Қаржы • 04 Қазан, 2022

Қаржы сауаттылығы – басты тақырып

506 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде ең өзекті тақырыптардың бірі – халықтың қаржылық сауатын арттыру жайы. Бұл ретте журналистерге артылатын міндет үлкен. Жұртшылықтың қаржылық сауатын көтеру үшін тілшінің өзі бұл саланың ұңғыл-шұңғылын тәуір білуі шарт. Осы орайда Jusan Bank пен Medialab коммуникация агенттігі бірлесіп игілікті шараны қолға алды.

Қаржы сауаттылығы – басты тақырып

«Банк және инвестиция са­ласындағы журналистика» тақырыбындағы тренинг­ке еліміздің әр өңірінен қаржы, инвестиция, экономика тақы­рыбын қаузап жүрген 30-дан астам журналист жиналды. Екі күнге созылған тренингке банк өкілдері, журналистер, сарапшылар келіп, білгенімен бөлісті.

Атап айтқанда, іс-шараның алғашқы күнінде Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы тұ­тыну­шылар құқықтарын қор­ғау жөніндегі директоры Ләззат Үсенбекова, Jusan ин­вест кор­по­ративтік қаржы депар­та­менті­нің вице-президенті Ая Алда­бер­генова, Jusan инвест ірі клиенттермен жұмыс депар­та­ментінің вице-президенті Әйгерім Молдабекова және Forbes Kazakhstan журналы қазақ нұсқасының бас редак­торы Бақытжан Бұқарбай арна­йы дәріс оқыса, екінші күнде Jusan analytics редакторы Айбота Жаппар­берген, Ұлттық банктің ақпарат және коммуникациялар департаментінің директоры Асан Ахметжан және Lsm.kz  бас редакторы Айнұр Каргалинова тың ақпараттарды алу, қаржы тақырыбындағы материалдарды жазудың қыр-сырын үйретті.

«Қаржының күнделікті өмір­де қаншалықты маңыз­ды екені, оның әрбір отандасы­мыздың өмір сүру деңгейіне қалай ық­пал ететіні бәрімізге мәлім. Де­генмен өз қаржысын дұрыс пайдаланып, ақшаны тек жұмсап қана қоймай, оны сақтап, көбейту жолдарын кез келген адам біле бермейді. Қар­жы құралдары туралы ақпаратты қара­пайым тілмен халыққа түсін­діріп, дұрыс бағыт беруде журналистермен бірге жұ­мыс істейтін болсақ, әрбір қазақ­стандық өз қаржысын еселей тү­сетініне кәміл сенемін. Журна­листерді халық пен бизнес арасын жалғап тұрған алтын көпір деп білемін», деді «Jusan Bank» АҚ басқарма төрағасы Нұрдаулет Айдосов.