Әдебиет • 03 Қазан, 2022

Рухты жырдың иесі

452 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дауылпаз ақын, қазақтың көне жы­раулық өнерінің ірі өкілі Ақтам­бердінің халқына қалдырған сөзі ұлтымызға әрдайым рух беріп келеді. Бар өмірі басқыншылармен күреске арналғаны «Он жетіде кұрсанып, Қылыш ілдім білекке. Жауға қарай аттандым, Жеткіз деп, Құдай, тілек­ке!» деген жыр жол­дарынан анық аңғарылатын Ақтам­бердінің елдік­ті сақтауға, туған жерді қорғауға үндей­тін өлеңдері өзінің өміршеңдігін көрсетіп, халықтың жылы жүрегінен орын алған.

Рухты жырдың иесі

Шешендік сөздерді түйдек-түйдегімен төгілтетін ақынның ерлікке, жауға қарсы жо­рыққа шақырар, намысты жанатын өлең­дері кімді де болса жігерлендірмей қоймай­ды. Өмірі күреспен өткен, баққа да, таққа да талас­пай, өзінің батырлық, ақындық миссиясын адал әрі беріле орындаған ақынның бар мұраты халқын елдікке қатысты ортақ іске жұмылдыру.

«Салпаң да салпаң жортармын,

Сары азбанға қосымды артармын.

Торлаусыз өскен құланмын,

Мезгілсіз жусап өрермін.

Байраққа біткен құрақпын,

Саусағым жерге түсірмен.

Жапанға біткен терекпін,

Еңсемнен жел соқса да теңселмен.

Қарағайға қарсы біткен бұтақпын,

Балталасаң да айрылман.

Сыртым құрыш, жүзім болат,

Тасқа да салсаң, майрылман!» –

дейді ақын.

Бұл өр тұлғаның, елі үшін неге болса да баратын батырдың, халқының бақыты үшін жаны ауырып, жарғақ құлағын жастыққа тигізбеген ақынның сөзі.

Арман-аңсарға толы жырларынан ақын­ның халқына жан-тәнімен беріле қыз­мет еткенін аңғару қиын емес. Әсіресе жырау­дың елі үшін өлімге бас тігу азамат ердің ісі еке­нін шебер жеткізуі адамға ерекше әсер етеді.

«Жалтара шапсаң жау қашпас,

Жауды аяған бет таппас.

Уа, жігіттер, жандарың,

Жаудан аяй көрмеңіз,

Ғазірейіл тура келмей жан алмас!

Жауға шаптым ту байлап,

Шепті бұздым айқайлап.

Дұшпаннан көрген қорлықтан

Жалынды жүрек қан қайнап.

Елді-жұртты қорғайлап,

Өлімге жүрміз бас байлап!»

деген ақынның сөзінен елін сүйген азаматтың қайсар мінезін көреміз. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өлер» деген мақалды берік ұстанған ақын «Ғазірейіл тура келмей жан алмас!» деген сөзі арқылы өзінің ислам дінінен сусындап өскенін білдіреді.

Ақтамберді туралы сөз қозғағанда оның «Күлдiр де күлдiр кiсiнетiп...» атты тол­­ға­уына тоқталмай өту мүмкін емес. Қазақ­тың XVII-XVIII ғасырларда басынан өткерген қызығы мен шыжығын, қайғысы мен қуа­ны­шын көзімен көріп, сол тұстардағы бас­ты оқи­ғалардың бел ортасында болған ақын­ның бұл өлеңі қарапайым халықтың ой-өрісін, арманы мен ниетін айқындайтын секілді. Қас дұшпан – қалмақтың тісі батқан, берекелі өмірінен ажырап, тақсырет тартып, талапайға түскен, алашапқын заманға тап келген халқының аңсар-арманын, кешегі жайдары өміріне деген сағынышын айбынды ақын көркем де шебер тілмен жеткізе білген. Халықтың жүрегінде жатталып қалған, жыраулық өнердің озық үлгісі саналатын бұл өлең сан ғасырлар өтсе де халықтың жүрегін толқытып, рухын көтеріп, тарихи санасының ояу болуына әсер етіп келеді. Кезінде күлдiр де күлдiр кiсiнетiп, күреңдi мiнген, күдерiден бау тағып, ақ кiреуке киген ата-бабаларымыз туралы сұрағанға Ақтамбердінің осы толғауын айтып берер болсақ, сұраушыны толық қанағаттандырған болар едік.

«...Қоңыраулы найза қолға алып,

Қоңыр салқын төске алып,

Қол төңкерер ме екенбіз.

Жалаулы найза жанға алып,

Жау қашырар ма екенбіз!..»

деп жырлаған Ақтамбердінің аңсарлы өктем өлеңін көкейіне тоқып өскен ұрпақ ешкімге есесін жібермейді.

«Тобылғы сапты қамшы алып,

Тұмар мойын ат мініп,

Қоныс та қарар ма екенбіз!

Ел жазылып жайлауда,

Жақсылар кеңес құрғанда,

Мұртымыз көкке шаншылып,

Бұрын да сөйлер ме екенбіз?!»

деп, елінің берекелі өмір кешуін тілеген ақынның одан әрі:

«Құлым бір ұлдай киінсе,

Көркемін көрген сүйінсе,

Атымтай жомарт секілді

Атағым жұртқа білінсе!»

деп толғауы халқының көкейіндегі тілегін дөп басып айтқандық емес пе?

Өкінішке қарай, сол замандардан бастап қазақтың аспаны қара бұлттан арылмады, көңілінен қайғы сейілмеді, басынан қасірет кетпеді. Бірақ ғасырлар өте қазақтың бағы жанып, асығы алшысынан түсті. Ақтамберді сынды бабаларымыз армандаған берекелі өмір халқымыздың басына орнағай:

«Алғайдың құба жонына

Жайылған қойым сыймаса,

Жүз бүркеншек, жүз қоспен

Қатар жүріп жинаса!

Көк алалы көп жылқы

Көлге бір түссе көз жетпей,

Санап санын алуға

Есебіне жан жетпей...»