Қазақстан • 30 Қыркүйек, 2022

Цифрлық стратегия – өндіріс өзегі

375 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Цифрлық шешімдердің өндіріске енгізілуі жиі және белсенді талқылана бас­тады. Қалай енгізілгені жөн? Қандай фактор ескерілуі керек? Кәсіпорынның цифрлық стратегиясы қанша уақытқа дейін жарамды болмақ? Осы және өзге де сауалдарға сарапшылар жауап іздеп көрген еді.

Цифрлық стратегия – өндіріс өзегі

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Таяуда өткен талқы-жиындарда бір­қатар өзекті ой айтылды. «QazIndustry» қазақ­стандық индустрия және экспорт орталығы «Өңдеу өнеркәсібі апта­лы­ғы» шеңберінде өнеркәсіптік кәсіп­орындар өкілдерінің, сондай-ақ отандық IT-компаниялар қызметкерлері мен халық­аралық сарапшылардың қатысуымен «Өнеркәсіпті цифрлық трансформациялау» сессиясын өткізді.

Қатысушылар ұйымдардың цифр­лық технологияларды енгізу дең­гейін,­ цифрлық жобаларды дамыту мә­се­лелерін, жобаларды енгізу жағдайында кәсіпорындар тап болған қиындықтарды, өнеркәсіптік кәсіпорындар тарапынан сұранысты және отандық IT-нарық­тың ұсыныстарын, цифрлық жобаларды енгізу кезінде өнеркәсіптік кәсіп­орындардың ақпараттық қауіпсіздігін талқылады.

Өнеркәсіпті цифрлық трансформа­циялау сессиясын Қазақстан Республи­касының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков ашты. Ол мемлекеттің тиімді экономикасын қа­­лыптастыру үшін цифрлық транс­форма­цияның маңыз­ды­лығын атап өтті.

«Индустрия 4.0. әрбір өндіріс саласы үшін маңызды. Ол деректерді жинайтын, оңтайландыратын және орналастыратын озық өндіріс технологияларын қам­тиды. Индустрия 4.0. технологиясының ар­тықшылықтарын түсінген кәсіпорындар жаһандық сын-қатерлерге төтеп беру үшін жақсы жағдайда болады», деп атап өтті вице-министр.

QazIndustry басқарма төрағасы Берік Бекенов өнімнің тиімділігін, икемділігі мен сапасын бірнеше есе арттыруға мүм­кіндік беретін жаңа мүмкіндіктер үшін өнер­­кәсіптік кәсіпорындарды цифрлық транс­­формациялаудың маңыздылығына тоқталды.

«Біз кәсіпорындардың бизнес-про­цес­терінің аудитінен бастап, ұсынымдар әзірлеуден, IT-шешімдерді іздестіруден, мемлекеттік ынталандыру шараларын алу ұсыныстарынан бастап және цифрлық жо­баларды түпкілікті енгізуге дейінгі жұмыс­тардың барлық кешенін қамтитын кәсіпорындар үшін цифрлық стратегияларды дайындау бойынша жұмыс жүр­гізудеміз», деді акционерлік қоғам басшысы.

Сондай-ақ сессия қатысушылары цифрлық трансформация құралдарын қолданудағы өнеркәсіптің өзекті мәсе­лелерін, өндірістік процестерді автоматтандыру үшін әлеуетті тапсырыс беру­шілер мен цифрлық шешімдерді жеткізу­шілер арасында тікелей B2B байла­ныстарды қалыптастыру мәселелерін талқылады.

QazIndustry цифрлық трансформация дирекциясының жетекшісі Лаура Жұманалиеваның айтуынша, Қазақстан баяғыдан бері кәсіпорындардың цифр­лық трансформациясына қатысты бірың­ғай талапты енгізуі керек еді. Қа­зір өн­дірістің көпшілігінде цифрлық шешімдер енгізіле бастады, алайда қаржының жетіс­пеушілігі, стандарттардың жоқ­тығы, нор­мативтік талаптардың дамымауы секілді тежеуші факторлар бар.

«Сонымен қатар әр кәсіпорында цифр­лы трансформация туралы өзіндік түсінік бар, сондай-ақ басшылық тарапынан цифрландырудың артықшылығын түсінбеушілік те бар. Кәсіпорындар бү­гінде негізгі салалық үрдістер мен талап­тарға байланысты ішкі және сыртқы қиындықтарға тап болып жатыр. Жалпы, кәсіпорында IT-стратегия болуға тиіс және жоспарлау горизонты мекеменің цифрлық мықтылығына байланысты. Ұзақ мерзімді перспективада бұл бес жыл, қысқамерзімді перспективада үш жыл. Стратегияны жыл сайын ауыстыра бермеу керек, тек түзетулер енгізу жеткілікті», дейді Л.Жұманалиева.

«Қазатомөнеркәсіп» өндіріс депар­та­мен­тінің басшысы Тельман Шуриев­тің айтуынша, компанияда 2028 жылға дейінгі цифрландыру стратегия­сы қабылданған. Ол «Самұрық-Қазынаның» жалпы цифрл­ы­­қ трансформация бағдар­ламасы аясында енгізіліпті.

«Біз бизнестегі қиындықтарды және дамытуды қажет ететін тұстарды зерт­тедік. Бұл стратегияның сәйкес жоспары бар, ол саладағы ағымдағы үрдістерге байланыс­ты екі жыл сайын түзетіледі», дейді ол.

Кейбір жобаны жүзеге асыру бір жыл­ға дейінгі уақытты алады. Сондықтан IT-стратегияны үш жылға бейімдеу ақылға сыйымды шығар деген ой айтады Қазақстан автоматтандыру және роботтехника қауымдастығының президенті Владимир Туреханов.

– Цифрлық трансформация аясында өндіріс процесін де, логистика мәсе­лесін де, қауіпсіздік жайын да, өзге де компоненттерді түгел бақылап, назарға алу керек. Бұл компоненттердің біразы кәсіпорынның жалпы стратегиясымен байланысады. Сондықтан бұрын IT-стратегия өзекті болған шығар, қазір де оны кәсіпорынның даму үрдісінен алыс­тата алмаймыз. Мерзімге келер болсақ, бірнеше кезеңге бөлінген он жылдық стратегия белгілеу ақылға қонымды. Осы­лайша, цифрландыру үдерісі тиімді енгізіледі, ал басшылық пен акционерлер қай департаменттің қаншалықты табысқа жете аларын қадағалай алады. IT-стратегияны кәсіпорын стратегиясынан бөліп қарамау керек, – дейді ха­лықаралық сарапшы Александр Гревцев.

KEGOC өкілі Анна Абрамова да бұл пікірді қолдайды. Оның пайымдауынша, компанияда IT-стратегия кәсіпорынның жалпы бағытымен орайластыра дамытылады.

«Біз үшін бизнестің барлық бағы­ты­ның бірге жүруі маңызды. Жоспарлау мерзімі – бес жыл, бірақ жыл сайын стратегияны қайта қарап, түзетіп отырамыз, оның орын­далуы туралы есеп береміз. IT – тез дамып келе жатқан сала, тиісінше жаңа тренд­тердің пайда болуы өндірісті авто­мат­­тандыру процесіне әсерін тигізеді», деді ол.

Сонымен бірге, сарапшылардың айтуынша, отандық өнеркәсіпте ин­новация­ны IT-департаменттер емес, бизнес алға жылжытып отыр. Өнеркәсіпті цифрландыру туралы сөз болған кезде қоз­ғалатын тағы бір мәселе – кәсіп­орынның IT-ин­фра­құрылымы. Қазір компаниялар ал­дында пайдаланылатын шешімдер мен платформаларды жаңарту бойынша өзек­ті міндет тұр. Отандық өнеркәсіптік кәсіпорындардың IT-іргетасы қаншалықты көнерген? Сол іргетасқа негізделген жаңа стратегия қабылдау керек пе, әлде жаңа технологияларға өтіп, жаңа платформалар құрған жөн бе?

Л.Жұманалиева тез өзгеретін инфра­құрылым өнеркәсіптік компанияларға тән емес екенін атап өтті. Керісінше, ол басқа сегменттер мен нарықтар үшін ма­ңыздырақ. Ал реинжиниринг процесінсіз белгілі бір технологияны енгізу мүмкін емес, бұл технология өз мақсатына сай жұмыс істемейді. Сондықтан ол инфра­құ­рылымға емес, бизнес-процестерге не­гіз­делген IT-стратегия құруға кеңес бе­реді. Әрине, инфрақұрылымсыз жол жоқ, бір­ақ оны кейін қарастыру керек.

«Инфрақұрылым мәселесі – әрбір компания үшін маңызды. Соған сай әрбір жеке жағдайда инфрақұрылымды салу немесе жаңарту осы кәсіпорын жұмыс істейтін ағымдағы жағдай тұрғысынан қарастырылуы керек. Біз айтып отырған инфрақұрылымның өзгеру процесі кезең-кезеңімен атқарылғаны дұрыс – цехтан цехқа, департаменттен департаментке дегендей», дейді А.Гревцев.

Сарапшылар бұлтты сервистер мәсе­лесін де көтерді. Қазақстанда дерек­тер­ді талдау жүйелерін немесе ірі жеткі­зу­шілердің басқа шешімдерін пайдалануға мүм­кіндік беретін осындай платформа құрылуы керек. Өйткені шетелдік вендорлар ақпарат пен деректерді өз сер­вер­лерінде сақтауды жөн көреді. Елі­міз­дің ақпараттық қауіпсіздік талабы бойын­ша ондай технологиялар қазақ­стандық кәсіпорындарға қолжетімді емес.

«Мен реттеуші қабылдаған шешімдер барлық мүдделі тараптың пікірлерін ескере отырып қабылданғанын қалаймын. Өкінішке қарай, кейде елімізде нарық қатысушыларының пікірімен санаспас­тан кейбір шешімдер қабылданатын жағ­дайлар орын алып жатады. Бұл кейін­нен үлкен дау туғызады. Қандай да бір ымырашыл шешім қабылдаған дұрыс, бірақ барлық тараптың пікірін ескеру керек», дейді В.Туреханов.

Бұлтты сервис тақырыбын ТМД бо­йын­ша Google Cloud аумақтық менед­жері Юлия Никулина өрістетті.

«Біз нарыққа енді ғана шыға бастадық және жедел дамып жатырмыз. Қазір бар­лық компания мен кәсіпорынның биз­несті трансформациялауға тырысып жат­қаны, соның ішінде бұлтты ше­шімдер көмегімен істеуге тырысып жат­қаны еш­­кімге де құпия емес. Google Cloud цифр­лы трансформацияны жедел­детуге кө­мек­теседі. Клиенттер бізді негізгі үш қы­рымызға қарап таңдайды. Бірін­шіден, біз Google-дің бір бөлігіміз және тапсырыс берушілерге оның жаңа­лықтарын өз бизнесіне енгізуіне көмек­тесеміз. Екін­шіден, трансформацияны жеңілдетіп, шы­ғындарды азайтамыз. Үшіншіден, біз жасанды интеллектіге негізделген жо­ғары мамандандырылған салалық ше­шім­дерді ұсынамыз. Google Cloud ше­шім­дерінің көмегімен тұ­тынушыларды тарту, ұстап тұру және бар­лық байланыс нүк­телерінде тұтыну­шылармен ты­ғыз қарым-қатынас орнату үшін жаңа цифр­лық қызметтер ұсы­на алады. Бұлт­тық инфрақұрылым бизнеске кіріс түсірудің жаңа моделін ашуға, жасанды интеллект көмегімен өз өнімдерінің мүм­кіндігін кеңейтуге әсер етеді. Жет­кізу­ тізбегіне келетін болсақ, Google Cloud шешімдері жеткізу тізбегінің ашық­ты­ғын, операциялық тұрақтылықты және үзі­лістерге жақсы төзімділікті қам­тама­сыз­ етуге көмектеседі», дейді Ю.Ни­кулина.

Әрине, цифрлық шешімдердің енгізілуі жақсы. Бірақ бұл процесс аясын­дағы сын-қатерлерді ескермесе тағы болмайды. Trend Micro жапо­ниялық киберқауіпсіздік компаниясы­ның Орталық Азия, Кавказ және Моңғо­лия­дағы техникалық директоры Нұр­лан Адаев өнеркәсіптегі ақпа­рат­тық қауіп­сіздік тәуекелдерін екіге бөле­ді – бизнес-тәуекел және өндірістік тәуекел.

– Ақпараттық қауіпсіздік командасы мен қауіпсіздік мамандарының алдында негізгі төрт проблема тұрады – түрлі осалдықтар, зиянды бағдарламалар, тегіс желілер және ішкі қауіп-қатер. Trend Micro компаниясы қауіпсіздікті қам­тама­сыз ету мәселелеріне қатысты түрлі түйіндерді тарқатумен айналысады. Біз барлық елде жұмыс істейтін жаһандық вендормыз, сәйкесінше бізде кең ауқымды аналитика бар, тың қауіп-қатер жайлы деректерді тез аламыз. Бұл ретте IT-ин­фра­құрылымды қорғауға көмектесе аламыз, – деді Н.Адаев.

Сарапшылардың IT-стратегияны қанша мерзімге енгізу керек деп дау­ласуы да бекер емес. Өйткені қазір құн­ды­лықтар мен шешімдер тез өзгеріп жатыр. Бір жыл бұрынғы цифрлық талап бүгінге жара­май қалуы әбден мүм­кін. Әрине, мұндай кезде терең анализ, жан-жақты аналитика көмекке келеді. Сондықтан кәсіпорындарда ең бірін­ші кезекте талдау және сараптау орталықтары ашылып, қатарларына осы саладағы жүйрік мамандар тартылуы қажет секілді. Солар­дың кө­мегімен компания өзінің IT-страте­гия­сын зерттеп, нарықта алға жылжи алады.