Медицина • 28 Қыркүйек, 2022

Екпенің құтысын алмастырып алған

396 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбедегі «Рауан» тұрғын үй алабында орналасқан №74 орта мектептің 1-сыныбында оқитын 42 балаға мектеп медбикесі манту орнына шатастырып БЦЖ екпесін салып жіберген. Оқиға 13 қыркүйекте болған. Содан екі апта өткеннен кейін балалардың дене қызуы түспей, иықтары ісіп, қызарып, іріңдеген соң ата-аналар мектеп дәрігеріне келген.

Екпенің құтысын алмастырып алған

Осыдан кейін ғана мантудың орнына балаларға туберкулез­ге қарсы БЦЖ екпесін салып жібергені белгілі болған. Қа­те­лік жасаған қызметкерлер балалардың ата-аналарына шу көтермеуді сұрап, іріңдеген қолдарын таңып берген. Со­ған қарамастан ата-аналар об­­лыс­тық денсаулық сақтау бас­қармасына шағымданды. Об­лыс­тық прокуратура қыл­мыстық іс қозғады.

Ақтөбе облысында болған жағдай бойынша облыстық денсаулық сақтау бас­қармасы түсінік берді. Басқарма басшысы Рүстем Исаевтың хабарлауынша, қазір осы өрес­кел қателік бойынша құ­ра­мына санитарлық-эпи­де­мио­логиялық қызмет, педиатр, иммунолог дәрігерлер кіретін комиссия құрылды. Одан өзге облыстық білім басқармасы Медициналық қызметті ба­қылау комитетіне шағым тү­сірді. Бұл жақтан да тәуелсіз сарапшылар мен ата-аналар комиссиямен бірге жұ­мысын бастады.

«13 қыркүйекте №74 мек­тептің 1-сыныбында оқитын 61 балаға жоспарға сәйкес манту жа­салуы керек еді. Манту – диаг­­ностика, БЦЖ ревакцинасы са­лынбас бұрын бала ағзасында туберкулез таяқшасының бар-жоғын анықтайды. Бұл жолы сол сыныптағы 11 баланың ата-анасы екпеге рұқсатын бермейді, балалар дәрігері 8 оқушыны тағы босатады. Алайда медбике процедуралық бөлмеде манту мен БЦЖ құтыларын шатастырып алған. Мантудың құтысы кішкентай, ішінде сұйықтығы бар, ал БЦЖ ұнтақ түрінде болады да, оны егу алдында араластырады. Мантудың орнына БЦЖ салғаны балалардың қолдары ісіп кеткеннен кейін 15 күнде белгілі болды», деді об­лыстық денсаулық сақтау бас­қармасының басшысы Рүстем Исаев.

Қаладағы №74 мектеп оқу­­­шыларына медициналық қыз­­мет көрсетуді «Медикус-центр» орталығы жүзеге асы­­рады. Осы мекеме 2022 жылға жергілікті бюджеттен 600 млн теңге мемлекеттік тап­сырыс алған. Мантудың ор­нына туберкулезге қарсы екпе салынған балалардың жағ­дайын қазір дәрігерлер жіті бақылап отыр. Бір жарым айдан соң жағдайы қалыпқа түседі дейді. «Әлсіз туберкулез штамынан жасалатын БЦЖ екпесі өкпе дертін қозғамайды, керісінше туберкулезге иммунитет қалыптастырады. Өз жұ­мысына салғырт қараған ба­лалар дәрігері мен мектеп мед­би­кесі жұмыстарынан босатылды», деді денсаулық сақтау бас­қар­масының басшысы.

Өрескел қателік жіберген бала дәрігерінің 34 жыл ең­бек өтілі болса, құтыларды шатас­тыр­ған медбике 10 жылдан астам өз саласында еңбек етіп келген, осы мектепке келгеніне үш жыл болған. Қазір зардап шеккен оқушылар құнарлы та­мақпен қамтамасыз етіліп, дәрумендер берілді. 42 баланың ағзасы бір жарым айдан соң қалыпқа келеді деп болжам жасап отыр дәрігерлер. Осы жылдың соңында №74 мектеп «Медикус-центр» жеке ем­ханасының қарауынан алы­нып, Қарғалы қалалық ауру­ханасының қарамағына кө­шіріле­ді.

 

Ақтөбе облысы