«Егемен Қазақстан» газетінің осы жылғы 10 қаңтардағы санында жарияланған Айнаш Есалидің «-Нестеватсын? -Ойнавотрм» атты әлеуметтік желілердегі жаппай сауатсыздық пен жауапсыздық туралы мақаласы дер уақытында жазылып, мәселеге бейжай қарауға болмайтынын түсіндірген. Мақаланы алдымен өзім, сосын оқушылармен бірге талқыладық.
Осы мақаланы басшылыққа ала отырып, 11 сынып оқушылары арасында «Әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны» тақырыбында пікірталас өткіздім. Оған «Парасат» және «www.kz.» топтары қатысты. Алдымен «www.kz.» тобы ғаламторлық байланыстың пайдасы, қажеттілігі, әртүрлі сайттардың оқушы үшін маңызына тоқталды.
1. Қазақстанда интернетті дамытуымыз қажет және агенттің өз алар орны бар. 2. Интернеттегі сайт беттерін жабуға болмайды. Қайта білім алу үшін жаңа заман талабына сай көтеру керек. 3. Білімдеріңізді толықтырмаған әр күн сіз үшін текке кеткен және енді қайтып оралмайтын күн деп есептеңіз. Міне, бұл «www.kz.» тобының ұстанымы.
Топ мүшелері ғаламторды дұрыс пайдалана білген жанға оның пайдасының ұшан-теңіз екендігін дәлелдеуге тырысты. Білім беру жүйесінің басым міндеті ретінде оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық, ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу екендігін баса айтты. Қазіргі білім беру саласында оқытудың озық технологияларын меңгермейінше, сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес. Ғаламтордың тұтқыны болу-болмау адамның өзіне байланысты. Бұл әр адамның ерік-жігері, намысына, ұлтжандылығына, рухына байланысты. Алғаш келген жаңалық (зат болсын) елді бір дүрліктіріп алатыны секілді, бұл да жаппай етек алып барады. «Қой көрмеген қуалап өлтіреді» дегендей, тегін байланыстың да тиімсіз тұсын сезінгендер селт етіп, өзін тартып алады, сөйтіп адамдар керекті кезінде ғана ашып, сосын жауып тастап жүре береді, үнемі ашып қоятын дүние емес екенін түсінеді. Мысалы, Mail.ru компаниясының мәліметінше Mail.ru агентті айына 11 миллион адам пайдаланса, 1 минутта бір мезгілде 2 млн. адам қолданады екен. Әрине уақытымен, орынды қолданса. Ал, мөлшерінен асырса – ауру. Осы дертке шалдыққандардың не ұйқысы қанбайды, не жұмысы өнбейді, айналасымен, ата-ана, туыс-туғандарымен қарым- қатынасы өзгешеленіп кетеді.
«Парасат» тобының мүшелері мақаламен таныса отырып, ғаламтордың зияны, жастардың санасының улануы, онда жаппай сауатсыздық пен жауапсыздық етек алған, адам ағзасындағы әртүрлі аурулардың пайда болуының негізгі себепшісі де интернет екендігіне тоқталды.
1. Ақпараттық технологиялар дами келе адамның санасына кері әсерін тигізетінін уақыт дәлелдеп отыр. 2. Компьютер, ұялы телефонның денсаулыққа зияны, жүйке жүйесі қызметінің бұзылуы, есте сақтау қабілетінің нашарлауы, айықпас дерттерге ұшырауы, т.б. көптеген деректердің өзі-ақ дәлел емес пе? 3. Мақалада айтылған пайда болған «адамның жаңа түрі». Ол – қолындағы телефонын тартып алсаң, жан-жағына алақтап, түсінен шошып оянғандай, уақыттың қай мезгіл болғанын ажырата алмай, айналасына таңғала қарайтын адамдардың түрлері пайда болды. 4. Адамның рухани жұтаңдануы. Ғаламтордың шырмауындағы бала ата-анасына көмектескеннің орнына телефонына шұқшиып, олардың қабағындағы кірбіңді де байқамайды. 5. Жас бүлдіршіндер онлайн ойындарды ойнай отырып виртуалды әлемнің құлына айналады. «Парасат» тобы осы айтылған ойларды дәлелдеуге тырысты.
Бүгінгі таңда ғаламтор жастардың айнымас бір бөлігіне айналғандай. Өйткені, жолда, жұмыста, тіпті ас ішіп отырса да ұялы телефонға немесе агентке телмірген жастарды көретін болдық. Басым көпшілігін сыртқы орта, айналасы, ата-анасы, достары, оқу мәселесі қызықтырмайтыны соншалық, ғаламторға сүйеніп, кітап оқуды, ізденуді қойды десек те болады. Өйткені, ғаламторға кіріп, керекті мағлұматтың атын жазсаңыз болғаны, түрлі рефераттар, зерттеулерді тауып, дайын нәрсені шығарып, мұғалімге өткізе салады. Көзінің майын тауысып, кітап оқып, кітапхана табалдырығын тоздыратын оқушы бүгінде интернет клубтың табалдырығын тоздыруда. Сол себепті ғаламторға кірген уақытын кітап оқуға жұмсаса көп нәрседен ұтары анық.
Пікірталасты қорытындылай келе екі топ мынадай түйін түйді:
1. Қоғамдық желінің пайдасы ұшан-теңіз, алайда оны мөлшерінен асыра пайдаланса айықпас «дерт».
2. Қоғамдық желідегі сауатсыздықты жоюды әркім өзінен бастауы керек.
3. «Интернет – бір күндік, кітап – мәңгілік» екенін есте сақтау қажет.
Еңсесі биік, егеменді еліміздің адалдықты ту еткен алғыр ойлы азамат ұл-қыздары көп болсын дегіміз келеді.
Мақпал Лепесова,
С. Сейфуллин атындағы орта мектептің мұғалімі
Шығыс Қазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы.