Бұл күндері...
Бұл күндері алыс-жақынның бәріне аяулы Алматы көшелері, ұлы думанды Алатау бөктері, түбі бір түркі жұртына түгел баба – Қожа Ахмет Ясауи жатқан Түркістан төңірегі, хас жүйріктердің тұяғы дүбірлеткен Дегерес алқабы әлемнің әр тарапынан қазақ иісін ала келген неше түрлі тақиялар, шошақ төбелі тымақтар, ақ құрымды қалпақтар, ақ жібек әсем жаулықтармен көктемгі гүлдей құлпырды, көк теңіздей толқыды. Меймандар болған тарихи жерлерде, автобус, вагон керуендері жылжыған жол бойларында қазақтың әсем ән-жыры әуелеп, күй-толғауы сан ғасырлық сағыныштай төгілді.
Бұл күндері әр қазақтың жадында тарих беттері қайта парақталды.
Бұл күндері зобалаң жылдары ұрпақ санасынан ұмыт бола бастаған елдік, ерлік дәстүрлер, алтыннан қымбат асыл салттар қайта жаңғырды.
Бұл күндері халқымыздың асыл қасиеттері: тілге, дінге, ділге деген құрмет жаңа бір биікке ұмтылды.
Бұл күндері мыңдаған қандастарымыз егеменді ел болған, жеке Байрақ желбіретіп, төл Елтаңбасын төрге ілген Қазақстан мемлекетінің мерейіне мың шүкір айтып, ертеңгі өміріне зор болашақ тіледі.
Бұл күндері құрылтайға қатысушылар Түркістан, Жезқазған, Ұлытау сияқты еліміздің ежелгі саяси-әлеуметтік, мәдени орталықтарында болып, атажұртымен қауышты.
Бұл күндері Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылып, бұл ұйымға ұлт өмірін жан-жақты зерттеп, қазақтардың әлеуметтік-экономикалық, мәдени, рухани тыныс-тіршілігіндегі мәселелерді шешу міндеттері жүктелді. Құрылтай шетелде жүрген қазақтарға олардың артында арқа сүйер іргелі елі барын танытты.
Әлем елдері мен қазақ халқына үндеу тасталды
Осы орайда жоғарыдағы тарихи басқосудың саяси маңызына тоқталар болсақ, құрылтайға қатысушылар ең әуелі, жер жүзі халықтарына, мемлекеттеріне және олардың үкіметтеріне, қазақ халқына үндеу жариялады.
Алғашқы үндеуде: «Біз, Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына қатысушылар, ата-бабамыздың көне жерінде тұңғыш рет жиыла отырып, қазақ халқының тағдыры, бүгінгі жағдайы мен келешегін ойлай келе және дүниежүзілік қоғамдастықтың назарын қазақтың мәселелеріне аударуды тілей отырып; уақыт пен келешек ұрпақ алдындағы терең жауапкершілікті сезіне отырып; ұлтаралық қатынастар саласында өзара түсінушілік, сергектік, ұстамдылықтың мейлінше қажеттігін түсіне отырып:
– халықаралық құқық пен адам құқығының дүниежүзілік Декларациясының нормаларына ұмтылуымызды растап, жер жүзіндегі барлық ұлт арасында бейбітшілік пен татулықты, өзара түсіністікті нығайтуға бар күшті жұмылдыруға шақырамыз. Қандай болмасын саяси-экономикалық немесе әлеуметтік мәселелерді шешуде ендігі жерде күш қолданылмайтын болсын. ХХІ ғасырда адамзат болмысында соғыс атаулыны болдырмаймыз десек, ұлтаралық жанжалдарды тоқтатудың, оларды бітіммен аяқтаудың жолдарын белсенділікпен іздестіріп табайық. Өз тарапынан 10 миллион қазақ ұлты бүкіл әлемді өзінің бейбітсүйгіш халық екендігіне, біртұтас демократиялық ұлттық мемлекет құру ісіне бекем бел байлағанына сендіреді» деп үн қатса, келесі кезектегі үндеуде: «Ғасырлар бойы отаршылық құрбаны болған, езіліп-жаншылған, әрқилы зұлматтарды бастан кешкен қазақ халқы азат болды. Қазақтың ұлттық мемлекеті – тәуелсіз Қазақстан Республикасы құрылды» дей отырып, төмендегі ақ тілектерді жолдады:
- Қазақтардың қолы жетпей жүрген ісі – ұлт бірлігі. Бұл – баршамыздың ерекше күш салатын басты мәселеміз. Болашақ ұрпақ алдындағы ұлан-ғайыр жауапкершілік бізді ұлттық мүддеге жаңаша мән беріп, «Бірлік түбі – тірлік», «Ырыс алды – ынтымақ» деген бабалардан қалған ұлағатты қағидаларды басшылыққа алуға міндеттейді.
- Мемлекетіміздің өмір сүруі – біздің бар мақсат-мүддеміздің, болашақ істеріміздің түп негізі. Қазақ елінің тұрақты бейбіт дамуы қамтамасыз етілмей, тәуелсіздігі баянды болмайды. Қазақстан ұлтаралық мәселелерді үйлесімді реттейтін құқылы мемлекет болуына, оның демократиялық сипатын өрістетуге, сөйтіп әлемдік өркениет қатарына енуін жеделдетуге әрқайсысымыз қолдан келер үлесімізді қосуға, аянбауға шақырамыз.
- Ұлттың рухани өмірі оның мәдениетін дамытып, өркендете білу қажет. Әсіресе сыртта жүрген үш миллионнан астам қазақтың тіл тұтастығын, рухани бірлігін сақтаудың бірден-бір жолы – қазақ тілі екенін естен шығармау керек.
- Империялық құлдық психологиясынан босап, тәлім-тәрбиелік мәні бар ұлттық қасиеттерді дамыту, дінді, тарихи сана-сезімді қалпына келтіру, адамгершілік пен имандылықты бәрінен жоғары қою қажет.
- Құрылтай өз жұмысын бастаған – 30 қыркүйек Ұлттық бірлік күні болып саналсын.
* * *
Бүгіндері жоғарыдағы үндеу-жолдауда айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелер өз шешімін тапты десек қателеспейміз. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылы жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып-жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен бұл көптеген халық үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз... Осы орайда дүние жүзіне тарыдай шашылған қазақ баласын атажұртқа шақырып, Ұлы көшке жол аштық. Соның нәтижесінде ел еңсесі тіктеліп, ұлттық рухымыз көтерілді» деген тұжырымы дәлел боларлық пайым.
Құрылтай күнделігі
24 қыркүйек.
Алматы әуежайы. Жергілікті сағат – таңғы 9.00.
Алматы көгін жаңғырта асқақтай әуелеген «Елім-ай» әні естіген жанның тұлабойын шымырлатады. Ақ күміс алып ұшақтан сақалы желбіреп, түскен бір қария жата қалып туған жердің топырағын сүйді. Бұл Түркиядан келген қазақтар еді. Бұларды Премьер-Министрдің орынбасары Мырзатай Жолдасбеков, Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Қалдарбек Найманбаев күтіп алса, әнші Бекболат Тілеухан домбырамен күмбірлетіп жыр төкті.
12.00. Меймандар «Алматы», «Қазақстан» қонақүйлеріне орналасты.
13.00. Үкімет мүшелері мен зиялы қауым өкілдері «Есік» мейрамханасында алғашқы қонақасы берді.
25 қыркүйек.
Иран Ислам Республикасы, АҚШ, Швеция, Ресей, Алтай өлкесі, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан елінен қазақтар келді.
10.30. Шетелден келген 103 қазақ Абылайды хан көтерген киелі мекен Жезқазған – Ұлытауды бетке алып ұшаққа отырды. Оларды Арқаның айтулы жыршысы Шымболат Ділдебаев толғау айтып қарсы алды. Қонақтар орталық мешітке ат басын бұрып, кешкісін С.Қожамқұлов атындағы облыстық музыкалық драма театрынан «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклін тамашалады. Ойын-сауықтан кейін жергілікті ақсақалдар меймандарды әр шаңыраққа бөліп әкетіп, ата дәстүрімен қазан көтерді.
26 қыркүйек.
10.00. «Қазақстан» мейманханасының бірінші қабатында Қазақстан Министрлер Кеңсесінің жауапты қызметкері Әлібек Асқаров, Қазақстан Жазушылар одағының өкілі Сұлтанәлі Балғабаев журналистерді жинап, құрылтай жайлы мағлұмат берді. Аталған жиын үстінде, Құрылтай жұмысын 300-ден астам журналист пен отандық һәм шетелдік 50-ден аса телерадиокомпания насихаттауға атсалысатыны жайлы айтылды.
27 қыркүйек.
Алматы қаласындағы Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесі (ВДНХ) алаңына әр облыстан келген киізүйлер бой көтеріп, «Ауыл» атты кешен меймандарды күтіп алуға сақадай сай тұрды. Бұл күні қонақтар қаланың көрікті жерлерін аралады.
28 қыркүйек.
Үкімет үйінде Премьер-Министрдің орынбасары М.Жолдасбеков кеңейтілген баспасөз конференциясын өткізді.
15.00. Республикалық Оқушылар сарайында өнер шеберлерінің қатысуымен концерт өтіп, жәрмеңке ұйымдастырылды.
18.00. Меймандар «Ауыл» кешеніне барып, көл-көсір дастарқаннан дәм татты.
29 қыркүйек.
Еуропа қазақтарын әкеле жатқан ұшақ таңғы 9.00-де Алматы әуежайына келіп қонды.
10.00 – 12.00. Құрылтай қонақтары «Медеу» мұз айдынын тамашалады. Одан кейін Жазушылар үйінде ұйымдастырылған қолөнер шеберлерінің көрмесіне барды. Түстен кейін Абай атындағы опера және балет театрында Құрылтай конференциясы басталды.
18.00. Республика сарайында елімізге танымал өнер шеберлерінің салтанатты концерті басталды.
30 қыркүйек.
9.30. Құрылтай конференциясы жалғасты. Мәжіліс соңы ақындар айтысына ұласты. Кешкілік Президент атынан қонақасы берілді.
13.00. Өзбекстан өкілдері барлық қазақ ағайындарға түстік ас берді.
1 қазан.
9.30 – 12.00. Сыртқы істер, Еңбек, Мәдениет, Халыққа білу беру министрліктері мен «Фараби» қоры, «Ықыласқайран» кәсіпорны, Жазушылар одағы қатарлы жерлерде кездесулер ұйымдастырылды.
13.00. Құрылтай қонақтары арнайы пойызбен Түркістанға жол тартты.
2 қазан.
07.30. Арнайы пойыз Түркістанға келді. Жергілікті басшылар мен халық меймандарды гүл шоқтарымен күтіп алды. Құрметті қонақтар Қожа Ахмет кешеніне, Арыстан баб мазарына, т.б. киелі орындарға зиярат етті. «Керуен сарайда» үлкен қонақасы берілді.
15.00. Қонақтар Алматыға аттанды. Ертеңінде Дегерес жылқы зауытында болып, ұлттық ат спорты ойындарын тамашалады.
3 қазан.
Республика сарайында Құрылтайдың аяқталу рәсімі өтті.
Саңлақтардың сара сөзі
Құрылтай күндері «Қазақтар: кеше, бүгін және ертең» деген тақырыпта ғылыми конференция өтті. Конференцияда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев «Құшағымыз бауырларға айқара ашық» деген тақырыпта баяндама жасап, онда қазақ халқының тағдыры, ата-баба мұрасы, тілі, бүкіл дүние жүзіндегі қазақтарды біртұтас ұлттық мемлекетіне біріктірудің құқықтық негіздері, т.б. мәселелер жөнінде терең толғамдар айтылды.
Осылай екі күнге созылған жиынның алғашқы күні арнайы дайындалған 10 адамның көлемді де, өте маңызды тарихи-танымдық баяндамалары тыңдалса, 38 қонақ қосымша уақытта өз ой-пікірлерін ортаға салыпты. Осылардың ішінде айтылған кейбір құнды ой-толғамның қысқаша мазмұнына тоқтала кетсек.
Манаш ҚОЗЫБАЕВ,
академик, тарихшы:
– Біз, қазақ – атаны, ананы пір тұтқан халықпыз. Сондықтан да біз тегімізді атадан, тілімізді анадан санаған халықпыз. Шығыс ақындарының бірі Мағжанның:
Асқар алып – ата затым сұрасаң,
Асқар дана – ана затын сұрасаң – деуі осыдан.
Қазақ елінің шалқайса шыңы бар, еңкейсе иен елі бар, қиянға шықса қасқайып қарсы тұрар сайыпқыран ері бар, ұлан-байтақ, қойны қазына жері бар. Ендеше оның көсегесі көгерген, еңсесі биік орда тігер кезі бұл. Тек жаратқан Алла жар болып, құт қонған, бақ дарыған, жарастығы асқан, дәулеті тасқан халықтың ерен еңбегі, таудай талабы, ғажайып жасампаз өнері өрге сүйреп, ел болуға жазсын! Қазақ елін сұқ көз, сумаңдаған сөзден, суық ойдан, қандыбалақ қолдан, кесе-көлденең пәледен, аяқ астындағы жаладан, қызарған көзі тек қана топыраққа тоятын алаяқтардың арамза әрекетінен, арандату қарекетінен Құдайым өзі сақтасын! Жортқанда жолымыз болсын, іске сәт қандас бауырлар!
Сұлтан САРТАЕВ,
заңгер, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері:
– Құрметті бауырлар, туыстар! Өздеріңізге белгілі, қазақтардың республикадағы жалпы саны 7.073 мың адам. Ал дүние жүзіндегі жалпы саны 10 миллион 560 мың болып отыр... Қазақ мемлекетінің территориясының көлемі 2 миллион 700 мың шаршы шақырым. Бұл дүние жүзіндегі жері ірі 9 мемлекеттің қатарында деген сөз...
Меніңше, Қазақ мемлекеті – тек Қазақстанда тұратын қазақтардың ғана мемлекеті емес, ол сонымен қатар дүние жүзіндегі қазақтардың ұлттық мемлекеті. Сондықтан да ол бүкіл дүние жүзіндегі қазақтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуі және қорғауы қажет.
Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ, Қазақстанның халық жазушысы:
– Көне гректерде «Ақылды адам басқалардың қатесінен, ақымақ адам – өзінің қатесінен сабақ алады» деген мақал бар. Басқалардың қателері көз алдымызда. Балаларымыз, келешегіміз бізден даналықты, парасаттылықты талап етеді. Мен бұл мәселе жөнінде Құрылтайдан өз пікірін айтуды сұрағым келеді. Сіздердің пікірлеріңіз – тарих бораны әлемнің әр тарабына таратып жіберген қазақтардың үні. Бұл үн халқымыздың құлағына шалынады...
Өзбекәлі ЖӘНІБЕКОВ,
«Арқас» өрбіту қорының президенті:
– Қадірлі замандастар! Бауырлар! Қайта құрыламыз деп жүріп, өзін-өзі қамшылағанның адам болмысындағы ащы табын көріп, тарихты көшіріп те, өшіріп те түзеу мүмкін емес екенін енді ғана түсіне бастаған қазіргі заманда иек асар жалғыз құдірет бар. Ол – уақыт тезінен өткен ата жолы, жалпыадамзаттық, ұлттық игі қасиеттер. Оларды игеру бізден Қазтуғанның, Асан Қайғының, Қаз дауысты Қазыбектің, Төле бидің, Ақтамбердінің, Майлықожаның, Ыбырайдың, Ұлы Абайдың пәлсапалық, педагогикалық, дүниетанымдық мұрасына тікелей бетбұрыс жасауды талап етеді. Біз бірлік, ерлік белгілері негізінде ақыл, қайрат, жігерді, парасаттылықты бірдей ұстасақ, қиыншылықтарды тез еңсереміз!
Әбдуәли ҚАЙДАРОВ,
«Қазақ тілі» қоғамының президенті:
– «Ана тілі азбасын, Атамекен тозбасын» десек, ағайын қара шаңырақтың астынан табылайық! Алыстағы ағайынның аңсары ауып, сағынышпен іздейтін атамекеніне келгендегі бір арманы – ана тілінің сәнді әуезін, ән-күйінің сиқырлы сазын есту ғой... Ұлы ақын Мағжан Жұмабаев:
«Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз бабам тілі
сен қалдың»,
– деп ата-бабамыздан асыл мұра болып қалған қазақ тілін марапаттай келіп, бүгінде жер жүзіне тарап кеткен ұрпақтарына рухани демеу болар ана тіліміздің құдіретті күшімен басын қосып, тұтастығын сақтауға болады:
«Жарық көрмей жатса да ұзақ,
кең тілім,
Таза терең, өткір, күшті, кең тілім,
Тарап кеткен
балаларыңды бауырыңа,
Ақ қолыңмен тарта аларсың
сен тілім»,
– деп өсиет айтқан еді. Осы өсиетті орындайтын тарихи сәт келген сияқты.
Халифа АЛТАЙ,
қазақтың қадірлі ақсақалы:
– Қадірлі туыстар, мына Жер шарының әр тарапынан келіп отырған отандастардың жанарында қуаныш сезілгенімен, ұзақ та машақатты көш жолдарында тартқан азаптарының өшпес іздерін де байқауға болады. Әрине, олар атамекенінен жер көксеп кетпеген. Ұлы империялардың тепкісінің салдарынан мәжбүр болып, бас сауғалап «қашқан – жаудан, көшкен жұрттан құтылар» деп, отанынан қол үзіп, «елімайлап» босып кеткен болатын. Біз де солардың қатарынанбыз...
* * *
Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ: бар қазақтың басын қосқан Құрылтайға қазақтың небір мықты ақындары жыр арнады. Мақала соңын солардың бірі Ербол Шаймерденовтің:
Көңіл толмай, жүрсек те,
кейде налып,
Тәубе дейік, ағайын тәубе дейік,
Бар қазағы әлемнің жиылыпты,
Басымыздан бақ нұры аума дейік.
Көңіл толмай жүрсек те,
кейде налып,
Алақайлар шаттығың осы анық,
Атамекен парызын өтеп жатыр,
Шет кеткенді шеруге қосып алып, – деген жырымен аяқтайық!