Руханият • 28 Қыркүйек, 2022

«Басың – бұлбұл, аяғың – дүлдүлім-ай...»

677 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Шоқан Уәлиханов қазақ халық поэзиясының түрлері туралы жазбасында дәстүрлі жыр, жоқтау өлең, қайым өлең, қара өлеңнен кейін пайда болған жаңа өлең жайлы: «Бұл түр қазіргі кезде жаңашыл ақындардың барлығының тарапынан суырып салма өлеңдерге де, поэмаларға да, әсіресе Орынбай өлеңдеріне қатысты көбірек айтылады. Өлеңнің жаңа түрін қарауылдан шыққан Орынбай, атығайдан шыққан Шөже ақындар насихаттап, салт-санаға дарытушылар болды», деп жазған екен.

«Басың – бұлбұл, аяғың – дүлдүлім-ай...»

1991 жылы жарық көрген «Қазақ КСР энциклопедиясында» қазақ поэзиясына жаңашылдық әкелген әйгілі ақын Орынбай Бертағыұлының кейбір өлеңдері мен жыр-толғауларын жинаған А.Янушкевич, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, Я.Лютш, С.Сейфуллин оның шығармашылығына жоғары баға бергені жазылған.

Ал қазіргі Уикипедия ашық энциклопедиясында: «Орынбай Бертағыұлы (1813, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Көлдей елі, Дәуқара ауылы – 1891, Аягөз) – айтыскер ақын, жырау, әнші, сазгер. Ел ішінде Қарауыл Орынбай ақын деген атпен мәлім. Әкесі Байқожа, арғы атасы Бертағы ақын, жыршы болған. 13-14 жасынан өлең шығарған. Шығармаларында өз дәуіріндегі әлеуметтік мәселелерге үн қосып, болыс, аға сұлтан сайлауындағы әділетсіздікті әшкереледі. Жырларында билік басына қалталылардың келіп жатқанын ашық айтты («Бір жан жоқ болыстыққа талас емес»), бақ-дәулеттің өткіншілігін жырлады («Тұлпар бар ма тұяғы майырылмаған», «Өлген соң бай мен жарлы мал демейді», т.б.). Сондай-ақ «Адамның жаратылуы туралы», «Қырық парыз», «Бұл дәурен тұрар ма екен сіздерге ұдай», «Жүз жұлдыз» атты толғаулары діни танымда жырланған. Орынбайдың «Жазы биге», «Шоң биге айтқаны», «Алсай Құрақбайға айтқаны» секілді арнаулары бар. Ол Ш.Уәлиханов өмірден қайтқанда көңіл айтып, өлең шығарған. Ол өз тұсында Жанақ, Балта, Шөже, Тоғжан, Серәліқожа, Арыстанбай, Шортанбай, Сақау, Қожабек, Кемпірбай, Тезекбай, Өтеулі, Дана, Байкөкше, Нұркей, Ақан Сері, Құлтума, т.б. ақындармен айтысқан. Поляк саяхатшысы А.Янушкевич Орынбайдың Жанақ ақынмен Аягөзде өткен айтысын таңданыспен суреттесе (1846), тегеу­рінді дарын иесін Шал ақын «Ақындардың төресі» деп атаған. «Орынбай ақынның Ерден батыр­ды мақтаған сөзі» Ы.Алтынсарин құрастырған «Киргизская хрестоматия» (1879) оқулығында жа­рияланды. Ш.Уәлиханов «Қазақ халықтық поэ­зиясының түрлері туралы» деген зерттеуінде ақын өлеңдерінің құрылымын, жүйесін талда­ды. В.В.Радлов (1870), Я.Я.Лютш (1888), С.Сейфуллин (1931), С. Мұқанов, Е. Ысмайылов, т. б. зерттеушілер шығармаларын жоғары бағалап, жинап, жариялаған.

Ақынның әлі баспа бетін көрмеген («Абай­діл­даға», «Төрде отырған төрелер», «Тұрлыбек­ке», «Түбек­пен кездескенде», т.б.) өлең-толғаулары Ұлт­тық кітапхана қорында сақтаулы. Орынбай ақын Өзбекстан, Иран елдерінде діни сопылық білім алған және Шоқан Уәлихановтың Сырымбет қыстауында Шыңғыс және Айғанымның отбасыларының кеңес­шісі болған», деп жазылыпты.

Кеңес заманында діншілдігі үшін онша дәріп­телмеген Орынбай ақынның шығармашылық мұра­сын еліміздің тәуелсіздігі жылдарында жинап, наси­хаттауға елеулі еңбек сіңірген – филология ғы­лым­д­арының кандидаты Нұртас Ахатұлы. Ол 2001 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының республикалық баспа каби­неті арқылы жоғары оқу орындарының филоло­гия факультеттері мен гуманитарлық колледждер сту­­­денттеріне, жалпы білім беретін мектеп мұға­лім­­дері мен жоғары сынып оқушыларына арнал­ған «Орынбай ақынның әдеби мұрасы» атты оқу құралын шығарды. Онда қазақ әдебиетінің көр­некті өкілі, жыр дүлдүлі Орынбайдың өмірі мен шығар­машылығы жан-жақты талданған. Әри­не, аталған оқу құралында ақынның бірқатар шығар­масы жа­рияланғанымен, кейбір айтыстары мен өлеңдері енбей қалған.

Енді Орынбай Бертағыұлының ақындық дары­ны­ның айрықшылығын, діни-пәлсапалық білімі­нің те­рең­­дігін, азаматтық ұстанымының биіктігін айғақ­­­тайтын жекелеген шығармаларына назар аударалық.

Орынбай ақын шығармашылығын өмір бойы насихаттап өткен белгілі ақын, жыршы, айтыс­кер, журналист Жұмабай Есекеев «Айыртау арыс­тары» кітабында: «Орынбайдың өз әкесі Байғожа бала­сының сауатын ашып, оқыту үшін Қызыл­жар медресесіне оқуға береді. Мұсылмандық ескі оқу­мен көзін ашқан Орынбай зеректігімен, алғыр­лығымен көп нәрсенің байыбына енді тереңдей бара­тын халге жетеді. Бойына біткен табиғи дарын жас Орынбайды өз ортасында даралап көр­сетеді. Орекең жас күнінен-ақ тілі ащы, орынды жерде орып түсетін уытты болған. Өзімен сөзге келіп, керісіп қалған Қызылжар мешітінің имамы Орынбайға: «Сен мына тіліңмен о дүниеде тамұқ отына күйесің. Тамұқтың не екенін білесің бе осы сен?», дегенде Орынбай іркілместен:

Тамұқты сонша терең еткен дейді,

Ауыздан бір тас түсіп кеткен дейді.

Зырылдап сол түскен тас тап түбіне

Екі жүз елу жылда жеткен дейді.

Тамұқтың, міне, осындай құдығы бар,

Әркімнің мұнда істеген қылығы бар.

Күнәлі пенделерді ұстап салар,

Алланың кереметтей құрығы бар.

Ішінде сол құдықтың жыланы бар,

Көрсетер күнәліге ылаңы бар.

Адалдық, тағлым, өнер үйретпесе,

Құлайтын мына сіздей имамы бар.

Тамұққа саудагерлер түсед дейді,

Әркімді алдап-арбап жиғаны бар.

Қайырсыз дәулет баққан байлар түсед,

Істеген тәкаппарсып зияны бар,

– дейді. Осылай өмірге өлеңдетіп енген Орынбай ақын жиырма жасқа жетпей-ақ елге танылып қалған өзге ақындармен сөз жарыстырып, айтысқа түскен. Мысалы, атығайдан шыққан ағасы, кезінде Шоқан жоғары бағалаған Арыстанбаймен айтысқанында оның жасы небәрі жиырмада еді. Сөйтіп, жиырма жасында елдің жұрт сыйлаған ақыны ғана емес, ақыл-кеңес беретін биі де атануы тегін болмаса керек», деп әңгімелейді.

«Ақынның ашына айтқан:

Бастан бұлт кетпейді күн жайланып,

Сақау озды шешеннен тіл байланып.

Тұлпардан есек озып, бәйге алып жүр,

Бұл күнде заман кеткен теріс айналып.

Бұрынғы өткен істі қуғаны жоқ,

Болмас іске белдерін буғаны жоқ.

Ақылы Аплотондай болса-дағы,

Бұл күнде болыс болмас туғаны жоқ.

Асқар таудың айбыны қарыменен,

Өзен көркін көреміз жарыменен.

Әркім үкі тағады ботасына,

Ісі бар ма біреудің нарыменен?

Есті кісі есермен ойнамайды,

Бойы қысқа тереңге бойламайды.

Ақша берген кісіні болыс сайлап,

Елубасы ел қамын ойламайды,

– деген сөздері оның жүрегінен замана запыраны болып шығып, әділдіктің ақ семсерін аңсаған назасына айналады. Дәуірінің саяси-әлеуметтік әділетсіздіктері мен қайшылықтарына куә болған ақын олардың қорқаулығын, парақорлығын, надандығын, екіжүзділігін әшкерелейді. Өмірін ат үстінде өткізіп, халқына өнерін сыйлаған ақын қазақ даласының қай түкпіріне барса да өнердегі өзі таңдап алған шынайы бағытынан айнымаған. Өмірдегі кредосы – қазақ өнерін дамытуды соңғы демі біткенге дейін парыз санаған ақынның осы бағыттағы шығармашылығын XIX ғасырдағы ақындардың ірі тұлғалары Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы сияқты шайырлармен теңестіруге әбден болады», дейді орынбайтанушы ғалым Нұртас Ахатұлы.

Орынбай ақынның «Шоқан қайтыс болғанда Шыңғыс пен Зейнепке айтқан көңілі» өлеңі – қазақ әдебиетіндегі қазаны естірту, көңіл айту өлеңдерінің ішіндегі шоқтығы биік шығарма саналады. Оны белгілі көкшетаулық әнші-ақындар Жарман Рахимов пен Жұмабай Есекеев өз мақамын сақтап, домбырамен айтқанда тыңдаған адамның сай-сүйегін сырқыратушы еді:

Уа, Шыңғыс, Зейнеп ханым, көтер басты,

Қай қазақ ой ойлаған сенен асты.

Баласы жеті момын келіп тұрмыз,

Күңіреніп, босағаңа төгіп жасты.

Тарихтан талай адам көрген едік,

Қызықты нелер дәурен сүрген едік.

Жасымыз мұнша жасқа келгенінше,

Шоқандай науша жасты көрмеп едік.

Қыршын жас, қайран Шоқан өткен бүгін,

Күйзелтіп елі-жұртын кеткен бүгін.

Жалғанда болмайды екен дертке дауа,

Фәниден ем таба алмай, өткен бүгін.

Әуелден солай жазса не істейсің,

Бұйырса тағдыр қалай бас имейсің.

Халқына қамқор болған жас ғалымның,

Қалайша қазасына күйзелмейсің.

Дүниеден кедей де өткен, сұлтан да өткен,

Шәрбатын бұл өлімнің әркім күткен.

Қоймайды ажал сені жығылсаң да,

Аплотон ғалым дағы қайда кеткен.

Ақыры бұл нәубеттің көпке жетіп,

Ғұлама білгіштердің бәрі кеткен.

Дүниядан өтіп кетіп қайран Шоқан,

Бүгінде сол қасірет саған жеткен.

Аспандағы аққуға үнін қосқан Арқаның ардагері Ақан сері Орынбайды ұстаз тұтып:

Ассалаумағалейкум, Орекем-ай!

Бір өзің мың кісілік берекем-ай.

Кешегі Шыңғыс сұлтан заманында,

Сайран ғып жүре-тұғын мерекем-ай.

Сіздерге біздей іні жар болармыз,

Қалайша кемеңгермен пар болармыз?

Басың – бұлбұл, аяғың – дүлдүлім-ай,

Өзіңе әлі-ақ бір күн зар болармыз,

– деген екен. Сөйткен ел ардағы, ақиық ақын ­аруағы алдындағы асыл парызымызды біз, бүгінгі ұр­­пақ, түгелдей өтей алдық па? Орынбай Бертағыұлы есі­­мін мәңгі есте қалдыру мақсатында оған Аста­надан және Көкшетау қаласынан көше атауын неге бермеске? Ақын туып-өскен Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Дәуқара ауы­лы­ның орта мектебін де Орынбай ақын атымен неге атамасқа? Әр жинақта шашылып жүрген, сондай-ақ кітапханалар мен архивтердің қорларында сақ­талған Орынбай ақын шығармаларын іздеп, жи­настырып, толық жинақ етіп неге шығармасқа?