Өлеңдерге, тіпті жап-жақсы өлеңдерге де кәдімгідей ескертпелер айтылатын және орынды айтылған һәм жазылған мұндай жанашыр пікірлер ақындар тарапынан еш ашу-кексіз қабыл алынатын замандар да болған. Жаңылыспасақ, жас қаламгер жігіт Жарасқан Әбдірашев бір мақаласында сол кезде қалың қазаққа толық танымал бола бастаған Сағи Жиенбаевтың өлеңдерінде «ақ» деген сөздің мөлшерден көбірек пайдаланылатынын жанамалай мінегені бар. Сағаңың жинақтары жеткілікті шығатыны мәлім. Үңіле қалдық. Рас-ақ: ақ нұр, ақ сәуле, ақ самал, ақ таң, ақ бұлақ, ақ жауын, ақ сағым, ақ ұлпа...
Одан соң талай су ақты, талай құм көшті. Бірақ, мысалы, Сағаңның әр жаңа жинағын қолыма алған сайын Жарасқан жазған сол ескертпе менің санамда қайтадан жарқ ете қалатын болды. Сол кезгі әдеби сынның беделі үстем болды ма, әлде сыншылар мен сынға араласқан ақын-жазушылар нені айтқысы келіп отыратынын түсінікті етіп жазатын ба еді, әйтеуір, сол дәуірде қай шығармаға қандай мақтаулар айтылып, қай туындының қай кемшіліктері мысалға алынғанын қазір де сыздықтатып қайталап айтып беруге болатын сияқты. Бұл, әрине, басқа әңгіменің еншісі. Сағаңа келейік.
«Ақ» деген сөз, таласа алмайсыз, қазақтың аяулы ұғымы. Басқасын былай қойғанда, біздің жұртымыздың әндерінің өзі «Ақ кербез», «Ақ ерке», «Ақ дариға», «Ақ айша» немесе «Аққұм», «Ақбақай»... болып келмей ме?! Рас, «Көк айдай» мен «Боз жорға» да бар, бірақ бұлар өте аз. Бұл – бір. Екіншіден, «ақ» деген сөзді пайдаланған Сағаң ғана ма екен? Ақ самалға кеудесін тосып, ақша бұлтты қалай қызықтағанын жазбаған ақын бар ма, сірә?! Ендеше, олар құтылып, алабөтен Сағаңның тұтылатыны қалай?
Енді, міне, біраз ғұмыр кешіп, ақылымыз кіріңкіреп, пендешіліктен аулағырақ отырып ойлансақ, көп ақынның ішінен «именно» Сағаңды таңдап алған Жарасқанның еш кінәсі жоқ екен. «Кінәлі» Сағаңның өзі екен.
Тура, әйтпесе ауыспалы мағынадағы «ақ» деген тіркесі бар сөздерді Сағаң өзінің өлеңдеріндегі буын санын ретке келтіріп отыру үшін немесе жаз туралы жазса, әйтеуір ақ самалдың қапталдаса жүргенін дұрыс көргендіктен, қыс туралы толғаса, міндетті түрде ақ ұлпаны кіргізу қажеттігін ойлағандықтан қоспайды екен. Басқалар жауыр тіркес ретінде пайдалана салатын, сондықтан ыстық ықыласыңа ие бола алмай қалатын осы ақ түс Сағаң өлеңдерінде ондай қосымша емес, негізгі рөлдерді атқарады. Сөйтіп, Сағаңның өлеңдері онсыз да ақ түсті одан әрі ерекше сәулелендіріп жібереді екен. Ақынның «ақ» деген сөзді тым көп пайдаланатын сияқты болып көрінетіндігі де сондықтан екен. Мысалы, туған даласын сағынған ақын «...Бір өзіңе жету үшін тезірек, Ұштым еріп аспандағы ақ бұлтқа» дейді. Әйтпесе: «...Бетке жұққан даланың ақ тозаңы Ақ жаңбырлар жумаса, жуылмайтын». Тағы да: «...Ақ қайың құсап жондағы Ақ әжем отыр алдымда». Сондай-ақ: «...Есер жел жұлқылады етегімнен, Ақ дауыл ала қашты телпегімді», «...Денесін сүйеп ақ қарға, Күн келе жатыр қабақтан».
Міне, осындай жайларды сараптай келе, көңіліңізде бұрыннан да қалыптасып қалған бір түйінге тағы да атбасын адаспай тірейсіз: Сағи – кір шалмаған (дұрысы, кір шалмауға тиіс) таза дүниенің жыршысы.
Бірақ Сағаң бастан кешкен дүниені кір шалмаған деудің тіпті де жөні жоқ екені мәлім. 1934 жылы туған ол «елуінші жылдардың аяғы, алпысыншы жылдардың басында әдебиетке келген, «жетімдер әулеті» атанған буынның» (Қалихан Ысқақұлы) бір өкілі еді. Оның үстіне жай жетім емес, 1937 жылы «халық жауы» болып ұсталып кеткен Жиенбайдың баласы еді. Бұл фактіні де Сағаң ұзақ жылдар бойы ашық жариялай алмады, өлеңіне өзек ете алмады. Бар-жоғы ишарамен ғана жеткізді:
«Көңілімнің күні болып жүр Анам, Көз алдымда сол жүргесін жұбанам, – Әйтпесе мен ес білгелі жоқ әлі, Біздің үйде бір адам. Ел де көрді. Мен де көрдім соққыны, Бала кездің өтті алаңдап көп күні. Біздің үйде тұрады ылғи білініп, Бір адамның жоқтығы. Жүргендей ол осы маңда – жақында, Кейде маған беретіндей ақыл да... Біздің үйде шауып жүрген бөбектің Бәрі соның атында. Есімде жоқ – қандай еді түрі оның, Бірақ бәрін сезетіндей жүрегім. Соны күтіп біздің үйдің төрінде, Бос тұр әлі бір орын. Бір үміт бар ұялаған кеудеме, Айтам оны жұлдызға да, желге де. Әлі күнге өзі келіп қалардай. Отырмаймын төрге де...»
Осы ретте Сағаңның «Хат» деп аталатын өлеңіне тоқтала кеткен мақұл. Соғыс кезеңі. Шәкірт баланың шағын мақсаты бар: «...Хат жазу – барлық арманым, Майданда жүрген ағама». Арман орындалады, әріп таниды, хат жазады: «...Жатса да қарным шұрқырап, «Жақсы, – деп қойдым, – күйіміз!». Одан әрі: «...Шөп тасып жүрмін...» дегенді, Жібердім хатқа қыстырып». Бір хат, екі хат, үш хат, төрт хат... «Көкешімді ертіп келер деп, Өлеңмен жаздым талайын». Әттең, еш жауап жоқ. Бір күні сол хаттар тұтасымен кері оралады.
«...Оралды бір күн... Даланың Сіңіріп жалын, аптабын, Сабылып майдан алабын, Сарғайып кеткен хаттарым. Сарғайып кеткен зар-мұңнан, Секілді менің сыңарым. Бауырыма қысып алдым да, Құшақтап барып құладым...».
Соншама ыстық сағыныштың қалай суыққа ұрынатынын, соншама ынтызар жүректің қайтіп өкситінін осы жолдар анық аңғартып тұр-ақ. Бұл – бірінші гәп. Екіншіден, осы өлеңнің тасасында сол баланың тұрақ-мекені, бар-жоғы белгісіз әкесіне хат та жаза алмайтын пұшайман тағдыры және жатқан жоқ па?!
Осы тұста сол буын өкілдерінің қаламына заңды түрде көп іліккен соғыс тақырыбына сәл тоқталып өтейік.
Әрине, Өтежан бейнелеген «Соғыстың соңғы жазы» – тұтас панорама.
«Ой орманы» жинағы арқылы Қадыр (Мырза Әлі) «Моншада мен арқаларды көп ыстым, Моншада мен сан тағдырмен тоғыстым. Монша деген – мүгедектер музейі, Сол музейде документі соғыстың» деп келетін шумақ-құжаттарды ұсынды. Тұмағаңның (Молдағалиев) өлеңдері арқылы соғыс жылдарындағы жетімдіктің зардабы ғұмыр бойы әлсін-әлсін еске түсе беретінін мықтап түсіндік.
Ал Сағаң жырларының бір ерекшелігі, ол өз қатар-құрбыларымен бірге көрген сол зәрлі-зарлы күндердің шежірелік шумақтарының соңына, негізінен, әлсіз де болса әйтеуір бір сәулелі шуақ қосуға міндетті секілді болып тұратын.
Әлгідей жан тітірентерлік суреттерді тізбелей келе ақын бергі күндердің берекетті шүкіршілігіне ойысады. «Осынау жанның бәріне ортақ өмірдің» қызығын көргісі келеді, жар сүйеді, шаңырақ көтереді, балапан ұшырады. Сосын құбылмалы дүниенің қадірлі сәттеріне жолығады:
«...Бірте-бірте көңілімде күн қызып,
Ұйықтап кеткен гүлдерді жүр тұрғызып.
Күнде ертемен оянамын асығып,
Мені күтіп қалды ма деп бір қызық».
Осылайша ақын жылуы жоқ жылдардың көкіректі удай ашытар көріністерін жазып отырып та, көп реттерде, әйтеуір бір жұбаныш боларлық бір жарқын ілік іздеп табуға тырысады.
Қалың оқырман кезінде сүйсініп оқыған, сөйтіп, қазақ әдебиетінің қымбат қазыналарының санын молайтқан «Оң аяқ», «Күткен күн», «Медаль», «Әйелдер», «Тұлып», «Сүт туралы баллада», «Сыртта боран ұлып тұр» деген тәрізді туындыларында да ақынның соғыс туралы жыр-баяндарына аз-мұз болса да күлкі сыңғыры, баршаға жетпесе де түбегейлі жоқ болып кетпеген қуаныш қиындысы, қанық бояулы болмаса да бір сәттік шаттық салтанаты сыналап кіргізіліп отырады.
Осы тұста сәл кідіріп, ақынның ілгеріде жазған өлеңдері кейінгі туындыларымен, тақырып жағынан болмаса да, таным-тілек тұрғысынан туыстас болатындығына бір мысал келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз. Жоғарыда Сағаң «Жата кеттім жөргегіме оранып, Жерді басып жүруге де қорықтым» дейді ғой. Есейгенде ше? Әлгі қорқыныш санасына мықтап сіңіп қалған ақын сол сәтке қайта оралады. Бірақ басқаша оралады. Өйткені, бұл енді еміс-еміс ес кіріп келе жатқан қорғансыз сәби емес, жауапкершілігі мол азамат. Мамыражай көктемнің жылуына бусанған ақын шын сырын ақтарады:
...Көктемдей нәзік сезіммен Кеудені күйлер тербейді. Қара бір жердің өзін де Қаттырақ басқың келмейді!».
Талай заман аралас-құралас болғандар білетін шығар, Сағаңның өлеңдегі ғана емес, өмірдегі де мінезі – осы.
Кейін қазақтың көрнекті ақынына айналған осы жас талант туралы 1960 жылы ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Сағи Жиенбаевтың бірқатар өлеңдерін сүйсініп оқыдым» деген екен («Жыл келгендей жаңалық сеземіз...»). Бұл лебізді әрідегі жолашар сөзге баласақ, бертінде Мұқағали Мақатаев қағазға түсірген мына жолдар кемеліне келген қалам иесінің шынайы шығармашылығына берілген толық анықтама болып қалды: «...Мыңғырған мың жылқының арасында жалғыз жирен құлынның ғана мойнында әдемі, құйттай жез қоңырауы бар еді. Оның сыңғыры сұмдық тұнық-тұғын. Жылқылар жайылғанда да, жусағанда да, күндіз де, түнде де, сол жез қоңыраудың үні бірде о жерден, бірде бұ жерден дыбыс беріп қояр еді, бір түрлі рахат, бір түрлі сүйкімді естілетін. Жылқы жусап жатса, анда-санда бір ғана сыңғыр етіп, «тыныштық, қорықпа!» дегендей, ал қайсыбір мазасыз түнде жылқы үрке қалса, жез қоңырау толасссыз шырылдап беретін. Көзге түртсе белгісіз түнекте табыннан адасып қалсақ, әлдеқалай алыстан үздігіп естілген жез қоңыраудың үнін бағытқа алып, үйір-үйір жылқымызды жинап алатын едік. Жез қоңыраудың қасиеті солай еді. Сағидың поэзиясы – мен үшін сол жез қоңырау. Бірде-бір артық сөзі жоқ, бірде-бір тәртіпсіз буыны жоқ, артық өлшем, жетпей жығылу дегендерді іздесе таптырмайтын Сағи поэзиясы сол жез қоңырауды елестетеді. Қандай да затты, қандай да қимыл-құбылысты алмасын, Сағи оған сағилық әр, өң, сағилық мінез бермей қолынан шығармайды. Міне, мен өз басым, оның өлеңдеріндегі кейде бір ой, тақырып, образ қайталауы сияқты кінәларын кешіремін. Оқи отырып, тіпті ол кемшіліктерін байқағым да келмейді. Себебі, сиқыр, оллаһи, сиқыр! Нағыз лириктің құдіреті осынысында болса керек».
Енді Сағидың өлеңдері неліктен, Мұқағали таңғалатындай, «бірде-бір тәртіпсіз буыны жоқ, артық өлшемі» жоқ болып келетіні туралы ойланайық. Сағаң, расында да, тәртіпті сүйетін ақын. Ол кісінің ойынша, әрине, қасірет тағдырдың жазуы шығар-ақ, бірақ оның орнын бәрібір қуаныш басуы керек, жасөспірім тезірек ержетіп, тезірек той иесі болуы тиіс, әр таң бір қызық әкелуге міндетті. Рас, олай жасайтын құдірет ақынның қолында жоқ, бірақ біздің ақынымыз соған тілектес, ол өзі көрмеген қызықты өзгелердің көргенін қалап тұрады. Мынау дүниеде ол түзегісі келмейтін құбылыс жоқ. Тіпті, шырайлы көктемнің де қай өлкеде де бір уақытта бірдей жағдайда шырайлы көктем болып тұрғанын жөн көреді. Мына өлеңді оқып көрелікші:
«Жылы жел есіп тау жақтан,
Бұлттардың өңі бусанып,
Қабағын қалың қар жапқан
Жартастың жүзі жұмсарып,
Өзендер ойға жөңкіліп,
Толқынын тартып ұзаққа,
Аспанды күйге толтырып,
Құс келіп жатыр бұ жаққа...».
«Бұ жағыңыз», әрине, Алматы немесе Алматының маңайы, бәлкім, тұтас Жетісу. Сондай бір құс қиқулап, айнала күйге толған шақтың рахатына балқып отыра берсе де ешкім мазасын алмайтын Сағаң аяқ астынан баяғыда табанына отты құмын басқан туған даласын сағынып кетеді:
«...Жетті ме көктем Жемге де, Кетті ме қыстың ызғары. Жарқырап күміс теңгедей Жарылды ма екен мұздары. Қарлы жел ерте-кеш борап, Қасарып тұрған жоқ па екен. Жайсыздау еді бесқонақ, Бесқонақ қалай өтті екен...».
Былай қарасаңыз, мұздың жарылуы немесе бесқонақтың әбігерге салуы аса уайымға салатындай тосын оқиға емес, әр жыл сайын қайталанатын-ақ көріністер. Тіпті, басқа ақындар мұны қаперге де алмайды, қайта көктемнің шат-шадыман суреттерін тамсана жырлайды. Ал Сағаң мамыражай мезеттің қызықтарына жылы өңірде жүріп, ең алдымен өзі куә болғанына біртүрлі қымсынады. Өлеңін әлдебір лирикалық опынышпен аяқтайды:
«...Ұрынбай қарлы мұздаққа,
Жел тұрды ма екен оңынан.
Көктемнің өзі біз жаққа
Келетін ылғи соңынан...».
Көрдіңіз бе, «баратын ылғи соңынан» демейді, өзі тап қазір сол Жемде тұрғандай-ақ, кешігіп жетер көктемді тап қазір өзі қарсы алатындай-ақ «келетін ылғи соңынан» дейді. Міне, жер бетіндегі көп өзгерістің әр тінді жүйесін ылғи әсем бір арнаға тоғыстырғысы келіп тұратын ақын қайдан ғана «тәртіпсіз буынға, артық өлшемге» оңай жол берсін. Тіліміздің ұшына келген және бір сөзді айта кетелік, осы ретте тағы бір тамаша ақын Төлеген Айбергеновтің «Мен мынау ыстық жүрегімменен қара тасты да сағынам, Қаланып қалса тәртіппен!» дейтін жүрекжарды лебізіне һәм сенбеске амалың қалмайды екен.
Дегенмен, тәртіптіліктің жалпы жұрт тегіс жақтыра бермейтін тағы бір қыры бар. Мысалы, сол заманда Жұмекеңнің (Нәжімеденов) қилы-қилы шарпылыстарға толы, қоңыр бояуға көбірек үйірсектейтін жыр-толғаулары немесе Мұқағалидың шымбайға батып-батып кететін шыншыл, тізгінді тартып ұстауға құлқы жоқ қуатты өлеңдері ерекше көзге түсті. Бұл ақындарға кейінгі буын ғана емес, сол екі талантпен қатарлас жүріп жыр қашағандар да кей-кейде байқаусыз еліктеп кететін еді. Ал осы екі ақын секілді өзінен басқа ешкімге еліктемегендердің бірі Сағаң болатын. Себебі, Сағаң, жоғарыда айтқанымыздай, әлде де айтатынымыздай, тек сұлу дүниені ғана көруге ынтызар еді. Мінезін бажайласаң, өлеңі көрініп тұратын, өлеңін оқысаң, мінезі елестейтін сирек туындыгерлердің бірі Сағаң еді. Көзі тірісінде Сағаңа өлеңінің тым тәртіптілігі жөнінде пікір айтылды ма, жоқ па, білмеймін, мысалы, Жұматайға айтылғаны рас. «Жұматай Жақыпбаев өзінің тұрғыластары ғаламат ерліктер жасап, ғылыми-техникалық революция, тіпті, бүгінгі Бетбұрыс заманның тұтқасын ұстап отырғанда, қыз қуып, қымыз ішіп, көкпар тартып дегендей, жағасы жайлауда жүргенді ұнатыңқырайды» деп шенедік. Әрине, сол кезде КСРО деп аталатын ұлан-байтақ елдің билігін ұстауға Горбачев келіп, жариялылық деген сылтаумен үлкенді-кішіні түгел еліртіп жіберген шақта, мойындауымыз керек, бұл сынымыз орынды да сияқты еді. Дегенмен, Жұматай бәрібір ғылыми-техникалық революцияға атсалыспады, жүйрік мініп, тазы ерткен Жұматай күйінде қалды. Сағаң туралы да осыны айтар едік.
Жалпы, даланы жырлаудың үздік үлгілерін ұсынғандардың бірі Сағаң еді. Рас, қазақты өндірісті қалалар онша бауырға баса қоймаған, айталық, Қалихан Ысқақұлы: «...Бауман, Рахманинов, Софья Ковалевская, Бруно, Комсомол, тағы не... құдай-ау, әйтеуір Тастақтың көшелері де бөтен жұрттың еншісінде, тұрғындарының үштен бірі біз сияқты аборигендер: Сансызбай, Әнуарбек, Ізтай, Сәкен, Сағи, Тұманбай, Қадыр, Нәсір, Ахан, Тельман, Оспанхан, Ілия, Шәміл, Бекмырза, Жахан (Смақов), Қабдыкәрім, Қосжан, Өмірбек (Байділдаев), Бек (Совхозбек), Әбіқұл, ішінде мен де бар, мен білмейтін мұнан жүз есе көп, қойшы, әйтеуір, қазақтың қалам ұстаған зиялы деген жұртының 99,9 проценті қайын енесіндей қақпас мәтүшкелердің қапсырмасын паналап отырған шақта» деп куәлік еткен, осы тірлік одан кейін де ұзақ уақытқа жалғасқан кезеңде негізгі тақырыптардың бірі дала болмайтын жөні де жоқ еді-ау. Дегенмен, ертерек шаһар тұрғызып, өркениетті отырықшылыққа ертерек көшкен орыстар әдебиетінде қала мен деревня әдебиетінің аражігі ажыратылып болған кезде, біз әлі тұнық қайнардан дәм татып жүргенбіз. Өткен ғасырдың 60-80 жылдарындағы дала-ауыл образы соншама көркем сомдалып, сол тәтті әсерді әлі талмап жүрсек, сол заманды ешуақытта ұмытпайтын (әлбетте, сағынатын) болсақ, бұл, әрине, ішінде осы Сағаң да бар, қиырдағы даласын адал сүйген сол кезгі қаламгер буынның ересен ерлігі шығар-ақ.
«...Көктем зулап өтіп жатыр төбемнен,
Көкшіл булар көшіп жатыр белеңнен...
Белді буып,
бір жұлдызды бетке алып,
Бір сиқырлы жолға түсіп келем мен...».
Бір замандарда осы өлеңді ерекше бір жылы сезіммен қабылдадық. Көктем солай болуға тиіс еді. Ал қазір ше? Қазір де солай-ақ шығар. Бірақ қазір көкшіл булар мен сиқырлы жолдарды тап сол кездегідей сүйетіндер көп пе? Аса көп емес сияқты. Сонда да тым қатайып кеткен жүректеріміз осы жолдарды қайталап оқығанда қайтадан әлденеге атқақтай жөнелетіні несі екен?..
Жалпы, Сағаңның өлеңдерінде көктем басым пайызға ие екенін көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Суық қаһарын төкпейтін, бұлтты қабағын түймейтін, ылғи жадырап-жайнайтын, кіршіксіз, гүл-шешегі құлпырған дүние – Сағаңның басыбайлы стихиясы. Ақынның кітаптары «Дала гүлі», «Таң алдында», «Ақ самал», «Бозторғай», «Ақ толқын», «Қайырлы таң», «Іңкәр дүние», «Жарық жұлдыздар»... болып келетіні де сондықтан шығар. Егер таза табиғатты қайтадан сүйгіңіз келсе, шаһардағы түксиген көпқабатты үйдің балконы күн сайын ұсынатын жауыр көріністерден шаршасаңыз, Сағаңның өлеңдерін тағы бір оқып шыққаныңыз жөн.
Мына суреттерге үңілейік: «...Бір шөкім бұлтқа тіреліп, Сәулелер жерге тұр саулап» немесе «...Балапан бұлттар жүр жүзіп, Балбырап тұрған ауада» әйтпесе «Бөлініп қалған үйірінен, Қарайды жуас ақша бұлт»... Байқадыңыз ба, қай өлеңде де қамтылған деталь – бұлт және қандай бұлттар десеңші: сәулелерін саулатқан мейірімді бұлттар, балбыраған ауада жүзіп жүрген балапан бұлттар, үйірінен адасып қалған аңқау бұлттар...
Дегенмен, Сағаңның мөлдір сезім жыршысы екенін былай қойғанда, табиғаттың да бірыңғай сұлу шақтарына сүйсінуді мұрат тұтып өткен себебі неде екенін біз бәрібір түсіндіріп бере алмаймыз. Әйтпесе, мақаламыздың бас жағында айтып өткендей, Сағаң «халық жауының» баласы ретінде көрген түртпектері мен түңілулерінен соң талай нәрсені жек көріп, талай жұртқа кектеніп өсуі тиіс еді ғой. Оған ақынның «Жыл сайын – қырда гүл жүзіп, жайнаған кезде дүние, Кеудемді желге сүйгізіп, Келемін туған үйіме» деп басталатын өлеңіндегі оқиға да желеу бола алар еді. Елге келген ұл анасына бетінен сүйгізіп, шай үстінде оның сан алуан сауалдарына риза етерліктей жауаптар қайтарып отырады.
«...Айтамын бәрін қалдырмай, Жаққасын бұл жыр құлаққа. Ақыры – жауған жаңбырдай Таусылады әбден сұрақ та. Қызарып ыстық шайменен, Қадалып үнсіз отқа кеп, Қарайды бір кез жәйменен: «Әкеңнен хабар жоқ па?..» деп.
«...Жанымды менің шымшылап, Жауар бұлт құсап бүгін де, Жауапсыз қалған бір сұрақ, Жатады көңіл түбінде...».
Әрине, оңашада да бұл сұрақ талай мазалағаны дау туғызбас. Сағаңның «Жас кеттім, Жарқамысым, жалғыз кеттім» немесе «...Өмірге келгенім жоқ күйеу болып, Ол маған тегешімен төс бермеді» деп басталатын өлеңдер жазбауы мүмкін еместігі де осы еді ғой. Бірақ солай бола тұра ақын өзін жайсаңдар мен жақсылардың санатына қосқан, басқа ешкім де емес, тек өзі екенін тәптіштеп айтып, эгоизмге ұрынбайды. Қайта, мысалы, «...Жүргесін ел-жұрт елпектеп, Өстік қой ерке-бұлалау» деп ізеттілік көрсетеді немесе «...Жайлы жер іздеп кетті деп, Жазғыра көрме, қарттарым» деп ақсақалдарға иіледі әйтпесе «...Мен жығылып қала ма деп абайсыз, Туған далам келе жатты бірге ұшып» деп мерейлене марқаяды. Тағы да дарабоз Мұқағалиша қисындасақ, өлеңдегі сағилық әр, өң өмірдегі сағилық мінезбен ылғи осылайша ұштасып жатады.
Көрнекті ақынымыз Есенбай Дүйсенбайұлының «...Сағидай жырлау қайда деп, Сайрайды бозторғайлар да» деп аяқталатын әдемі өлеңі бар еді. Расында да, бозторғай үні естілсе, дала қайтіп жадырайтын болса, бозторғай үнді Сағаңның өлеңдері оқылса, көкіректер де солай нұрлана бермек.
Ертай АШЫҚБАЕВ,
ақын.
АҚТӨБЕ.