Аймақтар • 02 Қазан, 2022

Шекарадағы ахуал: Мониторинг тобының жұмысы

261 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысындағы көші-қон ахуалы мен Ресей Федерация­сымен шекарадағы жағдайды жергілікті билік орындары мұқият назарда ұстап отыр.

Шекарадағы ахуал: Мониторинг тобының жұмысы

Соңғы күндері қалыптасқан жағ­дайға байланысты Батыс Қазақстан облысы аумағындағы 6 шекаралық кеден бекеті Ресейден келіп жатқан мигранттар тасқынының астында қалды. Ресми мәліметтерге қарасақ, 21 қыркүйектен бері өткен бір апта ішінде облыс аума­ғына 6 283 Ресей азаматы келген екен. Бұл Ресей Фе­дера­циясынан 2021 жылы 12 айда кел­­гендер санынан артық.

Мұндай жағдайда не істеу керек?! Облыс әкімді­гінде шекара мәселе­лері жөніндегі үйлестіру кеңесі құры­лып, қазір қалыптасқан және болашақта болуы ықтимал қиындықтар мен түйт­кілдерді талқылап, нақты шешімдер қолға алынып жатқанын бұдан бұрын хабарлаған болатынбыз.

«Ресейден келіп жатқан мигранттар тасқыны толық бақылауда, шекарадан өткен шетелдіктер мәселесіне мониторинг жасалып отыр. Өңірде қоғамдық тәртіп сақталуы үшін тиісті шаралар қолға алынды. Қазақстан мен Ресей арасындағы Сырым, Шаған, Тасқала кеден бекеттерінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Ол жерде 35 адам қызмет атқаруда. Облыс орталығында және өңірде азық-түлік бағасы бақыланып, ірі сауда орындары мен базарларда күн сайын тексеру жүргізіледі», деген еді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

Шекарадағы ұзын-сонар кезек екі ел арасында қарым-қатынас жасап жүрген Қазақстан азаматтарына да қиын тиді. Олар біздің елге ағылған ресейлік мигранттармен бір кезекте тұрып, бірнеше тәулік жоғалтқан. Олардың арасында Еуропадан, Ре­сейден жүк алып келе жатқан отандық кәсіпкерлер де аз емес.

– Қазіргі уақытта ең маңызды мә­селе – Ресеймен шекарадағы Қазақ­стан азаматтарын елге қайтару. Өңір басшысы Ғали Есқалиев Ресей шекара ведомствосымен бірге шекара қызметі департаментіне біздің азаматтарымызға көмек көрсету бойын­­ша мәселені шешуді тапсырды. Сондай-ақ облыс әкімі осы проблема­ны шешу бойынша Қазақстан Үкіметіне ұсыныстар жі­берді, олар қазірдің өзінде жедел түрде қаралуда, – деді Бақытжан Хаберұлы.

Тағы бір маңызды міндет – Батыс Қазақстан облысы аумағында қалған Ресей Федерациясы азаматтарын дер кезінде есепке алу мәселесі. Заң бо­йынша шетелдіктерді қабылдаушы тарап ол азаматтар жөнінде үш тәулік ішінде полиция органдарына хабарлауға тиіс. Сондықтан көші-қон қызметі жергілікті халық пен мигранттардың құқықтары мен жауапкершілігіне байланысты түсіндіру жұмысын күшейтіп, қажетті ақпарат СМС арқылы таратылды. Сондай-ақ полиция және мемлекеттік кірістер департаменттері пәтерін заңсыз жалға беріп отырған тұрғындарды анықтап, заңнамаға сәйкес шаралар қабылдауға кірісті. Цифрлық технологиялар басқармасының қызмет базасында көші-қон заңнамасы мәселесі бойынша мигранттар мен жалға берушілерге 109 нөмірі бойынша кеңес беру ұйымдастырылды.

Өңір басшысы Қазақстан азамат­тарының да, көшіп-қонушылардың да қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет­тігін ерекше айтты. Сондықтан поли­ция департаментінің жеке құрамы күшей­тілген режімге көшірілді. Об­лыс әкімінің орынбасары өңірде қоғамдық тәртіп­ті қам­та­масыз ету, құқық бұзушы­лықтың алдын алу және болдырмау мақсатында құрылған халық жасақтары полиция депар­таментінің қарамағында екенін мәлімдеді.

Қазіргі таңда еріктілерден құрылған бірнеше топ облыс орталығындағы алаңға, парктерге бақылау жасап, мониторинг жүргізуде. Облыстағы еріктілер Ресейден келгендерге темір жол және автобус бекетінде, «Ди­на» супермаркетінде көмек көрсету орындарын ұйымдастырып, қол ұшын беруде. Мигранттарды шекарадан Оралға және одан әрі жеткізу орындарына дейін тасымалдау жүргізілуде. Облыс еріктілерінің бастамасымен «Атамекен» және «Самал» жазғы лагерьлерінің базасында келушілерді ақылы түрде қабылдау пункттері (барлығы 330 орын) ұйымдастырылды.

Сараптамаға қарағанда облыс аума­ғына келген шетелдіктердің басым бөлігі одан әрі басқа өңірлерге кетіп жатыр. Сондықтан әлеуметтік желілерде еліміздің басқа өңірлеріне жүретін тұрақты автобус маршруттарының қозғалыс кестесі, жолақы бағасы туралы ақпарат таратылды. Мысалы, қалыптасқан жағдайға байланысты Атырау қаласына жолаушылар автобусы бұрын күніне бір мәрте жүрсе, қазір күніне үш рет қатынауда.

«Сондай-ақ барлық пойыз бағыт­тарына қосымша вагондар тіркеу, әуе рейстерін көбейту жөнінде келіссөз жүргізіп жатырмыз. Қажет болған жағдайда мониторинг және жедел шаралар қабылдау үшін дербес штаб құрылатын болады. Облыс әкімі азық-түлік тапшылығына жол бермеуді және тауарлардың тұрақты болуын қамтамасыз етуді тапсырды, дейді Б.Нарымбетов.

 

Батыс Қазақстан облысы