Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, бүгінге дейін алқаптағы астықтың 99,2 пайызы орылған. Шаруашылықтардың дені жер ырыздығын ысырапсыз жинап алып, комбайндарын қаңтарып қойды. Ал Жітіқара, Қамысты, Қарабалық, Қостанай, Меңдіқара, Сарыкөл, Ұзынкөл аудандарында соңғы қалған 2-3 мың гектар астықты жинап алу жұмыстары аяқталайын деп қалды.
Қостанай ауданына қарасты Майкөл ауылындағы шаруашылық биыл көктемде 3,5 мың гектар жерге дән сіңіріпті. Егіннің шығымы жаман емес. Гектарына 12-13 центнерден келіп тұр. Бұл ала жаздайғы диқандардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз. Шаруашылықта қазір соңғы қалған 300 гектардай жердің астығын төрт комбайн тоқтаусыз орып жатыр.
– Биылғы жаз жаңбырсыз болды деуге болады. Бір-ақ рет дұрыстап тұрып жауды. Одан кейін күн ыстық, ылғал өте тапшы болды. Алайда агротехнология талаптарын сақтаудың нәтижесінде мол өнімге қол жеткіздік. Сапалы тұқым, оны уақытында себу, топырақты химиялық өңдеуден өткізу, тыңайту, зиянкестерге қарсы күрес, осының бәрі өз нәтижесін берді. Енді 300-дей гектар қалды. Соңғы аптада күн райы бұзылып, жұмыс тоқтаңқырап қалып еді, ауа райы ашыла салып қайта шықтық. Ауа райы кедергі болмаса, алқаптағы жұмысты алдағы бір-екі күннің ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бидайдың сапасы да өте жақсы – 3-сұрып. Өнімнің қамырлылығы да жоғары: отыз бестен басталып, қырыққа дейін барады, – дейді шаруашылық басшысы Тимофей Снигирев.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Кенже Жұмандықовтың айтуынша, облыстағы астық қоймаларына 8,3 млн тоннаға дейін өнім сыяды. Биыл алынған өнімнің бәрі астық қабылдау пунктері мен ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің қоймаларында сақталады.
– Күзгі астық жинау жұмыстарына форвардық сатып алу бағдарламасы бойынша «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» арқылы 36,1 млрд теңге бөлінген. Енді бұл қаржыны диқандар көлемі 493 мың тонна астық түрінде қайтаруға тиіс. Биыл астық жинау науқаны ойдағыдай өтті. Жаңбырға байланысты бір-екі күн тоқтап қалғаны болмаса, айтарлықтай қиындықтар болған жоқ. Ауылшаруашылық дақылдары бірыңғай піскен жоқ. Өйткені биыл жауын-шашын әр жерде әрқалай болды. Сондықтан бір жерде гектарына 5 центнер берсе, екінші жерде 20 центнерге дейін өнім берген жағдайлар болды. Жалпы, былтырғы қуаңшылықпен салыстырғанда, биылғы астық әлдеқайда жақсы. Жиналған бидайдың 95 пайызы үшінші класқа жатады. Бұл биылғы өнімнің шығымы ғана емес, сапасы да өте жоғары екенін көрсетеді, – деді Кенже Жұмандықов.
Күн райы жақсы болса, облыс егін науқанын осы аптада аяқтап қалуы мүмкін. Ал майлы дақылдардың кейбір түрі кешірек піседі. Биыл өңірде 748 мың 300 гектар алқапқа майлы дақыл тұқымы себілген. Қазір диқандар 403 мың 566 гектардан 220 мың 600 тонна өнім жинап алды.
Қостанай облысы