«Біріншілік мен үшін сәтті өтуде. Алғашқы екі ойынға онша күш жұмсаған жоқпын. Енді ширек финалда ұтсам, ар жағында екі-ақ кездесу қалады. Қазақстан чемпионына алтын медаль мен ақшалай сыйақы, сондай-ақ елімізде алғаш рет өткелі отырған Astana Open АТР 500 додасының іріктеу сайыстарына жолдама беріледі. Әрине, мұндай жоғары деңгейдегі теннис тойының өтуі – үлкен мәртебе. Жанкүйерлер, әсіресе, балалар Новак Джокович, Карлос Алькарас, Даниил Медведев, Стефанос Циципас, Андрей Рублев, Янник Синнер сынды атақты ойыншылардың өнерін жақыннан тамашалайды. Мен бұрын АТР 500 немесе 250 жарыстарына қатысып көрмеген едім. Сондықтан бұдан тыс қалмауға бар күшімді саламын», деді 21 жастағы теннисші.
Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметіндегілер Ақтау теннис мектебінің түлегі челленджер турнирлерінде биыл тәуір нәтиже көрсетіп жүргенін айтады. Мәселен, Ыстанбұлдағы турнирде ширек финалға дейін жеткенін ұмыта қойған жоқпыз. Ал елордада өткен Presidents Cup және Таиландта өткен турнирлерде жартылай финалда ойнады.
Айта кетейік, Бейбіт Жукаев әлемдік рейтингте 326-сатыда тұр.