«Заманына қарай адамы», дегендей бүгінгі ерлі-зайыптылар арасында бір-бірінің адалдығына күмән келтіретіндер кездеседі. Мәселен, Алматы шаһарында ДНҚ сараптамасын жасатуға сұраныс көбейген. Әдетте, ДНҚ-талдауына жұбайым көзіме шөп салды дейтіндер жүгінеді, әртүрлі биоматериалдары мен қаныма қатысы жоқ дейтін күмәндіні жетектеп келеді.
ДНҚ деп отырғанымыз – дезоксирибонуклеин қышқылы, яғни ағзадағы генетикалық ақпараттың ұрпақтан-ұрпаққа берілуін, сақталуын, дамуы мен қызметін қамтамасыз ететін екі түрлі нуклеин қышқылының бірі – күрделі макромолекула. Барлық адамның ДНҚ-сының 99,9%-ы бірдей болғанымен, қалған 0,01%-ының өзі түрлі айырмашылықты табу үшін жеткілікті.
Сонымен мегаполистегі денсаулық сақтау саласының кезекті жиыны опасыздық тестілері, баланың жынысы мен генетикалық паспорты, қысқасы қала тұрғындары арасындағы танымал ДНҚ зерттеулеріне арналды. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында қалалық ДНҚ зертханасының меңгерушісі Дина Мукушкина гендік саусақ іздерінің көмегімен туыстық қатынас, баланың жынысы, тұқым қуалайтын қандай ауруларға бейім, дарыны, ұлты, тіпті опасыздық қалай анықталатыны жайлы қызықты деректермен бөлісті. Ол ДНҚ талдауларының нәтижесі таңғаларлық мәліметтер алуға мүмкіндік беретінін айтады.
Қазір мұндай медициналық қызмет түрі ешкімге де таңсық емес, генетиканың осы саласы тез дамып келеді. Оның үстіне ДНҚ талдауы бүгінде жоғары ғылыми технология болудан қалып, қажет деп тапқан әр пациентке қолжетімді, кең ауқымды зерттеулер санатына көшті.
ДНҚ физикалық тұрғыдан тек тұқым қуалайтын ақпаратты сақтаумен ғана шектелмейді, бір жасушадан бүкіл ағзаның дамуына нұсқаулық бола алатын макромолекула. ДНҚ бірегейлігі мен кереметін алғаш рет 1984 жылы 10 қыркүйекте британдық генетик Алек Джеффрис анықтаған. Ол әр адамның ДНҚ-сы қайталанбайтын өзіндік қасиетке ие екенін білген. Міне, сол мезеттен бастап генетикалық саусақ ізі туралы түсінік пайда болады. Саусақ іздері сияқты, генетикалық сынақ арқылы сіз туыс екеніңізді немесе күдікті адамның қылмысқа қатысын анықтайсыз. ДНҚ алғаш рет әртүрлі генетикалық материал арқылы идентификация жүргізілетін криминалдық салада қолданылды. Кейінірек ДНҚ медицинада қолданыла бастады. Көптеген кеселді ерте анықтауға, тұқым қуалайтын, тамақтану ерекшеліктерін, тіпті талант пен қабілетке бейімділігін, туыстық қатынасы сынды күрделі жайттарды анықтауға жол ашты.
«Ағзада ұйықтап жатқан тұқым қуалайтын аурулар болады. Олар бір ұрпақта кездеспеуі мүмкін, келесі ұрпақта пайда болады. Дәл осындай жағдайда қала тұрғындары генетикалық факторларды зерттеу ісіне жүгінеді. Вирустық инфекциялар ерте дами бастағанда генетиктер адам қанындағы бөгде ДНҚ-ны анықтай алады. Сол сияқты, егер отбасында қант диабеті, жүректің ишемиялық аурулары болса, оның қаншалықты тұқым қуалайтынын білуге болады. Генетиктер жүктіліктің басында, 10-шы аптаға дейін ұрықтың созылмалы ауытқуларын анықтай алады», дейді зертхана меңгерушісі.
Бүгінгі таңда ДНҚ зертханасында анасының күретамырының қаны арқылы баланың жынысын анықтауға мүмкіндік бар. Дина Мукушкина күн сайын дерлік әкелік, аналық және туыстық қатынастарды анықтау үшін келетіндердің легі үзілмейтінін, әдетте, ДНҚ талдауларына жұрт жасырын жүгінетінін айтады. Алматылықтардың мұндай қадамға баруына түрлі жайт себеп болмақ. Баласы өзінікі екенін немесе туыс адамға жақындығын, қала берді мұраға таласқандар да ДНҚ талдауларынан төрелік іздейді. Бірінші кезекте, ерлі-зайыптылардың бір-бірінің көзіне шөп салып, сатқындық жасады дейтін күмәні ДНҚ жасатуға деген сұранысты көтеріп отыр.
«Егер дәлелі мен уәжі болса, біз криминалдық әдістермен ДНҚ-ны анықтай аламыз. ДНҚ-ны бөліп алып, генетикалық профилін тексереміз. Яғни сол адамның бұл адамға қандай қатысы мен туыстығы бар екенін нақты айтуға болады», деді зертхана меңгерушісі.
Тұрғындар арасында тағы бір танымалы – генетикалық және әлеуметтік сұранысқа ие тест, яғни шежіресі мен шыққан тегін анықтау. Сонымен бірге Д.Мукушкина жер бетіндегі барлық адам бір ата-бабамен байланысты екенін айтады. Дегенмен генетиктер көбінесе медициналық зерттеулермен, сүт безі, аналық без обыры, Альцгеймер және Паркинсон сияқты аурулардың тұқым қуалаушылығына зерттеу жүргізумен айналысады. Маман өз сөзін қорытындылай келе, зертханада генетикалық паспорт деп аталатын – генге сәйкес тамақтану ісі жүргізілетініне тоқталды.
«Адамдардың 40-60%-ында артық салмақ немесе қандай да бір тағамдарға қатысты мәселе туындаса, ол да генетикалық факторларға байланысты. Мысалы, кейбір адамдар дәмі тіл қуыратын ащы кофені іше береді, қалағанын жейді, олар үшін бұл қалыпты азық. Бірақ кез келген тамақты ағзасы қабылдай алмайтындар бар. Денедегі майлардың ыдырауы да генге байланысты жүреді. Кейбір адамдар қандай диета ұстаса да майлардың ыдырауы 40 пайыз, енді кейбіреулерде 100 пайызға жетеді», дейді Д.Мукушкина.
Тіпті, қант, алкоголь, дәрумендерді сіңіруге де ген қызмет етеді. Алайда генетикалық факторлардан басқа, адамның өмір салты, психомиметикасы мен тамақтануы денсаулық сақтауда аз рөл атқармайды. Дегенмен дәрігерлер диета мен дене қимылын таңдағанда генетикалық маркерлерге тексерілуге кеңес береді.
АЛМАТЫ