Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов бұл мәселе жайында алғашқылардың бірі болып дабыл қақты. Белсенді азамат әлеуметтік желідегі парақшасында: «Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС-ның басынан өткен жағдай енді танымал әлемдік өндіруші Van der Hoeven Greenhousebuilders B. V.-пен серіктесіп жұмыс істейтін «Greenhouse-Qaztomat» ЖШС-ның басына түсіп отыр», деп жазды. Бұл кәсіпорын Екібастұз қаласында орналасқан.
Мәселенің мәнісі былай, осы жылдың маусым айында Павлодар облысы әкімдігі аппаратының ішкі аудит қызметі өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасымен бірге төленген субсидиялардың бір бөлігіне аудиторлық тексеріс жүргізген. 2018 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларын» бекіткені мәлім. Осы қағиданың талаптары негізге алынады. Тексеру шарасының нәтижесінде «Greenhouse-Qaztomat» ЖШС негізсіз бөлінген 2 млрд 470 млн 473,3 мың теңге көлеміндегі субсидияны мемлекеттік бюджетке қайтаруға тиіс деген қорытынды жасалыпты. Заң бұзушылықтар ретінде кәсіпорындағы өндіру көлемінің көрсеткіштері жалпы өндірістік қуатының кемінде 30 пайызына жетпеген, сондай-ақ пайдалануға берілуі жобалау-сметалық құжаттамада көзделмеген құрылыс кезектері негізсіз субсидияланған деп көрсетілген.
– Инвестор инвестициялық субсидияға өтінімді жұмыс аяқталған соң екінші кезеңде берді. Субсидия мөлшерінің асып кетуіне байланысты (500 млн теңге және одан көп) Ауыл шаруашылығы министрлігі атынан әкімшінің келісімі алынды, оны Ауыл шаруашылығы басқармасы бір траншпен төледі. Құрылыс кезектері бөлігіндегі субсидиялар құрылыс пайдалануға берілгеннен кейін, яғни салынған және жұмыс істеп тұрған жылыжай кешені үшін төленгенін атап өткен жөн. Яғни бұл жерде заң бұзушылық көріп тұрған жоқпын, – дейді Р.Жүрсінов.
Негізі, «Екібастұз қаласындағы жылыжай кешенінің құрылысы (сыртқы инженерлік желілерсіз)» жобасы 2018 жылы әзірленген екен. Бұған 2019 жылғы 15 наурыздағы Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы дәлел бола алады. Іске асырудың ұзақ мерзімдеріне және елеулі инвестициялық шығындарға байланысты жобаны бірнеше кезеңде атқару көзделген. Оның ішкі коммуникациялары мен технологияларын дербес кешен ретінде салу мүмкіндігі қарастырылған. Әрбір кезеңнің құрылысы аяқталған соң өңірлік қала құрылысы және жерді бақылау басқармасының оң қорытындылары ұсынылып отырған. Инвестициялық жобаның әр бөлігі уәкілетті органда тіркелген №1,2,3,4 жылыжай блоктарын пайдалануға беру актілерімен расталған.
Бұдан басқа аудиторлық есептің 3-тармағында жылыжай кешенінің егіс алаңына жұмсалған тыңайтқыштардың құнын субсидиялау да негізсіз, себебі ол жерлер расталмаған деген сілтеме бар. Р.Жүрсіновтің айтуынша, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері мемлекеттік жер кадастрының ақпараттық жүйесімен және «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» мемлекеттік деректер базасымен автоматты түрде расталады. Тыңайтқыштар құнын субсидиялауға өтінімдер Qoldau ақпараттық жүйесі арқылы жіберілген. Онда егіс алаңы №1 блоктың жер учаскесі бойынша 4,37 гектар, ал жалпы алаңы 10,32 гектар деп көрсетілген. Сондай-ақ 14-219-172-117:1 жер учаскесінде 20,9 гектар егістік бар, ал телімнің жалпы ауданы 31,5 гектар деп тіркелген.
– Кәсіпорынға егіс айналымына арналған тыңайтқыштар үшін сұралған субсидиялар екі еселеніп көрсетілген деген кінә тағылып отыр. Бұл дұрыс емес, себебі ақпараттық жүйе тыңайтқыштарды қолдану жылдамдығын дербес есептейді. Шығындардың дұрыстығы, сонымен қатар бағдарламалар мен электрондық шот-фактураларды қабылдау және өңдеу жүйесінің ақпараттық өзара іс-қимылы арқылы автоматты түрде расталады. Өкінішке қарай, бақылаушы орган компанияның қызметіне тікелей араласып, заңды өрескел бұзғаны байқалады. Іс материалдарын егжей-тегжейлі зерделегеннен кейін компанияның құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін мен Павлодар облысының әкіміне және еліміздің Бас прокурорына қалыптасқан жағдайды объективті қарауға жәрдем көрсету туралы өтініш жолдадым, – деді кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл.
Аудиторлық есепте тыңайтқыштарға 2,3 млрд теңге негізсіз төленген деп көрсетіледі. Оның 1,7 млрд теңгесі 2019 жылы, қалғаны 2020 жылы берілген. Инвестициялық субсидиялардың барлығы кезінде Ауыл шаруашылығы министрлігінде тіркелгені туралы құжаттар кәсіпорында сақталған. Сондықтан бұл іс «Greenhouse-Qaztomat»-тың пайдасына шешіледі деген үміт зор дейді мамандар.
Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрболат Мақашев бұл мәселе жайында білетінін, алайда аудит қызметіне қатысты еш ақпарат бере алмайтынын мәлімдеді. Іс құзырлы органдарға берілген, жай-жапсарын солар анықтап көрмек.
Жылыжай компаниясының бас директоры Қуаныш Нұрбеков те аталған жайт бойынша түсінік беруден бас тартып отыр. Кәсіпкердің айтуынша, серіктестік тарапынан кінәрат жіберілмеген, барлық талап заңға сүйене отырып жүргізілген.
Еске салып өтейік, осыдан бір жыл бұрын мұндай келеңсіздік Алматы облысындағы «Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС-да да орын алған. Азық-түлік өндірісі үшін бөлінген 1,3 млрд теңге заңсыз берілген деген желеумен Алматы облысының прокуратурасы аудиттік тексеріс жүргізіп, қаражатты бюджетке қайтаруды талап етті. Бұл мәселеге кейіннен еліміздің Бас прокуратурасы араласты. Жоғары орган инвестициялық субсидиялар төлемінде ешқандай қылмыстық сипат жоқ деген шешім шығарған соң, іс тоқтатылған еді.
Екібастұз жылыжайының мәселесі де оң шешіледі деген сенім зор. Болмаған жағдайда кәсіпорын үлкен шығынға бататыны даусыз. Себебі оның инвесторлар алдында үлкен міндеттемелері бар. Білетіндер бұл шаруасы тәуір жүріп тұрған серіктестіктің жұмысын «шайқау» дейді. Жылыжайдың шайқалып, болмаса жайқалып кетерін уақыт көрсете жатар. Бүгінде кәсіпорында 500-ден астам адам еңбек етеді. Компания Қазақстанның 16 қаласындағы 100-ден астам сауда желілерімен байланыс орнатқан, жергілікті нарыққа жылына 6 мың тоннадан астам қызанақ жібереді.
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы