр.

– Мемлекет басшысының 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында сот жүйесіне жаңа талаптар қойылып, нақты міндеттер жүктелді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет» деп қадап айтты. Осы тапсырмалар қалай жүзеге асырылмақ?

– Бұл жолғы Жолдаудың арнайы бөлігі «Бесінші бағдар. Заң және тәртіп» деп аталып, заң үстемдігін нығайтуға арналды.

Мемлекет басшысы құқық қорғау органдары мен сот жүйесінің жұмысын өз бақылауына алып, реформалардың жүйелі әрі жаңа сипатта жүзеге асуын барынша қадағалап отыр.

Жоғарғы Сот тарапынан жүргізіліп жатқан іргелі істер мен қабылданған жаңа заңдар нәтижесіз емес.

Соңғы төрт жылда сот саласында жасалып жатқан өзгерістерге тоқталайын.

Жалпы, кез келген ұйымның қыз­метін үш кезеңге бөлуге болады: «Кі­ріс» – «процесс» – шығыс».

Мысалы, қандай да өндірісті алсақ, ол жерге кіріс ретінде шикізатты айтамыз. Процесс дегеніміз – сол шикізатты өңдеу барысы. Ал шығыс – дайын өнім.

Сотта да солай. Біз үшін «Кіріс»: жүйемізге кіретін жаңа судьялар; сотқа түсетін істер, талап арыздар; сотқа келушілерге көрсететін қызметіміз.

«Процесс» дегеніміз – сот ісін жүргізу.

«Шығыс» – қабылданған сот актілері.

2018 жылы осы үш кезең бойынша талдау жүргіздік.

«Кіріс» кезеңінде нені көрдік?

Біріншіден, Жоғары Сот Кеңесінің судьялыққа кәсіби деңгейі төмен заңгерлерді көптеп қабылдап жат­қанын байқадық. Екіншіден, дауы жоқ істердің соттардың өндірісіне алы­нып жатқанын анықтадық. Үшін­шіден, сотқа келушілерге қолайлы жағ­дайдың жасалмағаны белгілі болды. Құжаттарды қабылдайтын жалғыз терезенің жанындағы қарбалас кезекті көруге болатын.

– Келеңсіздіктерді жою үшін осы уақытқа дейін не істелді?

– Алдымен, 2018 жылы дереу мораторий жариялап, судьяларды қызметке қабылдауды тоқтаттық. Сосын Конституциялық заң арқылы судьяларды іріктеу тәртібін қатайттық. Әлемнің үздік компанияларында қолданылатын жаңа HR-сүзгілерді енгіздік. Сөйтіп, біліксіз заңгерлердің судья болуына тосқауыл қойдық.

Бұрын іріктеуден әрбір төртінші үміткер өтетін болса, қазір әрбір он бірінші үміткер ғана өтеді.

Сол себепті судьялық лауа­зым­дардың 12% қазір бос тұр. Десек те, судья боламын деп, конкурсқа қа­тысушылардың қатары аз емес.

Екіншіден, тәжірибелі судьялардың өз еркімен жұмыстан жаппай кетуі тоқтады. Бұған себеп – жүктеменің азайғаны. Айта кетейін, 2017 жылы судьялардың өз еркімен жұмыстан кетуі ең көп тіркелген жыл  болды.

Үшіншіден, 2019 жылдан бастап сот жүйесін лайықсыз судьялардан тазартудың жаңа механизмі іске қосылды.

Соңғы 3 жылда нақты іс бойынша заңды өрескел бұзған және кәсіби жарамсыз 200-ден астам судья босатылды немесе лауазымы төмендетілді. Бұл қатардағы судьялардың 9%-ы. Жүйемізді тазарту жұмысы әрі қарай жалғасып жатыр. Тек соңғы 2 аптаның ішінде 5 судья теріс себеппен қызметтен қуылды.

Төртіншіден, Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия жұмыс істеуде. Ол жыл соңына дейін 500-ге жуық судьяның кәсіби қызметіне баға бермек. Егер 2019 жылға дейін комиссия тексерісінен судьялардың 1%-дан кемі өте алмаса, қазір судьялардың 7% осы кәсіби жарамдылық сынағынан «сүрінуде».

Осыдан 3 жыл бұрын соттар істер мен материалдардан бас ала алмайтын. 2018 жылы түскені – 4,5 млн. Тәулігіне – 18 мың. Сот ғимараттары араның құжынаған ұясы сияқты еді. Күн са­йын әрбір судья 11 шешім шығаратын. Астанада және Алматыда – 50 шешімге дейін.

Талдау көрсеткендей, келіп түскен істердің 70%-ға жуығы сот талқылауын қажет етпеген. Сондықтан біз, бірін­шіден, заң арқылы даусыз істерден құ­тыл­дық. Екіншіден, өңірлерде медиа­ция орталықтарын құрып, дамытып жа­тырмыз.

Ал 2018 жылдың ең шыңына жет­кен кезеңімен салыстырғанда, бү­гінде соттарға істер 3 есе аз түседі. Енді күрделі істерді сапалы қарауға, жұ­мыстың тиімділігін арттыруға мол мүмкіндік ашылды.

Азаматтық және әкімшілік істер бойынша тағы бір маңызды құрал – аумақаралық соттылық. Оны бір жарым ай бұрын енгіздік. Бұрын талап арыз сотқа түссе, ол автоматты түрде бір соттың ішінде бөлінетін. Енді 1 тамыздан бастап арыздар кездейсоқ таңдау арқылы елдегі барлық соттардың арасында бөлінеді. Әрине, судьяның мамандануына қарай. Айталық, талапкер мен жауапкер Шымкенттен дейік. Соған қарамастан арыз Көкшетаудағы немесе Қарағандыдағы судьяға түсуі мүмкін.

Аумақаралық соттылық іске қосылғаннан бері 80-ге жуық арыз осындай жаңа тәсілмен бөлінді. Алдағы уақытта мұндай істер саны артады деген сенімдеміз. Бұл жемқорлыққа қарсы жақсы құрал екені сөзсіз.

– Қазіргі кезде соттарды біріктіру жұмысы жүріп жатыр екен. Оның мақсаты қандай? Сол жайында айтып берсеңіз.

– Иә, қазіргі уақытта соттарды бі­­рік­тіру бойынша жұмыс жүріп жа­тыр. Қазақстан бойынша бес ірі қала­да аудандық бөлініс бар. Мысалы, Шымкент қаласында – 5 аудан. Яғни 5 қыл­мыстық және 5 азаматтық сот бар деген сөз. Енді қала бойынша бірін­ші сатыдағы 1 қылмыстық және 1 аза­маттық сот жұмыс істейтін болады. Мұн­дағы идея – сот әр жерде бөлек ор­на­ласқаннан гөрі, неғұрлым бірік­тіріл­ген болса, соғұрлым судьялардың қатары көбірек және төрағалардың саны азаяды.

Бұл жаңашыл әдіс істерді бөлуді жеңілдетеді және судьяларға түсетін жүктемені теңестіреді. Ең бастысы, келешекте «қандай сотқа жүгінсем екен» деп, бас қатырмайды.

Бұл атап өткенім істер мен мате­риалдарға қатысты «Кіріс» бөлігі.

Сот ғимараттарындағы қызмет сапасын жақсартуға да күш салудамыз. Келушілерге сервистік қызмет көрсету үшін соттардың 80%-ында фронт-офистер ашылды. Олардың барлығы бірыңғай стильде. Құжаттарды қа­был­дау, өз-өзіне қызмет көрсету, цифр­лық кезегі бар заманауи залдармен жарақ­тандырылған.

Кіреберісте консультанттар аза­мат­тарға құжаттар мен арыздарды тол­тыруға көмектеседі, кеңес береді. Медиаторларға, іс материалдары­мен танысуға арналған кабинеттер де бар. Негізінде, соттар, ең алды­мен, судьяларға емес, процеске қаты­са­тын адамдарға қажет орын. Олар та­бал­дырықтан аттаған бойда жайлылық пен сапалы сервисті сезінуі керек.

«Процесс» кезеңіне көшсек. Біз судьяларға да, адамдарға да дауларды шешуді жеңілдету үшін қажетсіз бюрократияны жоюдамыз. Сол арқылы сот ісін жүргізуді барынша жеңілдетсек деген мақсатымыз бар. Соның бір жолы – электрондық сот төрелігін енгіздік.

Сот төрелігіндегі негізгі кезең, әрине, «Шығыс» кезеңі. Ол дегеніміз – шешімдер мен үкімдердің сапасы. Шын мәнінде, адамдарды біздің жүктемеміз де, вакансия саны да, төмен жалақымыз да қызықтырмайды. Жұртқа керегі соттардан шығатын түпкілікті өнім – сот актісі ғана.

Соңғы уақытқа дейін ол қандай болды?

Шешім мәтіндері көлемді, құ­рылымы күрделі еді. Тараптар өздерінің қойған әрбір уәжіне нақты жауап алуы қиын болатын. Сондықтан 2019 жылы Жоғарғы Сот сот актілеріне қатысты нормативтік қаулыларды қабылдады. Әркім өз сұрағына дәлелді жауап алуы үшін сот актілерінің мазмұнына және құрылымына қойылатын нақты талаптар бекітілді. Судьяларға кіріспе, сипаттау, уәждеме, қарар бөліктерін қалай жазу керектігін түсіндірдік.

Судьяларға әдістемелік көмек болсын деп, қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер, соның ішінде  мемлекеттік тілдегі актілердің үлгілері бойынша 4 кітап шығарылды. Сонымен қатар судьяның өзі қабылдаған шешімді түсінікті тілмен түсіндіру міндеті енгізілді.

– Мұның бәрі сот жүйесіне қалай әсер етті?

– Қылмыстық істерден бастайын.  Судьялар ақтау үкімдерін шығарудан бұрынғыдай қорықпайтын болды. 2018 жылға дейін ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша жыл сайын 23 адам ақталса, қазір олардың саны – 160, яғни 7 есеге артты.

Бұрын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі біреуді сотқа дейін қамаса, оның сотта ақталып шығуы екіталай болатын. Қазір олай емес. Соңғы 4 жылда 61 адам ақталды.

Соттар тергеу сапасына шағымдарды жиі қанағаттандыруда.

2018 жылға дейін соттар құқық қорғау органдарының қамауға алуды сұраған санкциясының 5 пайызын кері қайтарса, қазір ол 15 пайыздан асты.

Сот төрелігінің екінші нысаны – азаматтық істер. Несін жасырамыз, қоғамымызда дау көп. Қазіргі әлемдік тренд – дауларды соттан тыс институттарды дамытып, солар арқылы шешу. Сол себепті біз осы бағытта 2019 жылдан бері нақты жұмыс жүргізіп келеміз. Заңдар арқылы тараптардың өздері сотқа дейін татуласуға ұмтылуы үшін ынталандыру тетіктерін енгіздік.

Соның нәтижесінде сотқа түсетін арыздар саны едәуір азайды – соңғы 4 жылда 900 мыңнан 340-қа дейін немесе 2,5 есе төмен.

Егер дау сотқа келіп түссе, судья­лардың өздері де екі жақты бітімге келтіруге тырысады. Бізде «кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін тек судья ғана шешеді» деген түсінік санамызға сіңіп қалған. Сондықтан бұрын соттарда істердің 2-3%-ы ғана татуласу жолымен шешілетін. Қазір бұл көрсеткіш – 37%-ға жетті. Яғни әрбір үшінші іс татуласумен аяқталып жатыр.

Сот төрелігінің үшінші нысаны – әкімшілік әділет шеңберіндегі дау­лар. Бұрын азаматтық даулардың 85 пайызы мемлекеттік органдардың пайдасына шешілетін. Оған басты себеп – Азаматтық іс жүргізу кодексі. Оның негізгі қағидаты – тараптардың теңдігі. Бірақ, мықты ресурстары бар мемлекеттік орган мен қарапайым азаматтардың немесе кәсіпкерлердің мүмкіндігін салыстыруға бола ма?

Сондықтан өткен жылдың 1 шіл­десінен бастап Әкімшілік рәсімдік-про­цестік кодекс (ӘРПК) күшіне енді. Елімізде мамандандырылған әкім­шілік соттар жұмыс істей бастады. Олардың міндеті – адамдар мен биз­нестің құқықтарын мемлекеттік орган­дардың қыспағынан қорғау.

Бір жылдан астам уақыт ішінде әкімшілік соттарға 30 мыңға жуық арыз түсті. Мемлекеттік органдар істердің 60 пайызы бойынша адамдар мен бизнеске ұтылып отыр. Бұрын олар даулардың 85% ұтып шығатын.

Ең бастысы, әкімшілік әділет шенеуніктердің қызметтік тәртібін ретке келтіре бастады. Егер мемлекеттік органдардың өкілдері сотқа келмесе, шақыруға уақытында жауап бермесе, басқа да талаптарды бұзса, сот оларға айыппұл салуға құқылы. Бір жылдан сәл астам уақыт ішінде әкімдер, комитет төрағасы және басқа да мемлекеттік қызметкерлер, жалпы 400 шенеунік осылай жазаланды. Алайда судьялардың нақты тәуелсіздігі болмаса, ешқандай сот реформасы нәтиже бермейді.

Судьялар әдетте кімге тәуелді деп саналады?

Біріншіден, атқарушы және заң шығарушы билікке. Себебі сот жүйе­сінің бюджетін шешетін Үкімет пен Парламент.

Екіншіден, сот төрағаларына.

Үшіншіден, құқық қорғау органдарына.

– Сөзіңіздің жаны бар. Осындай тәуелділіктен арылу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Атқарушы билікке тәуелді болмау үшін соттарды қаржыландырудың мүлдем жаңа принципі енгізілді. Оның мәні: сот жүйесі 2023 жылдан бастап мемлекеттік аппаратты ұстауға бөлінетін республикалық бюджеттің кемінде 6,5%-ын кепілді түрде иеленетін болды. Қайталап айтайын, ең кемінде. Бұл қаржыны судьялардың өзін-өзі басқару органы – Жоғарғы Соттың кеңейтілген жалпы отырысы бөледі.

Судьялардың сот төрағаларына тәуелділігіне де тосқауыл қойылды. Облыстық соттардағы төралқалар таратылды. Олардың құрамын бұрын төрағалар өздері шешетін. Жеті судьядан тұратын төралқа судьяны жазалау жайлы материалдарды Сот жюриіне жіберетін. Енді оны облыстық соттың судьялары жасырын дауыс беру арқылы шешеді.

Бұрын төрағалар тек өңірлерді ауыстырып, сол лауазымында 20-30 жыл қатарынан отыра беретін. Енді олар ең көбі 2 рет қана (10 жылдан аспайды) тағайындала алады. Оған қоса істерді бөлу автоматтандырылған. Сот төрағалары бұдан былай оған әсер ете алмайды.

Осының барлығы төраға лауазымына қызығушылықтың төмендеуіне себепші болып отыр. Төраға болғысы келетіндер қатары азаюда. Әрбір 4-аудандық сотта төраға лауазымы бос тұр. Себебі лайықты әріптестер конкурсқа қатыспайды. Сондықтан біраз конкурс өтпеді деп танылады.

Біз осыдан 2 жыл бұрын сот төра­ғалары сайлану жолымен та­ғайындалсын деп бастама көтергенбіз. Бірақ оған Жоғары Сот Кеңесі қарсы болып, сол ұсынысымыз қолдаусыз қалды. Жуырда Мемлекет басшысы өз Жолдауында сот төрағаларын сай­лау жөнінде талап қойды. Бір сөз­бен, көп ұзамай жергілікті сот төр­ағалары сайлану жолымен Конс­ти­ту­ция нормасының шеңберінде тағайын­далмақ.

Құқық қорғау органдарына тәуел­ділік – бөлек әңгіме. Жасырын емес, судьялар олардан сескенеді. Сондықтан көп ұзамай заң арқылы мұндай тәуел­ділік жойылады деп отырмыз.

Судьяларға ықпал етудің тетіктерін алып тастау үшін басқа да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазір Сенатта Жоғарғы Сот ұсынған сот жүйесін реформалау жөніндегі қосымша нақты қадамдар талқылануда. Бұл шаралар сот төрелігі сапасын одан әрі жоғары деңгейге көтереді деп сенеміз.

 

Әңгімелескен

Нұрлан ҚАЛҚА,

арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін