«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан қазіргі заманғы гипотермия аппараттары мен энцефалография мониторларын Қарағанды, Талдықорған, Ақтау, Өскемен, Орал қалаларындағы бес облыстық перинаталдық орталық және Шымкент қаласының қалалық перинаталдық орталығы алды. Жабдықтардың жалпы құны 132 млн теңгені құрады.
«Басқарылатын гипотермия» жобасы басталған күннен бастап 6 аппаратта 22 баланың өмірі құтқарылды. Қарағанды облыстық көпбейінді аурухананың перинаталдық орталығында автоматты гипотермия аппаратында ауыр және орташа ауыр асфиксиямен туған 16 бала аман қалды. Гипотермия аппараттары орнатылғаннан кейін бірден Ақтауда 3 сәбиге, Талдықорғанда, Өскеменде және Шымкентте бір сәбиден күтім жасауға пайдаланылды.
«Бүгінде «Басқарылатын гипотермия» жобасының жемісі әсерлі болып отыр. Біз берген аппараттар тәжірибелі неонатолог дәрігерлердің қолында көп жылдар бойы жұмыс істейтін болады. Денсаулық сақтау саласындағы өңірлік жобаларды қолдау «Самұрық-Қазына» АҚ үшін маңызды басымдықтардың бірі. Бұл еліміздегі балалар өлімін қысқарту сынды өткір әлеуметтік мәселені шешуге компаниялар тобымыздың қосқан үлесі», деп атап өтті Samruk-Kazyna Trust қоры бас директорының орынбасары Серғожа Қалиасқаров.
Мамандандырылған жабдық пайда болғанға дейін реанимацияда қолда бар құралдармен механикалық гипотермия қолданылып, бұл әрқашан қанағаттанарлық нәтиже бермеді. Қажетті температураны 72 сағат бойы тура 34 градуста ұстап тұру, ал содан кейін баланы біртіндеп жылыту өте қиынға соқты. «Самұрық-Қазына» АҚ-ның AYALA қайырымдылық қорымен серіктестікте көрсеткен көмегі арқылы перинаталдық орталықтардың реанимацияларында бұл еңбекті көп қажет ететін үдеріс енді толық автоматтандырылған. Нәтиже – құтқарылған балалардың өмірі мен функционалдық денсаулығы.
«Көмек сұраған өтінішімізді Samruk-Kazyna Trust қоры мен AYALA қайырымдылық қорының жауапсыз қалдырмағанына шексіз қуаныштымыз. Жақында орнатылған жабдықтар арқылы ауыр асфиксиямен туған баланың өмірін сақтап қалдық. Бұл осы жабдыққа деген жоғары сұранысқа айқын дәлел. Шымкент қаласының болашақ аналары осы құнды сыйлық үшін демеушінің атына айтылатын алғысымызға қосылатынына сенімдімін», деп атап өтті Шымкент қаласы перинаталдық орталығы директорының міндетін атқарушы Дәулет Сатов.
Терапиялық гипотермияны жаңа туған нәрестенің өмірінің алғашқы сағаттарында қолдану қажет. Аппарат жаңа туған нәрестенің дене температурасын автоматты түрде біртіндеп төмендетеді және ондаған сағат бойы оны қажетті деңгейде ұстайды. Бұл бала ағзасындағы метаболизмді өзгертуге, оның бас миын глюкозамен қамтамасыз етуге және сол арқылы орталық жүйке жүйесінің жасушаларын қорғауға және қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Гипотермия аппаратына жиынтықта жүретін амплитудалық электрэнцефалография мониторы дәрігерлерге қолданылатын терапияны бақылауға және тиімді түзетуге көмектеседі.
«2017 жылы біздің қор Денсаулық сақтау министрлігімен «Басқарылатын гипотермия» жобасын қолдау туралы меморандумға қол қойды. Осы уақыт ішінде Қазақстанның 12 қаласында AYALA қоры орнатқан жабдықтар арқылы 235 жаңа туған нәрестенің өмірі мен денсаулығы құтқарылды. Біз Samruk-Kazyna Trust қорына Қазақстандағы алты балалар реанимациясын балалар өлімі мен мүгедектігін азайтуға көмектесетін жабдықтауға көмектескені үшін ризашылығымызды білдіреміз», деп атап өтті «AYALA» қоғамдық қорының президенті Айдан Сүлейменова.