Қоғам • 03 Қазан, 2022

«Астана Балет» театры үздік рецензияға байқау жариялады

323 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Астана Балет» театры көрермендер арасында «Тырнақ алды туынды» атты рецензия байқауын жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Астана Балет» театры үздік рецензияға байқау жариялады

Байқау нәтижесі 31-ші қазанда театрдың сайты мен әлеуметтік желілерінде жарияланады. Жеңімпазға 100 000 теңге көлемінде ақшалай жүлде мен спектакльдерді тамашалауға абонемент беріледі.

Байқаудың негізгі мақсаты – дарынды балет сыншыларын анықтап, қолдау көрсету. Олардың шығармашылық әлеуетін арттырып, байқауға қатысушыларды отандық мәдениет пен өнердің үздік туындыларымен таныстыру.

Байқауға қатысу үшін театрдың инстаграм аккаунтына тіркелу қажет. Байқауға қатысушыға театрдың репертуарындағы екі бір актілі балеттің бірін таңдап, көру мүмкіндігі беріледі. Спектакльдер жайлы анықтама мәліметтері (қойылым тобы, балеттің сипаттамасы) astanaballet.com ресми сайтында орналастырылған.

«Астаналық театр шығармашылығының жанкүйері болсаңыз, спектакльдерді жиі көріп, өз ойыңызбен, алған әсеріңізбен бөліскіңіз келсе «Тырнақ алды туынды» («Проба пера») байқауына қатысуды ұсынамыз. Көрген спектакліңіз жайлы ой қорытып, алған әсеріңізді, әртістердің өнері, сахна кеңістігінің безендірілуі, орындалған музыка жайлы ойыңызды қағаз бетіне түсіріңіз. Спекаткльді мейлінше дәл, толық әрі қызықты суреттеуге тырысыңыз. Пікіріңізбен танысқан оқырман – көрермен залында жаныңызда отырып, сахнадағы көріністі бірге тамашалағандай әсер алсын», делінген театр хабарламасында.

Байқау барысында 3500 - 7000 белгіден тұратын төлтума рецензиялар іріктеледі. Рецензиялар 2022 жылғы 1-25 қазан аралығында pressa@astanaballet.kz поштасына «Тырнақ алды туынды»  деген тақырып қойып жолдау қажет.

Байқау жеңімпазын іріктеу комиссиясы анықтайды. Комиссия құрамында директордың орынбасары Валерий Күзембаев, көркемдік жетекші Нұрлан Канетов және бас балетмейстер Мукарам Авахри бар. Жеңімпаздың рецензиясы автордың емлесі мен тыныс белгілерін сақтай отырып, театрдың сайтында жарияланады.