Президент • 27 Қыркүйек, 2022

Түркістанға тартылған инвестиция көлемі 8 есе артты - Тоқаев

4555 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының жұртшылығымен кездесуі барысында қасиетті өңірге деген ерекше ықыласын білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістанға тартылған инвестиция көлемі 8 есе артты - Тоқаев

«Жақында Астанадан бастау алған «Ұлы дала жорығы» санаулы күннен соң Түркістанда өз мәресіне жетеді. Мұның зор символдық мәні бар. Осы өңірде халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы барынша сақталған. Бір сөзбен айтқанда, Түркістан – халқымыздың қаймағы бұзылмаған қасиетті мекені», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан соң, Президент  киелі өңірде ұрпаққа жол көрсетіп, тағылымды тәрбие беретін данагөй ақсақалдардың орны бөлек екенін айтты.

«Қазақ «Қариясы бар елдің қазынасы бар» дейді. Түркістанда ұрпаққа жол көрсетіп, тағылымды тәрбие беретін данагөй ақсақалдарымыз аз емес. Олар түрлі жағдай кезінде жұртты сабырға шақырады. Жастарға басу айтып, кикілжіңге жол бермейді. Осындай аузы дуалы ел ағаларына зор алғыс айтамын», деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанға деген ерекше ықыласын білдірді.

«Менің қасиетті Түркістанға ықыласым ерекше екенін білесіздер. Мемлекет басшысы ретінде алғашқы сапарымды дәл осы жерден бастаған едім. Содан бері мұнда көптеген оң өзгеріс болды. Соңғы жылдары Түркістанға тартылған инвестиция көлемі 8 есе артты. Қаланың инфрақұрылымы жаңғырып, жаңа нысандар бой көтеріп жатыр. Атап айтқанда, 77 мың адамға арналған көп қабатты үйлер салынды. Шаһар жасыл желекке оранып, экологиялық ахуалы жақсарды. Тұрғындарды ауызсумен және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі шешілді деп айтуға болады», деді Қазақстан Президенті.