Театр • 26 Қыркүйек, 2022

Оралханның соңғы аманаты

334 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жазушы Оралхан Бөкейдің драматург ретіндегі төл мұрасын сахнаға шығарып, көрерменімен қауыштыруда Қазақстанның еңбек сіңірген белгілі, режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың сіңірген еңбегі ерен. Ең алғаш 1982 жылы Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында корей режиссері Мең Дон Уктың режиссерлігімен қойылған «Қар қызы» лирикалық драмасында бас кейіпкердің бірі – Бақытжанды театр тарихында алғаш болып сомдаса, кейінірек режиссер ретінде де және бірқатар пьесасына сахналық ғұмыр сыйлады. Сондай туындының бірі – «Атау кере» шығармасы.

Оралханның соңғы аманаты

2003 жылы режиссер Нұрқанат Жа­қып­бай О.Бөкейдің «Атау кере» повесін (сахналық жүйесін жасаған Мұхамедия Ахмет-Төре) сахнаға шы­­ғарды. Өзінің шығармашылық өмір жолында талай бейнелерді жа­са­ған актер мұндағы Таған рөліне аса зор дайындықпен келді. Ол өз ке­йіпкерінің өмір болмысын терең зерт­теп-зерделеп, оның ерекшелігін дәл тапты.

Жалпы, режиссердің жазушы Оралхан Бөкейдің әдеби һәм дра­матургиялық мұрасына мұншалықты дендей бойлап, аялай әспеттеуінің өзіндік себебі де бар. Ол ең әуелі ертеректе «Қар қызы» қойылымы арқылы басталған ғаламат шығармашылық тандем болса, екінші себеп – аманат.

Қаламгер соңғы жазған дра­ма­­тургиялық шығармасы – «Шың­ғыс­хан» пьесасын Үндістан сапа­рына жүрерінен бір күн бұрын Нұр­қанат Жақыпбайға аманат етіп табыс­тап кеткенін көпшілік қауым біле бермейді. Сұңғыла сырлы суреткердің соңғы арманы мен соңғы аманаты жөнінде режиссер толғана отырып сыр ашты:

– 1993 жылдың 8 мамыры... «Қа­зақ әдебиеті» газетінің редакциясы­на Орекеңе келдім. Барып есікті ақы­рын ашып қарасам, төрде отыр екен. Құшағын айқара ашып, қуана қарсы алды. «Бір режиссердің іздеп келетінін біліп едім», деп қуанып кетті. Өзі де не үшін келгенімді се­зіп отыр екен, екеуміз «Атау кере» жа­йын ақылдастық. «Сен пьесаны қоя тұр, алдымен кино түсірейікші» деді. Сөйтсем, Орекең бұл повесть желі­сімен кино түсірілсе деп ойлайды екен. «Ореке, кино емес, кинодан бұ­рын пьеса жасайық. Мен театр режиссерімін ғой деп едім, ол кісі дегенінен қайтпады. Соңында киноны да, спектакльді де сахналайтын болып келістік. Бірақ дәл сол уақытта Үндістанға іссапармен кетіп бара жатуы салдарынан уақыты қарбалас екен. «Мен Делиге жол жүріп бара жатырмын, он шақты күннен кейін ораламын. Сапардан келген соң бір аптаның ішінде театрға пьеса жазып беремін», деп уәдесін берді. Кино жайын, сценарийдің барлығын спек­такльден кейін ақылдасып, түсі­ретін болып келістік. Бірақ амал қан­ша, сол сапарынан Оралхан орал­мады... Кейін «Атау керені» сахналадым. Бірақ бір өкініш – өзі сонша армандаған «Атау кересін» Орекеңнің өзі сахнадан көре алмауы болды. Кейде ұзақ дайын­далып, сан мәрте қайталап оқып, жү­рексініп жүріп алмай, «Атау керемен» алғаш таныса салысымен-ақ, Орекеңе ба­рып жолығып, шығарманың пье­салық нұсқасын өзіне жаздырып ал­мағаныма өкінемін. Өзектегі өкініш – осы. Бірақ жазмышқа кім қарсы тұрған? – Орекеңнен мұндай жағдайда көз жазып қаламыз деп кім ойлаған? – деген режиссер әңгімесін әрі қарай жалғады: – Сол күнгі кездесу ерекше есімде. Орекең «Атау керені» із­деп режиссердің келгеніне ерекше қанаттанып, қуанды. Шығарманы сахналау жайын келісіп, қол алысып, қоштасып шығып бара жатқанымда, мені тоқтатып алып, қағаздары реті­мен жиыстырылып, қаз-қатар қалан­ған тартпасының ішінен бір папканы алып шықты да: «Қанатжан, (Нұрқанат Жақыпбайды осылай атайды. – авт.) бұл – пьеса. Шыңғысхан туралы жазып едім. Оның өзінің бір тарихы бар. Бір кездерде ақшам жоқ болып қалып, қарыз сұрауға арым жібермей, таза материалдық қажеттілік үшін осы пьесаны жазып шыққан едім. Жазып болған соң, барып өткіздім де, ақшамды алдым. Арада біраз уақыт өткен соң ойлана бастадым. Ақша үшін асығыс жа­зылғаннан кейін стильдік тұрғыдан ол­қылықтардың кеткенін өзім іштей сезетінмін. Содан шыдай алмай, Мә­дениет министрлігіне барып, «пье­­самды өңдеймін» деп қайтып ал­дым. Мынау – сын сүзгісінен өтіп, толықтай өңделген нұсқасы. Шың­ғысхан жа­йында анау да, мынау да айтып жүр ғой. Алайда мұның оқиғасы бұған дейін айтылып келген жайттардан мүлдем бөлек, пьеса жазбастан бұрын да Шыңғысхан жөнінде көп ізденген едім. Әбден тексерілген деректер мен бұлтартпас дәйектер негізінде жазып шықтым. Мен келгенше мұқият оқып шығып, өз пікіріңді дайындап қойшы. Келген соң асықпай әңгімелесеміз» деді. Со­дан пьеса салынған папка­­ның бауын да шешпестен, менің қолы­­ма ұстатып, шығарып салды. Келе салып, қуанып папканы ашып қарасам, машинка­мен терілген жазудың үстінен өзі­нің маржандай әдемі жазуымен қай­тадан түзеп, өңдеген қолжазба күйіндегі нұсқасы екен. Маған пьеса бірден ұнады. Бірақ кейін папкасын қайтарып алмады, біз пікірлесіп үлгермедік те... Себебі, Орекең сол сапардан оралмады... қазір ол пьеса менде сақтаулы. Ылғи қояйын деп ойлаймын да, мүмкін Оралханның ойлағанындай сахналауға әлі де жет­кен жоқ шығармын, атүсті кетіп қа­лармын деп өзімді-өзім тежеп, содан бері арада отыз жылға жуық уақыт өтсе де, сахналауға әлі де бат­­пай жүрмін. Бұл – соңғы сапары­на ат­танып бара жатып, аманат етіп қал­дырған дүниенің салмағын сезін­ген­дігімнен шығар. Бірақ ойымнан бір сәт те шығарған емеспін. Алла жаз­са, таяу күндері «Кербұғысын» сах­нала­сам деп жүрмін. Содан кейін міндет­ті түрде «Шыңғысханмен» айна­лы­са­тын боламын...», деді Нұрқанат Жақып­бай жазушы туралы естелігін аяқтап.

Демек, сұңғыла сырлы суреткер Оралхан Бөкейдің ел білмейтін «Шың­ғысханымен» қауышатын да күн алыс емес. Әлі күнге дейін ешбір жерде жарияланбаған, ешқандай театр­да қойылмаған айтулы қойылым сах­налық тағдырын таба алса, сөз жоқ, өнер әлеміндегі үлкен жаңалық болары анық.