Усолка өзенінің маңайы – шаһар тұрғындары мен қонақтар жиі серуендейтін аумақ. Су айдынының айналасында тамаша табиғат қойнауы орналасқан, жағалауы толған тоғай. Өкінішке қарай, табиғат аясына шыққандар соңынан тамақ қалдықтары мен полиэтилен қапшықтарын, түрлі қоқыстар қалдырып кетеді. Сондықтан өңір жастары бұл жерді үнемі тазартып тұруға ынталы.
С.Торайғыров университетінің 4-курс студенті, оқу орнындағы жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Дәурен Шәріпов экологиялық тазалық іс-шарасына бір топ белсенді жасты бастап келді. Дәурен EcoStudentKZ челленджін шымкенттік құрбы-құрдастарынан қабылдап алғандарын жеткізді.
– Біздің университеттің жастары әрдайым белсенді. Бүгін 20-дан астам жас Усолка өзенінің жағалауын тазарту үстіндеміз. Бұл жерде жаз бойы «Жасыл ел» жасақтарымен, өзге де белсенді жастардың көмегімен экологиялық шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келгенін білеміз. Алайда кейбір тұрғындардың мәдениетсіздік танытуынан жағалауды жиі тазартуға мәжбүрміз. Тоғай арасындағы алаңқайларда, өзен жағасында қоқыстар үнемі шашылып жатады. Жастар қазір жинап кетсе, ертеңгі күні сұрықсыз көрініс тағы қайталанады. Сондықтан біз бұл челленджіміз арқылы шаһар тұрғындарының назарын тазалық мәдениетіне аударғымыз келеді. Қоршаған ортаны көзіміздің қарашығындай сақтау үшін бізге мұндай істерге жүйелі жұмылуымыз қажет, –дейді ол.
Бұған дейін С.Торайғыров университетінің студенттері Ертіс өзенінің Орталық жағажайында экожорық жасап, жаз бойғы жиналып қалған қоқысты жинап, арнайы орындарға төккен еді.
Ал Павлодар педагогикалық университетінен келген жастар көпшілікке «Өзіңнен кейін қоқыс тастама!» деп ұран тастады. Білім беру мекемесіндегі жастар өкілі Батырхан Байтанаттың пікіріне ден қойсақ, мұндай іс-шаралар нәтижесінде замандастар бойында экологиялық мәдениет қалыптасады. Университет студенттері тазалық шараларынан қалыс қалмайтынын айтты. Өткен сенбіде облыс орталығының солтүстік бөлігінде бой көтеріп жатқан жаңа шағын аудан – «Спорт-ситиде» ағаш отырғызу сенбілігіне қатысты. Оқу орнының экологиялық бағытта өз саясаты бар. Оның аясында жыл сайын жүздеген шара ұйымдастырылады.
Павлодарлық белсенді жастар EcoStudentKZ челленджін Екібастұз қаласы мен Түркістан студенттеріне жолдады. Одан әрі экологиялық эстафета Тараз, Петропавл, Алматы, Семей қалаларында жалғасады деп күтілуде.
ПАВЛОДАР