20 Мамыр, 2014

ЕЛБАСЫТАНУ – ЕЛТАНУ

999 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

7«Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян»  кітабы араб тілінде жарық көрді

Біріккен Араб Әмірліктері қа­зіргі таңда әлемдегі ең әлеуетті ел­дердің біріне айналғаны бар­шаға белгілі. Ел астанасы Әбу Дабиде не көп көрме көп, не көп фестиваль көп, не көп жарыс көп. Бәрі де халықаралық көрме­лер, халықаралық фестиваль­дер, халықаралық жарыстар. Тек мәдениетке, спортқа қатыс­ты­ларын айтқанның өзінде көркем фотография көрмесі, триатлон жарысы, өнер фестивалі, су спорты фестивалі, аңшылық пен ат спорты көрмесі, Гранд-при Формула-1 раллиі, түйелер фес­тивалі, Әбу Даби Арт бүгінгі өнер көрмесі, гольф чемпионаты деген сияқты бірінен бірі қызықты іс-шаралар жыл бойы жалғасады да жатады. Олардың бәріне бірдей министрдің өзі қатыса қоюы қиын. Оның үстіне Мәдениет, жас­тар ісі және қоғам дамуы ми­нистрі қызметіндегі шейх Нахаян бен Мубарак Аль Нахаян ел Президенті шейх Халифа бен Заид Аль Нахаянның туған бауыры болса, министр қатысатын іс-шараның бәсін өзіңіз бағалай беріңіз. Мәдениет, жастар ісі және қоғам дамуы министрі шейх Нахаян бен Мубарак Аль Нахаян Әбу Даби халықаралық кітап жәрмеңкесінің ашылу рәсіміне өзі келді. Сөрелеріне 600 мыңнан астам кітап өнімдері қойылған Ұлттық көрме орталығында дәл сол күні Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаяны туралы жазылған Махмұт Қасымбековтің «Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зидентінің өмірбаяны» деген атпен (түпнұсқадағы атауы – «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмір­­баян») арабша басылған кіта­бы­ның тұсаукесері өткізілді.

Біз Президент Кеңсесінің бас­тығы, саяси ғылымдар докторы Махмұт Қасымбековтің Елба­сы­мыз Президент Нұрсұлтан На­зар­баев туралы жазылған кітап­тарының шетелдердегі тұсау­ке­сер­леріне мұнан бұрын да қатыс­қанбыз. 2012 жылы Ыстамбұлдан, 2013 жылы Бейжіңнен жолданған материалдарда негізінен сол ел азаматтарының Қазақстан туралы, Елбасымыз туралы, Президент жайында жазылған кітап туралы пікірлері келтірілген. Бұл жолы да солай етпекпіз. «Сырт көз – сыншы» дейді халқымыз.

«Нұрсұлтан Назарбаев. Өмір­баян» аталатын кітап қолға алғаш тиген кезде сол сапарлардың біріндегі оқиға еске түскен. Елбасы жай­ында жазылған кітаптың түрік тіліндегі басылымының тұсау­кесерінде, сонау Ыстамбұлда айтыл­ған әңгіме еді ол. Түрік бауыр­ларымыздың бірі Қазақстан Президенті туралы еңбектің – Махмұт Қасымбеков кітабының соншалықты толымдылығына сүйсініс білдіре келіп, өткен ғасырдың сексенінші жылдарында өз елінің экономикалық реформаларын жаңа жағдайда, жаңа сипатта табысты бастап берген аса көрнекті тұлға – Тұр­ғыт Озал қызметінің кезінде дұ­рыс­тап хатқа түспей қалғанын, содан да көптеген құнды қырлары әлі күнге ашылмай жатқанын өкі­нішпен айтқан. Сол азамат: «Мұның бір себебі бізде ол кезде Махмұт Қасымбеков сияқ­ты адамның болмағандығы» деген еді. Қазақстан Респуб­ликасы сынды жас мемлекеттің қа­зір­ше қысқа ғана тәуелсіздік шежі­ресінің өзінде ел көшбас­шы­сының қадір-қасиетін білу, Елбасының әр қадамы, әр сөзі жаңа тарихтың парақтары еке­нін парасаттылықпен пайымдау анық байқалатынына разылық­тан шыққан сөз сол кездесуде қатысқан бізді де бір марқай­тып тастаған. Сондай мақта­ныш сезімін Бейжіңде де бастан кешкенбіз. Біріккен Араб Әмір­лік­терінде де дәл солай болды.

арабша китап

Сөз басында бұл кітаптың араб тілінде жарық көруіне осы­дан біраз бұрын Біріккен Араб Әмірліктерінде Қазақстан елші­сі болған, бүгінде Қазақстан Рес­пуб­ликасы Сыртқы істер минис­трлігінің жауапты хатшысы қызметіндегі ардақты азаматымыз Асқар Мусиновтің еткен еңбегін ерекше айтып алғымыз келеді. Асқар Ахметұлы елші кезінде кітапты арабшаға аударту жұмысын бастап, ұйымдастыру шаруаларының бірқатарын шешіп кеткен екен, қалған істің бәрін қазіргі елшіміз Қайрат Лама Шәріп жақсылап жеріне жеткізіпті.

Жоғарыда айтқанымыздай, біз бұл жолы да шетелде Елбасымыз туралы жарық көрген кітап жай­ын­­дағы пікірлерді негізінен сол ел­дің азаматтары берген бағаларға сүйе­ніп жеткізбекпіз. Өз тарапымыздан қосып айтарымыз мынау ғана.

Мемлекет басшысының ресми өмірбаянын түзу дәстүрі бүкіл әлем­ге тән. Өркениетті мем­лекет­тердің бәрінде де прези­денттер мен корольдердің, монархтардың, ел жетекшілерінің өмір жолы қандай да бір елеулі оқиға назардан қағыс қалмай­тындай тиянақтылықпен зерт­те­леді, әрқилы адамдардың әртүр­лі пайымдауларынан еле­ніп-екшеліп, күмән келтіріл­мейтін, дау туғызбайтын ақи­қаттар аршылып алынады да, бү­гінгі және келер ұрпақ ұдайы ұс­та­натындай бұлжымас ғұмыр­баян жазылып шығады. Әдетте авторлық ұжымның атсалысуы­мен, мемлекеттік және жеке архив­тердің бай қазынасын пайда­ланумен дүниеге келетін мұндай кітаптарға баяндалатын оқиғаларға эмоциялық баға беру, бәрін жіктеп-жіліктеп, барынша байыптап тастау тән болмайды. Ел басшысының жүріп өткен жолы мен атқарған қызметін ресми зерт­теудің жалпыға ортақ бұл талабы Махмұт Қасымбековтің «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмір­баян» кітабында жақсы сақталған.

DSC00613

Әбу Даби халықаралық кітап жәрмеңкесінің аясында өткізілген тұсаукесер рәсімінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Асқар Мусинов, Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісі Қайрат Лама Шәріп, осы жолдардың авторы сөз сөйледі.

Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев туралы араб ті­ліндегі кітаптың тұсаукесер рәсіміне қатысу мен үшін үлкен мәртебе болып табылады, деп бас­тады тұсаукесердегі сөзін «әл-Фажр» газетінің бас редакторы Шериф әл-Басел. Махмұт Қа­сымбековтің Қазақстан бас­шы­сының өмірбаяны туралы бұл кітабы даму мен өркендеуге ұмтылған жастар үшін маңызды еңбек деп санаймын. Еңбектен Қазақстан дамуының бас­ты кезеңдері туралы жан-жақ­ты әрі сенімді деректерді кез­дестіруге болады. Нұрсұлтан На­зар­баевтың өмірбаянын оқыған адам Президенттің күрес пен табысқа толы өмір жолымен таныса алады, яғни ешбір қолдаусыз, өз күші мен қабілетіне ғана сүйене отырып, ең биік шыңға көтерілген тұлғаны таниды. Кітапта Нұрсұлтан Назарбаевтың көптеген бастамалары туралы толық мәлімет келтірілген, оның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы шешімін ерекше атап өту керек. Аталған бастаманың әлемдік деңгейде маңызы үлкен екенін атап өткен жөн. Сонымен қатар, кітапта Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің жастарына арнап «Болашақ» бағдарламасын жүзеге асырғаны жөнінде мәліметтер бар. Осы бағдарлама аясында көптеген жастар шетелдегі ең беделді жоғары оқу орындарында білім алып, елдің дамуына елеулі үлес қосқанын да кітаптан біле аламыз. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің көреген саясатының арқасында Қазақстанды әлемдегі маңызды да беделді елдердің қатарына қоса білді. Өз басым Қазақстанда бірнеше мәрте болдым, барлық жетістіктерді көріп-білдім. Қысқа уақыт ішінде ұлы істерді тындырған тұлғаның өз отаны мен халқы үшін жасаған еңбегі өз бағасын алады деп сенемін, деп түйіндеді өз пікірін Шериф әл-Басел.

Махмұт Қасымбековтің бұл кітабы араб тілінде бір елде жарық көргенімен, оның бү­кіл араб әлеміне ортақ басылым екенін басын аша айтуды жөн көреміз. Сондықтан да, Әбу Дабидегі тұсаукесерге Сауд Ара­биясы Корольдігінің Ислам және вакуфтар істері министрлері конференциясының Бас хатшысы, Қазақстан туралы, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев туралы жүйелі жазып жүрген беделді қаламгерлердің бірі Мажид әт-Туркидің қатысуы өте орынды шықты. Кезінде оның Нұрсұлтан Назарбаев туралы араб тілінде «Қазақстандағы билік нұры» атты кітабы жарық көрген.

Мажид әт-Турки тұсау­ке­сердегі сөзінде өзінің кітабында Нұрсұлтан Назарбаевтың көптеген ізгі бастамалары туралы баяндап, араб әлеміндегі оқырмандарды Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық жетістіктерімен таныстырғанын алдымен айтып өтті. Осы ретте, Қазақстан Президентінің Ас­танада Әлемдік және дәс­түрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу туралы бастамасын ерекше атап өткім келеді, аталған жиын халықаралық қоғам­дастықта бейбітшілік пен келісімді нығайтуға үлкен үлес қосып отыр. Араб тілінде жарық көрген «Нұрсұлтан Назарбаев: Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің өмірбаяны» атты кітап арқылы оқырмандар Қазақстан басшысы және жалпы ел дамуы туралы құнды мәліметтер табады деп ойлаймын, деді ол.

Келесі тұсаукесер бес күннен кейін Дубайда, сондағы ел элитасы жиі бас қосатын беделді орын – Мәдениет сарайында өткізілді. Онда да Елбасымыз туралы Махмұт Қасымбеков еңбегінің араб жұртшылығының көңілінен шыққанына тағы көз жеткізе түстік. Бұл жолы да араб ағайындар ақтарыла сөйледі, Назарбаевтың мұсылман дүниесіндегі өте беделді ел басшысы ретіндегі абыройын асқақтата айтты. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Асқар Мусиновтің, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшіміз Қайрат Лама Шәріптің ойлы сөздерін дәл сол күндері сәтімен Дубайға бара қалып, тұсаукесердің хабарын сондағы қазақтардан (айтқандай, Дубайда қазақ дегеніңіз қаптап жүр, сол қаладан үй-жай сатып алып, талай жылдан бері тұрып жатқандары да жеткілікті) естіп жеткен танымал тұлға, Елбасының сонау бала жігіт шағынан бергі досы Мақсұт Нәрікбаевтің естелік әңгімесі әдемі әрлей түсті. Мақсұт Сұлтанұлының өз сөзін Президенттің ел басшысы ретіндегі қымбат қырларынан гөрі достыққа адал, жолдастыққа берік азамат ретіндегі адамдық қасиеттеріне көбірек бейімдеп құрғаны, жарты ғасырдан астам уақыт бойы сол бала жігіт кезіндегі достарымен сыйластығын сақтап келе жатқанын дәмді мысалдармен айтқаны әсерлі шықты.

Тұсаукесерде сөз сөйлеген Ду­бай мәдениет және өнер қауым­дастығының атқарушы дирек­торы Саид Мұхаммед аль-Набу­да кітаптан алған әсері Қазақ­стан жайындағы таным-түсіні­гін толықтыра түскенін, Елбасы­мыздың ел еңсесін биіктету жолын­дағы жемісті жұмысының ба­ға­сын толықтыратынын риза­шы­л­ықпен жеткізді.

Махмұт досымыздың саясаткер ретіндегі, ғалым ретіндегі, қаламгер ретіндегі талассыз табысы болып табылатын бұл еңбек жөніндегі ойларымызды біз де ортаға салдық.

Орысшадан арабшаға аударушы және Қазақстан жөніндегі белді маман ретінде танымал Имад Махмуд Тахинех  кеңінен көсіле сөйледі. Бұл сөзді қазақ оқырмандарына барынша толығырақ жеткізген жөн деп ойлаймыз.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы ой-пікірлерімді білдіруге мүмкіндік берілгеніне өте қуаныштымын», деп бастады ол өз сөзін. Тұсаукесердің таныстыру материалдарында ұлы лидердің өмір жолы туралы жан-жақты ақпарат берілген. «Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің өмірбаяны» деп аталған іргелі еңбекте Нұрсұлтан Назарбаев өмірінің санқырлы сәттері егжей-тегжейлі әрі әсерлі баяндалған.

Сөз жоқ, Назарбаев бүгінгі заманның көрнекті әлемдік ли­дерлерінің бірі болып табылады. Ол өзінің өмірі мен күш-жігерін Отанының жаһан картасында лайықты орын алуына жұмсады...

Осы заманның тарихында аз ғана уақыттың ішінде өз елінің жағдайын нашарлатып, тіпті түбіне жеткен басшылардың аттары аз емес, сонымен бірге тарих беттерін өз елін жасампаздықтың, прогресс пен өркендеудің кең айдынына алып шыға алған лидерлердің есімдері жайнатып тұратын сәттер де аз емес.

Менің сана-сезімімде Қазақ­стан­ның тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың бет-бейнесі соншалықты айшықталып қалған, өйткені соңғы бес жылдың ішінде Қазақстан Республикасының араб елдеріндегі елшіліктері мен консулдықтары үшін орысшадан арабшаға аударма жасаумен келемін. Осы кезеңде Қазақстан туралы пайым-білігім барынша тереңдей түсті. Мен Қазақстанның тарихи тұрғыдан өте қысқа мерзім ішінде әлемдік аренадағы бас­ты әрі белсенді ойыншылардың біріне айналғанын айқын аңғара алдым.

Аудармашылық қызметімде мен Президент Назарбаев пен бір­қатар араб елдері лидер­лерінің арасындағы жолдау­хат ал­ма­­суларды, сондай-ақ Қазақ­стан басшысының халыққа бірне­ше жылма-жылғы Жолдау­ларын тәржімеледім. Сол аудар­маларым­ның арасында «Балалық шағым­ның аспаны» фильмінің мәті­нін арабшалауымның орны бөлек­ше, өйткені осы арқылы мен ұлы лидердің жеке басының қасиет­терімен жете таныса алдым.

Мен мына әлемде елдің аты оның лидерінің атымен астасып кеткен жалғыз ғана мысал бар екеніне көз жеткіздім. Қазақстан – Назарбаев. Лидердің сөзі Отаны үшін стратегияға айналуы өте қисынды.

Нұрсұлтан Назарбаев тұл­ға­сының мұншалықты көңіл бөлуге лайықты екендігі неліктен?

Тарихқа көз жүгіртіп кө­рей­ікші...

Кеңес Одағы ыдырасымен оның қолшатырының астында ХХ ғасыр бойында өмір сүріп, идеологиясымен тыныстап келген елдер бұрынғы одақтың ауыр саяси, идеологиялық, әлеуметтік және экономикалық салдарларының салмағынан құтылудың жолдарын іздеді, сондай-ақ өз бірдейлігінің ұлттық және идеологиялық ерекшеліктерін айқындауға ұмтылды. Ол елдердің кейбіреулері әлі күнге дейін өз жолын іздеудегі түсінбестіктер мен адасушылықтардан зардап шегуде, этностық және өңірлік жанжалдардың улы тырнақтары олардың тәніне жазылмас жара салуда. Басқа бір елдер кеңестік кезеңдегіден озып тұрғаны шамалы тәуелділікті таңдады. Тек Қазақстан Республикасы ға­на өз таңдауында бірегей бола білді – болашаққа жолды қалып­тас­тыруда тәуелсіздіктен таймады.

Шамалған жақтағы Үшқоңыр жайлауында, жер мен аспан тап-таза бұлттар арқылы астасып жататын тау шыңында дүниеге келген ұлы тұлғаның алысты көздейтін қасиеті болмағанда Қазақстанның тарихи таңдауы жүзеге аспайтын арман күйінде қала берер еді... Мына жайды айта кетейін: ол туған шілденің жазғы күнінде тауға қар түсіп, беткейде жаңбыр жауған екен. Қазақтар мұндай құбылысты «нұр жауды» деп атайды (Имад Махмуд Тахинех «нұр жауды» деген сөзді осылайша, қазақша айтты – С.А.).

Нұрсұлтан Назарбаев туған асу асқар оның сана-сезімінде биіктікке... жақсылыққа қарай самғай ұшумен астасып жатқан еді. Қазақстанның тұңғыш Президенті болған соң оның қияға қалықтау арманы нақтылыққа айналды, ол арман бүгінде Қазақстан мақтан ететін таңқаларлық жетістіктер мен табыстарға ұласты...

Назарбаевтың даналығы кей­бір жағдайларда адам қиялының аума­ғынан асып кететін батыл­дықпен үйлесімді қабысып жатады... Оның батылдығы қазіргі таңда Қазақстанның даңқы мен ілгерілеуінің арқауын жасап жатқан тарихи бастамалар мен шешімдерден көрінеді.

Оның 1991 жылдың 29 тамызында қол қойған Семей ядролық сынақ полигонын жабу және әлемдегі ең негізгі ядролық арсеналдардың бірінен өз еркімен бас тарту туралы № 409-шы батыл Жарлығы ядролық қаруды таратуға қарсы бүкіл әлемдік қозғалысты қолдау ісіне үлкен ықпал жасады. Қазақстанның осы кесімді қадамы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 2009 жылғы 2 желтоқсанда №64/35 қарар қабылдап, 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялауына негіз болды. Сөйтіп, Қазақстан ядролық қаруды таратуға қарсы әлемдік қозғалыстың лидеріне айналды.

Назарбаевтың келесі батыл қадамы – 1992 жылы Азиядағы өзара ынтымақтастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес шақыру жөніндегі ұсынысы. АӨСШК-нің бірінші саммиті 2002 жылы Қазақстанда өткізілді. АӨСШК бүгінгі таңда халқының жалпы саны үш миллиард адамнан асып кететін Азия елдерінің басым көпшілігінің ынтымақтастыққа, бейбітшілік пен қауіпсіздікке ұмтылған күш-жігерін біріктіріп отыр.

2003 жылы Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың баста­ма­шыл­дығымен алғаш рет шақырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі – әлемдік дін­дер өкілдерінің өзінше бір жүйелі бас қосып тұратын үн­­қа­тысу алаңы.

Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың тағы бір батыл идеясы – Қазақстанның жаңа, осы заманғы астанасын орнатуы. Астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру жөніндегі шешімді Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі 1994 жылғы 6 шілдеде қабылдаған. 1998 жылғы 6 мамырда Президент Жарлығымен Ақмола қаласы Астана болып аталды. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 мау­сымда өткізілді. Астана бүгінгі таңда әлемдегі ең осы заманғы және ең жедел дамушы астаналардың бірі, қала өзінің жоспарлануымен, ғимараттарымен, ескерткіштерімен мақтана алады, олардың көбінің бастамашысы ел лидері болып табылады.

Нұрсұлтан Назарбаев ел бас­шысы ретінде өзінің берік сенім­деріне арқа сүйейді. Ол жауап­кершіліктен күш-қуатты, сан түрліліктен бірлікті, келісімнен еркіндікті, игіліктен қасиетті, ашық­тықтан қауіпсіздікті, әріптестіктен тәуел­сіздікті, бү­гін­гі күннен болашақты көре біледі.

Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың әмбебап саяси-эконо­микалық көзқарасының арқасында Қазақстан Республикасы әлемнің талай елдері зардап шегіп жатқан көптеген қиындықтарға ұрынбай өтті. Қазақстан өз қоғамымен бірге прогресс жолымен сенімді әрі тұрақты түрде алға басып келеді. Бұл қоғамда әртүрлі этностық топтардың арасында тыныштық пен келісім жарасым құрып тұр, бұл қоғамда ең ауыр әлемдік дағдарыстарға қарсы тұра алатын әртараптандырылған экономика бар, бұл қоғамда Дүниенің төрт бұрышына бірдей ашық көп векторлы дипломатия бар.

Имад Махмуд Тахинех осылай деді. Бұл сөздерді ол бастан-аяқ қолындағы қағаздан оқып берді. Жалпы, араб ағайындар сөз­ге өте шешен келеді, қай-қай­сысы да қолына микрофон тиісі­мен  мақамды үнімен ағытыла жө­неледі. Осы ойларын ол қағазға қара­май-ақ жатық тілмен жосыл­тып шығара аларына біз де күмән­данбаймыз. Имад Махмуд Тахи­нехтің Нұрсұлтан Назарбаев туралы кітап жөнінде сөйлейтін сөзін алдын ала қағазға жазып ке­луі оның біздің Елбасымызға бө­лек­ше құрметінің келісті көрі­нісі, маңызды тақырыпқа арнал­ған кітапқа пікір білдірудің жауап­кер­шілігін сергек сезінуі деп білдік.

Біздің Біріккен Араб Әмір­лік­теріне бұл жолғы іссапарымыз тек осы екі тұсаукесермен шек­теліп қалған жоқ. Елдегі ең көп таралымды басылым «әл-Ит­тихад» газетінің бас редакторы Мұхаммед әл-Хамадимен кездесіп, сұхбаттастық, Әбу Дабиде Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық Ме­диа Кеңесінің Бас директоры (қызмет реті біздегі Байланыс жә­не ақпарат агенттігінің төраға­сы деңгейінде) Ибрахим әл-Абед­тің, Дубайда «ТЕСОМ Media Cluster» медиа компаниясының бас директоры Мұхаммед Абдалланың қабыл­дауында болдық. Оларда да Пре­зидент туралы Махмұт Қасым­беков кітабының қадір-қасиеті ауық-ауық айтылып отырды.

Тұсаукесерлерден,  кездесулерден түйген ең басты ойымыз – Елбасытанудың елтанымның енші бөлінбес бөлігі ретінде орныға бастағандығы, бұл жұмыстың енді халықаралық ауқымға ауысқандығы. Ер жолы – ел жолы. Әлем Нұрсұлтан Назарбаевтың өміріне барынша қаныққан сайын, оның тағдырына қатысты нақты мәліметтерді көбірек білген сайын Қазақстанның кешегісін, бүгінгісін, болашағын бұрынғыдан байыптырақ бағамдай түседі, біздің еліміздің болмыс-бітімін біліп, жиырма жылдан жаңа асқан тәуелсіздік тарихының қадір-қасиетіне қаныға түседі, мұның өзі еліміздің халықаралық аренадағы абыройын асқақтатады. Араб ағайындарша айтсақ, иншалла!

Сауытбек АБДРАХМАНОВ.

Астана–Әбу Даби– Дубай–Астана.