Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Ахмет Байтұрсынұлы – даналық пен ғұламалықтың рәмізі. Ол – оқымысты-педагог, ұлттық әдебиеттің ережесі мен қисын-қағидаларын жүйеге түсірген әдебиет теоретигі, қазақ тілі орфографиясы мен грамматикасының негізін қалаған лингвист, ақын, журналист, публицист аудармашы, мемлекет және қоғам қайраткері. Айтулы санаткердің, кемел кемеңгердің рухани мұрасы – ұлттық игілігіміз, темірқазық жұлдызындай жолбастаушымыз, даналық мектебіміз. Яғни А.Байтұрсынұлының ғылыми-шығармашылық әлемі – ұлттық танымдық-философиялық әлемі. Оған адамгершілік – рухани ізгілік, көркемдік сыр, дүниетану тереңдігі тән, ол – ақыл, ғылым, хикмет дариясының дарабозы.
1913 жылы Орынборда «Қазақ» деген газет ұйымдастырып шығарады. Сайып келгенде, бұл газет халықтың жүрегіндегі, тұрмыс-тіршілігіндегі, өмір-салтындағы, әдет-дәстүрлеріндегі, ой-қиял дүниесіндегі ең асыл, ең мұқтаж, ең көкейкесті мәселелерін тереңнен қозғайды. Ана тілінде жазылған әдебиет шығармаларының тағылымын терең түйсініп, түсінгендігін байқауға болады. Этнопедагогиканың, халықтық психологияның, халықтық этиканың қасиетті ана тілі арқылы өмір сүретіндігін және адам баласының патриоттық сезімі, адамгершілік бейнесі, интеллектуалдық келбеті осы ұлы құбылыспен кіндіктес, өзектес екендігін түп – тамырынан таныған.
Ұлт ұстазының «Жаңа әліпбиі мен жаңа әліппесі біздің мәдени өркендеуімізге; тіліміздің таза сақталуына», «тілдің тереңдігі мен шеберлігін, тіл мәдениетінің мәнін, қасиетін дәлелдеп, тілімізді құрметтеуге» лайықты деп бағалаған шәкірті Телжан Шонанұлы: «Газеттерді тарату жөніндегі техникалық жұмыстарды өз жары мен қызы атқарды, өйткені экспедитор мен хатшы жалдауға алғашқыда қаражат та болмағанын айтады».
Сөйтіп, «Қазақ» газеті 1918 жылдың қазан айына дейін шыққан.
Ахмет Байтұрсынұлы, негізінен алғанда, қазақ әліппесі мен фонетикасының, синтаксисі мен этимологиясының, әдебиет теориясы мен мәдениет тарихының айтулы маманы, ұлттық терминологияның атасы. Шын мәнісіндегі, оқымысты – филолог.
Жұртшылықтың «Құрандай қолтықтап» қастерлеген «Тіл құралы» деп аталатын оқулығы 1914 жылы Орынборда басылған. Қазақ тіліндегі дыбыстар құрылысы, сингармонизм заңдылықтары, сөздердің буынға жіктелуі, сөз тұлғасы (түбір сөз, туынды сөз, қос сөз, қосалқы сөз, қосымша), сөз табы (атауыш сөздер, шылау сөздер, одағай) табиғаты анықталады. Ал «Тіл құралының» екінші кітабы 1922 жылы Ташкентте жарияланады. Сонан соң «Тіл танытқыш» дейтін келесі еңбегі 1924 жылы Орынборда жарық көреді. Бұл кітап қазақ тілінің синтаксисін егжей-тегжей тамылжыта баяндаған оқу құралы. Сөз, сөйлемдердің байланысу тәсілдері, ішкі құрылысы, сыртқы сипаты, тұрлаулы, тұрлаусыз мүшелер, толымды, толымсыз, болымды, болымсыз, хабарлы, сұраулы, лепті, тілекті, бұйрықты, сөйлем түрлері (іргелес, құрмалас, сабақтас, салалас) нақты талданады. Осынау атаулар мен ұғымдар Ахмет Байтұрсынұлы әкелген жаңалықтар.
Ахмет Байтұрсынұлының ұшқыр ойлы, тапқыр тілді оқымысты екендігіне 1924 жылы маусым айының 12-17 күндері Орынборда өткен Қазақ-қырғыз білімпаздарының тұңғыш съезінде сөйлеген сөзі толық айғақ. Жазу тарихын қозғағанда грек, латын, араб, иран, Еуропа халықтарының әдеби-мәдени деректеріне жүгінеді. Әліппе түзу жөніндегі мына пікірлерін келтірелік: «1. Жақсы әліпби тілге шақ болу керек. Өлшенбей тігілген, о жер, бұ жері бойға жұғыспай, қолбырап, солбырап тұрған кең киім сияқты артық әріптері көп әліпби де қолайсыз; бойыңды қысып, тәніңді құрыстырып, тырыстырып тұрған тар киім сияқты, әрпі кем әліпби де қолайсыз болады.
- Жақсы әліпби жазуға жеңіл болуға тиіс. Әліпбидің әріп, суреттері қиын болса, мүшелері көп болса, жазуды ұзақтатып уақытты көп алады.
- Әліпбидің жақсысы баспа ісіне қолайлы болуға тиіс. Әріпті тізгенде оңай тізілетін, басқанда орынды аз алатын әліпби баспасөзді арзандатады.
- Жақсы әліпби үйретуге де қолайлы болуға тиіс. Әрпі сара жазуға оңай, баспасы мен жазбасының суреті жақын әліпби үйретуге жеңіл болады.
Жақсы әліпбиге лайық бұл төрт сипатқа келмейтін әліпбилердің бәрі де кемшілікті әліпби болмақ» ( Қазақ-қырғыз білімпаздарының съезі. Орынбор, 1924).
Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал» деген жинағы 1913 жылы Орынборда шықты. Онан соң «Маса» атты кітабы бірнеше мәрте басылған. Бірінші басылымы 1911 жылы Орынборда, ал үшінші басылымы 1922 жылы Қазан нәшриятынан жарық көрген. Жалпы, көзі тірісінде 1909-1927 жылдар ішінде 56 кітабы жарияланған.
А.Байтұрсынұлының «қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдық пікір, суық қолдан тыныш боларға керек» дейтін пікірі бар.Ұлт тілінің өміршеңдігін дәйектеп түсіндіруінде де бір таңғажайып сыр бардай. Бұған куә: «Қазақта газета, журнал, кітаптар жоқ кезінде жоғалмаған тіл газета, журналы шығып, кітаптары басылып,жылдан-жылға ілгері басып келе жатқанда,қазақ тілі жоғалмас» дейтін әділетті, шынайы тұжырымы ойландырады.
А.Байтұрсынұлының қазақ тілі турасындағы ой-тұжырымдамаларының негізінде Ұлы Даланың рухы, сыры, күйі, бояуы, кеңдігі бар. Енді оның даналық пікірлеріне үнілейік:
- «Еділден бастап Ертіске дейін, Оралдан бастап Ауғанға шейін қазақта тіл де бір, емле де бір».
- «Қазақта жазу – сызу болмаған соң, жалғыз-ақ табиғаттың законына ерген:сондықтан тілі азбаған!»
- « 20-шы ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай асыл калпында алып келген, тіл тұрғысындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті» (Қазақша сөз жазушыларға. «Шора» журналы, 1913 жыл, № 4. 110-113 беттер)
Расында, тіліміз таза, мөлдір, сәулелі, халықтың психофизиологиялық табиғаты Ұлы жаратылыстың тамылжыған әуеніне бағынған, «табиғаттың законына ерген». Және де сөйлеу жүйелерінің мейлінше мінсіз түзілгенін, тізілгенін діттегені сондай, «Әдебиет тілі ауылдағы қазақтың хат білетін, білмейтін – қайсысына болса да түсінікті болуын көздеді».
Ұлт тілі – халықтың тұрмыс-тіршілігінің, рухани өмірінің, таным-пайымының, тарихи зердесінің, ғарыштық ой-санасының, шығармашылық-интеллектуалдық әлеуетінің шарайнасы. Онда кездейсоқ нәрсе жоқ. Осы ретте Ахаң келтірген, қолданған мысалдардың философиялық мағынасы бар. Ұлы бабаларымыздың жер-жаһандағы аяғы жеткен әйгілі шаһарлар, мемлекеттер мен алуан-алуан ұлттар тегіннен-тегін айтылмағаны түсінікті. Айталық:
Стамбул патша болсаң да Құдыс, Шамға,
Бұхармен, хүкім етсең де Хиндустанға,
Ағылшын, Қытай, Йапон, Румды алып,
Дін түзеп, әмір етмсең де бұл жаһанға.
Тұтсаң да жеті ықылымның бәрін тегіс,
Кірерсің ақыр бір күн көрстанға.
(Тіл – құрал. Қазақ тілінің сарфы. 2-нші жылдық. Орынбор, 1915).
Мұндағы терең сырлар, сарындар ерте, ерте замандағы Аттиланың, Әл-Фарабидің, Бейбарыс сұлтанның, Құтбтың, Сайф Сараидың, Қадырғали Бабырдың, Мұхаммед Хайдар Дулатидің, Көшім ханның, Әмір Темір Көрегеннің дауыстарын жеткізгендей. Ғұламалық пен тереңдіктен жаралған Ахаңның түбегейлі шынайы ойы осы.
А.Байтұрсынұлының қазақ бастауыш мектебінің іргетасы, беломыртқасы,басты тұлғасы – білімді, өнерлі, өнегелі мұғалім, сонан соң мінсіз оқу кұралдары, оқушылардың дүниетанымын, көзқарасын,ойлау жүйесін, білім деңгейін толықтыратын керекті пәндер турасындағы ұстанымдары өркениет ғасырында да көкейкесті.
«Мектептің жаны – мұғалім».... яғни, мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы». «..ең әуелі мектепке керегі білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім «Істің толық жаксы болуына, құралдар сайлы һәм жақсы болуы шарт»
«Қазақ бастауыш мектебінде 1) оқу 2) жазу 3) дін 4) ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, шаруа-кәсіп, жағрафия жаратылыс жайы» оқытылады. (Мектеп керектері. «Қазақ», 1914 жыл, 17 май №62)
Ұлт ұстазының түпкі мақсаты – білімді, ғылыми-шығармашылық әлеуеті жоғары, саналы, зерделі, кемел адам тәрбиелеу. Ол:
«Оқусыз халық қанша бай болса да, оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші» дей отырып, «жан таңырқарлық нәрсенін бәрі ғылыммен табылған» деп түйіндейді (Оқу жайы. «Қазақ», 1913 жыл, 21 апрель, №11).
Осынау кешенді концептуалды ұлы идеяларын, ойлы тұғырнамалық, стратегиялық тұжырымдарын бастауыш мектептің 3-4 сыныптарына арналған хрестоматиясында (Телжан Шонанұлымен бірігіп жазған) қолданысқа енгізген. Мұнда әдебиет, мәдениет, тұрмыс, еңбек, тарих, ғылым ( өсімдік пен жәндік), табиғат құбылыстары, дүние (яғни жер шары, ғарыш әлемі) тақырыбында мың қырлы, мың сырлы, мың құпиялы материалдар топтастырылған.
Сан сипатты таңдамалы әңгімелерде, тәмсілдерде, поэзиялық, жаралыстанушылық шығармаларда тұлғатану, елтану, халықтану, мәдениеттану, шежіретану, төрт түлік мал атауларының сыры, аң-құстар дүниесі, өсімдіктер әлемі, жер құрылысы, аспан құпиясы, егіншілік, бақташылық жайында қызғылықты мәліметтер, мағыналы ғибраттар, көркемдік-пәлсапалық, әлеуметтік сарындар жеткілікті.
Мысалы: 1. «термит деген ақ құмырсқалар кәдімгі қала салады: термиттің ұяларының биіктігі үш таяқтай, ұзындығы он бес таяқтай болады: өзі мықтап салынады, төбесіне адам түгілі мал шықса да көтере береді. Үйлерінің ішінде балалары тұратын, тамақтары тұратын, қараушылары тұратын, жұмысшылары, соғысшылары, бастықтары тұратын бөлмелері басқа-басқа болады. Су ағызатын бөлмелерінің ішінде де арықтары болады. Қысқасы, термиттердің тұратын жері әдемі салынған қала сияқты» (« Жәндіктердің үй салуы»)
- «Шыбыншы деген шөптер бар. Шыбыншы гүлін, жапырағын аңқытып ашып тұрады. Ішінен желім сияқты сөл шығады. Маса,шыбын келіп жапырағына қонса, әлгі желімсымағы жабысып жібермейді. Шыбын жанталасып ұрынып жатқанда,жапырағынан мұрттары иіліп келіп, шыбынға суын шашып жібереді.Әлгі суы қышқыл. Қышқыл су маса, шыбынды ірітіп, қайнатып шөпке ас қылып береді. Сонымен шыбыншыл шөптер ет жеп күн көреді. Бұлар қасқыр, түлкі, ит, адам сияқты. Осы күні 400-ге тарта ет жейтін шөп белгілі». (Жәндіктердің өсімдіктермен қоректенуі»)
Сонда мынау ғалам нәзік байланыстардан, себептерден, сабақтастықтар-дан болатындығын, жаратылғандығын толық түсінуге жол ашады. «Адамдық дәнін... қайырылымдық дәнін себуші» (Телжан Шонанұлының сипаттамасы) А.Байтұрсынұлы дүниенің, табиғаттың, даму философиясын былайша сипаттайды: «Дүниеде өзгермейтін нәрсе жоқ. Дүниеде табиғи, негіздің жолы өзгеріс...ілгері басып, жеттіге, жетіле өсіп-өне өзгеру табиғат тағдырының жолы – жарыс, талас, тартыс күрес. Бәйге өнерлі жүйріктікі, әдістінікі» («Өрбу»).
А.Байтұрсынұлы ілімінің өзегі – дыбыстың, сөздің, сөйлемнің сыр-сипатын, реңін, бояуын, үн-әуенін жыға тану, дұрыс қолдану, заңдарын білу, көркемдік мазмұнына ой жүгірту, сөйтіп дүниетанымын тереңдету, ой-өрісін кеңейту, заттың сырына қанығу, ойыңды, тілінді жаттықтыру, дағдыландыру. Оның «Тіл-құралында»:
Еділ бойы тоғай бар.
Тоғай толы ноғай бар.
Бурыл атта бұғау бар
Оны кесер егеу бар
Сом темірге балға бар,
Сомсынғанға Алла бар
дейтін мысал – ғибрат ХХ ғасырдың 20-шы жылдарындағы ел мұғалімдері бурыл тұлпар дегеніміз Қазақ Елі, бұғау – әкімшілік-әміршілік жүйе, Кеңес өкіметі, сом темірді қалыпқа соққан балта болатын болса, өзгелерді қомсынып-қорсынғанды, зорсынғанды Алла ғана түзетеді деп түсіндіреді екен.
Ахмет Байтұрсынұлы шын мағынасында кең құлашты білімпаз ғұлама болумен қатар, серке сөздің тізгінін ұстаған марқасқа көсемсөзші де. Ол көсем сөзді былайша айқындап саралаған. Ахмет Байтұрсынұлының көрсетуінше, бұл жанрлық түрді «әлеуметке айтқанын істеу мақсатпен шығарылатын сөз» «әлеумет ісіне басшылық, пікір жүргізетін сөз болғандықтан да көсем сөз деп, аталады» деп, оның жай-күйін, табиғатын терең түсіндіреді. Көсем сөздің қоғамдық-саяси, мәдени-философиялық, әлеуметтік қызметін жан-жақты баяндаған және азаттық рухын аңсаған сарабдал санаткер: «Әлеумет, шаруашылық, қазыналық, мектептік, соттық, саясаттық, тағысын тағы сондай қоғамшылық істерін түзеу, жаңалау, өзгерту керек болған кезінде, халықты соған көсем сөз арқылы ұйытып, көбінің миына қондырып, көңіліне сіңіреді», – деп нақтылы тұжырым жасайды.
Ахмет Байтұрсынұлының көсем сөздерінде кемел келешектің басты сипаты – мектеп, білім, оқыту мәселесі, ұстаз тұлғасы, «білімнің бас құралы – кітап» жайлы мейлінше көкейкесті, меруерттей мөлдір етіп, жіпке тізгендей етіп жұтынтып жеткізеді. Бұл орайда «Қазақша оқу жайынан» (1913) көсемсөзіндегі мына бір пікірлерін келтірген жөн болар. «Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшілікті көбі түзелгенде оқуменен түзеледі» деп, оқудың мәнісіне айрықша мән береді. Негізінде, қазақ тілінің фонетикалық заңдылықтарын мұқият сақтау, дауысты-дауыссыз дыбыстарды нақ-нағымен айтып келістіріп жеткізу, сөйлеу өнеріндегі тіл, кішкене тіл, көмей, астыңғы жақ, таңдай қызметін жетілдіруге жаттықтыру – мұғалімнің басты парызы. «Дыбыспен балаларды жаттықтыру – оқу мен жазу үйретудің негізі, істің басы түзу басталса, барысы да түзу болмақшы» деп жазады.
Ол сондай-ақ «Білім жарысы» (1913), «Оқыту жайынан» (1913) «Орысша оқушылар» (1913), «Мектеп керектері» деген көсем сөздерінде оқу ісі, елді сәулелендіру мәселесінің мәнісі егжей-тегжей қарастырылады. Әйгілі «Мамания медресесін» құрған, қазақ романына бәйге жариялаған білім беру ісінің көрнекті ұйымдастырушысы, реформатор Есенқұл Маманов туралы лебізін атап өтпеске болмайды.
Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың ішіндегі сайлау, билік, қағида-ереже турасында да ой-пікірлер өрбітеді. «Тағы да народный сот туралы» (1911) мақаласында көкейкесті мәселелерді түп-тамырынан қозғайды. Сайлау барысында «ерегіс», «таластың» салдары жайында салиқалы түйін жасайды, бұл бәлелерді өткір тілмен түйрейді. «Талас болған соң таласқан ит бірін-бірі аяй ма? Сол сықылды жеңген ит жеңілген итті қандай талайды» деп қынжылады. Түптеп келгенде, «балалардың асық ұтысқан ойыны сықылды» деп өкініш білдіреді.
А.Байтұрсынұлы елшілдік-мемлекетшілдік, ұлттық ар-намыс, ұлттық мұрат, ұлттық мүдде, ұлттық сана-сезім тұрғысынан ой толғап, ұлтының тағдырын, жер-суының тағдырын, тіл, дін, діл, мәдениет, әдебиет тағдырын іңкәр жүрегімен, жан-тәнімен қабылдап, дауылпазша дабыл қағады. Сөйтіп, оюлы-ойлы тастүйін пікірлерін, толғамдарын есілтіп-көсілтіп дәлелдеп, дәйектеп отырады. Ахмет Байтұрсынұлының ғұламалық зердесі сөзге де, ойға да, пікірге де зергерлік-шеберлігімен де, суреткерлігімен де, азаматтығымен де, қайраткерлігімен де терең үйлесім табады. Бұған философиялық мәні, гармониялық келісімі, рухани-ізгілік мазмұны бір-бірімен шебер ұштасқан мына бір жарқын даналық, тапқырлық мысалдарды келтірсек те болады. Мәселен:
- «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын!».
- «Мойындағы борышты білу – білім ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі».
- «Білім – бір құрал. Білімі көп адам құралы сай ұста сықылды, не істесе де келістіріп істейді».
- «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек».
«Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек».
Мінекей, адамның тіршілік, тұрмыс жолында соншалықты бойтұмардай қастерлі, дұғадай қасиетті артықша көрікті тұжырымдарды туындатқан. Бұлар бейне бір Ұлы даланың Рух кітабы.
Асылы, Ахмет Байтұрсынұлының өнердегі, өмірдегі, білім беру жүйесіндегі ұстанымына мына бір шынайы лебізі айғақ.
Адамдық диханшысы қырға шықтым,
Көлі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым.
Тұқымын адамдықтың шаштым,
ектім,
Көңілін көгертуге құл халықтың – дейді ұлт ұстазы. Расында, адамзат қоғамының көркеюі «адамдық тұқымының» мүмкіндігінше тереңнен тамырланып, жайқалып өсуінде, берекелі өнуінде. Сонда ғана қоғамда рухани құндылықтар молайып, елдің дұрыстық жолында дамуына, сәулеленуіне даңғыл өріс, соны соқпақ, берік іргетас қаланады, елге қорған болар оғылан, тұлғалар қалыптасатынын меңзейді.
Бұл орайда заман толғатқан заңғар тұлғаның «Қалам қайраткерлері жайынан» («Еңбекші қазақ», 1922 жыл, 8 шілде, №29) дейтін көсемсөзіндегі түйінді тұжырымдары ЖОО-ның студенттеріне арналғандай.
«Үйрену дегеніміз оқу» деп шегелейді А.Байтұрсынұлы. Бұл ойын әрі қарай былайша өрістетіп өрнектейді. «Мәдениет күшейеді өнер-білім күшімен, өнер-білім күшейеді оқумен. Оқу ісі сабақтас әдебиетпен. Оқу әдебиетті күшейтеді, әдебиет оқуды күшейтеді. Оқу мен әдебиет, бірін-бірі қолдап, бірін-бірі көтермелеп, бірін-бірі сүйрейді. Оқусыз әдебиеттің күні жоқ, әдебиетсіз оқудың күні жоқ. Азаттық асылы мәдениетте, мәдениет күшеюінің тетігі оқу мен әдебиетте!» Ахаң «нақты, затты» (академик З.Қабдоловтың мәнері) тұрғыдан ой толғайды.
Саңлақ санаткердің ұлы мұраты – ұлт тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне жету, елдің рухын, санасын ояту, ел мен жердің тұтқасын ұстау, Мәңгілік елдің рухани- даналық құндылықтарын гүлдендіру. Бұл орайда қан тамырыңды солқылдатарлық мына бір зарлы толғаудың тұңғиық тереңіне бойлайық:
Қайран еркін замандарың!
Тарлықта тұр амалдарың!
Еркін дала еркің қайда?
Нулы, нулы жерің қайда?
Сулы, сұлу көлің қайда?
Ел қорғаны – ерің қайда?
Еркін көшкен елің қайда?
Тура айтатын биің қайда?
Адал көңіл ақтық қайда?
Бауыр тартқан жүрек қайда?
Намыс қызған сүйек қайда?
Бауыр, жүрек талас боп тұр,
Намыс, сүйек қалаш боп тұр.
(«Жұбату»)
Қазақ елінің мерейлі, мәртебелі тәуелсіз мемлекет, Ұлы даланың нағыз әмбебап иесі атанып, ұлттың тілі, санасы, рухы, дәстүрі, өнері, ғылымы, әскери қабілеті көркейіп–өркендеп, «Елін қорғайтын ер болайық, Ерін қолдайтын ел болайық!» деп, қазақтың ұлы көші замана заңғарларына нық қадам басып, құлаш сермеп, әлем қауымдастығында орнын ойып алсын деген ұлы тілегі – мәңгілік ақиқатқа айналған деуге болады.
Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
филология ғылымдарының докторы, профессор