Таным • 30 Қыркүйек, 2022

Момышұлының майдандасы

278 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алапат майдан алқымнан алған тұста соғысқа аттанған қазақ батырлары бір ананың баласындай күн кешті. Сондай бір жылы әңгімені даңқты батырымыз Бауыржан Момышұлымен бірге соғысқан Сәрсенбай Қаңтарбайұлы айтқан еді. Ерлігі көпке үлгі көнекөз қария Жетісудың тумасы. Бүгін, міне сол есті оқиғаны тарқататын сәт келген сыңайлы.

Момышұлының майдандасы

Жылдар ұршығын жылдам айнал­дыр­ғанымен сол аяулы сәттер көз алды­нан алыстаған емес. Әйгілі Бауыржан Момышұлымен қарулас болып, Екінші дүниежүзілік соғыс аяқтал­ғаннан кейін де бірнеше рет кездесіп, екеулеп майдандас бауырларына деген сағынышын басқан. Тіпті атақты партизан Қасым Қайсеновпен Ұлан ауданында жүздесіп, өткен күннің естелігінен сыр тартқан екен. Сол сәттердің бәрі бүгінде жаң­ғырық секілді.

Жалпы, жетісулықтарға Сәрсенбай Қаңтарбайұлының есімі жіті таныс. Жеңіс күні әуелі қарияның үйінен бас­талады. Ұрыс даласында көрсеткен ерлігін оқушылар мақтаныш тұтып, жырлап та жүр. Артындағы ұрпақтары ата өнегесін өмірлік ұстаныма айнал­дырған. Қайда барса да қаранар қария­ның батасынсыз іс басталмайды.

Осы ретте Сәрсенбай Қаңтарбай­ұлы жылнамасына үңілсек. Ақылман ақсақал 1924 жылы 10 мамырда Көксу ауданының Балпық би кентінде дүниеге келген. 1942 жылы Мұқыры орта мектебін тәмамдап, 18 жасқа толғаннан Семей облысының Аягөз қаласындағы №1 қазақ полкінде кіші командирлерді дайындайтын әскери курста 6 ай оқиды. Ол жерден сержант атағын алады.

Бір жылдан кейін яғни 1943 жылы Түрікменстанның Мары қаласындағы пулеметшілер училищесіне ауыстырылып, онда 6 ай тәжірибеден өтеді. Курста сарбаздарға саяси сабақпен бірге салмағы 65 кило, ұзындығы 2 метрлік ірі калибрлі станокты пулеметтің құрылысын таныстырады. Нәтижесінде, білім-білігі көтеріліп, старшина атағын алғаннан кейін майданға сұранады. Бірақ жасына байланысты оны соғысқа жібермейді. Соғыс өрті тұтанып, ел қиын жағдайға тап болған шақта жас сарбаз шыдап отыра алмайды.

Жауынгерлік жолында, үздіксіз жаттығулар барысында аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момыш­ұлымен кездесіп, пікірлеседі. Батыр атамыз оның қан майданға барып, шайқасқа қатыссам деген тілегіне қолдау білдіреді. Кейін оған 37 жауынгер беріліп, сол жауынгерлерді 3 ай бойы түрлі әскери жаттығуларға үйретеді. Жастарды соғыс ойынына баулу мерзімі аяқталысымен өз бөлімшесіне оралып, қан майданға аттанады. Ол соғыс кезінде «Катюша» атты жойғыш қаруды басқарған. Сәрсенбайдың қолына «№49» деген «Катюша» берілген.

1943 жылдың соңынан 1944 жылдың желтоқсан айына дейін Мәскеуден басқа, Польша, Литва, Латвия, Румыния, Эстонияда бейбітшілік орнатуға қаты­с­қан. Ол 1944 жылы Гумбиннен қаласында жараланып, госпитальға түседі. «Оққа түспес бұрын қорқу дегенді білмейтінмін. Жараланғаннан кейін барып қауіптің, жазымның не екенін ұқтым», дейді қария әңгімесінде. Сонда 6 ай емделіп, 1945 жылы госпитальдан шығады. Бұл сәт Жеңіс күніне дәл келеді. Сөйтіп, маусымның 24-і күні Мәскеу қаласындағы Қызыл алаңда Жуковтың басқаруымен өткен Жеңіс шеруіне қатысып, ауылына ІІ топтағы соғыс мүгедегі болып оралған.

Соғыстағы ерлігі үшін «Отан со­ғысы» ордені, «Екінші дүниежүзілік со­ғыс­­тың ардагері», І-ІІ дәрежелі «Ең­бек арда­гері», «Астанаға – 10 жыл» секіл­­­ді бірнеше медальмен марапатталып, Екінші дүниежүзілік соғыстың 60 жыл­­дық мерейтойында «Көксу ауданы­ның Құрметті азаматы» атағын алған.

Сәрсенбай Қаңтарбайұлы мен Бауыржан Момышұлы екеуі 1944 жылы қаңтар айының 22-сі күні жараланып, бір госпитальда емделеді. Бірге Жеңіс күнін қарсы алып, елге оралады. Отбасыларына аман-сау оралғаннан кейін бір-бірімен жиі кездесіп, емен-жарқын сөйлесіп, үлкен отбасы болып араласып тұрған екен.

Соғыстан кейін қария 1945-1951 жылдар аралығында Жаршапқан ауылындағы мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. 1951-1954 жылдар аралығында Жар­кент педагогикалық училищесінің білім жетілдіру курсында оқыған. 1952 жылы Алғабас ауылының орта мектебінде мұғалім болады. Қарияны ауылдастары ұлағатты ұстаз ретінде де құрметтейді. Талай білікті шәкіртті тәрбиелеп шығарған. Бүгінде олардың дені үлкен қызметте отыр.

1955 жылы Алғабас ауылдық кеңесінде хатшы, есепші қызметін атқарған. Одан кейін сол елді мекенде пошта бастығы болып қызмет еткен. Жан жары Бәтиха Нүсіпқызы екеуі 9 баланың ата-анасы. Олардан бүгінде 25 немере, 45 шөбере тараған.

 

Жетісу облысы