21 Мамыр, 2014

«Тіл тас жарады…»

491 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Жуырда «Солтүстік Қазақстан» газетінің редакциясына өзім аса құрметтейтін ақсақалдардың бірі келіп, жазған мақаласын ұсынды. Оның мазмұнына қысқаша тоқ­та­­лып, шымбайына батқан жайды ашына айтты: сөзінен аңғарғаным, бір кеңшарда директор болған зей­неткер азамат өз өмірі жайлы жаз­ған кітабында рушылдықты қоздырып, әркімге тіл тигізген екен. «Нанбасаң, өзің оқып көр», деп кітапты үстелімнің үстіне қойды. – Аға, мына кітаптың таралымы небәрі 50-ақ дана екен. Сіздің мақалаңызды мыңдаған данамен шығатын облыстық газетке жариялап, жалпақ жұртқа жаюдың қисыны бар ма? «Қотырды қаси берсе, жараға айналады» деген ғой... Одан да кітапта жала жабылған азаматтардың көзі тірілері мен дүниеден озғандарының балалары – бәріңіз жиналып, авторды сотқа бермейсіздер ме? –дедім. Ағамыз кезінде аудан басқарған, облыста басшылық қызметте болған көшелі кісі еді. Сәл ойланып қалды да: «Сенікі де жөн екен...», деді. «Ауруын жасырған өледі» демекші, ел ішінде руға, оның ішінде атаға бөлінушілік баяғыдан бар кесел екендігі белгілі. Президентіміз бұл жөнінде «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мем­лекеттің жаңа саяси бағыты» Жол­дауында: «Қазақтың ішкі тұтас­тығын бұзғысы келетін рушылдық, жершілдік әңгімемен ел бірлігін бүлдіргісі келетін күштердің пайда болуы Елбасы ретінде мені алаңдатпай қоймайды. Ондай жы­мысқы ниеттілердің айқайына құлақ асып, айтағына ілескен жан әр атаның шежіресін әспеттеп, әр жаққа тартқанын аңдамай қалуы мүмкін. Ру мен тайпаға бөліну – ұлттық тұтастықтан айырылудың өте қауіпті түрі. Қазақ шежіресінің түпкі мәнін ұмытпау керек, алып дарақтың бұтақтары сияқты күллі рулардың түбін қуа келгенде, барлығы бір ғана ұлы тамырға – қазақ деген ұлтқа барып тіреледі. Қай шежірені алып қарасаңыз да, ол қазақтың бірлігін, тұтас­ты­ғын әйгілейді. Шежіре – қазақ­ты бөлшектейтін емес, керісінше, біріктіретін ұғым. Барша адам­з­аттың Адам атадан басталаты­ны сияқты, бүкіл қазақтың ше­жіре атаулысы Атам қазақтан бастау алатынын әрбір қазақ жүрегінің төрінде ұстауға тиіс. Тек бірлесіп қана, бүкіл халық­тың күш-жігерін біріктіріп қана біз алға баса аламыз. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарас­қан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ», деп ашық айтты. Сондықтан да, біз, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, руға, жерге бөлінушілік дертімен көп болып күресуіміз қажет. Мұның өзі бұрын «Бөлшекте де билей бер» деген қағидат ұстанған отаршыл патшалық Ресей мен Кеңес өкіметінің ел ішіне іріткі салуға тырысқан жымысқа саясатының сарқыншағы екені мәлім. Мәсе­лен, Компартия тұсында респуб­ликаға, облыстар мен аудандарға басшылық қызметтерге тағайын­далған тұлғалардың қысқаша өмірбаяндарын газеттерге жария­лағанда, олардың қай облыстың қай ауданы мен ауылында туғанына дейін көрсетілетін. Соған қарап-ақ кімнің қай жүз бен рудан шыққанын шамалай беретінбіз... Ал қазір бас газеттеріміз «Еге­мен Қазақстан» мен «Казах­станская правданың» беттерінде биік лауазымдарға сайланған немесе тағайындалған азаматтардың қысқаша өмірбаяны оқырмандар назарына ұсынылғанда олар­дың дүниеге келген жылдары жа­зылғанымен, қай жерде ту­ғандары жазылмайды. Есесіне қан­дай жоғары оқу орнында бі­лім алғандығы, бұрын қандай қызметтер атқарғандығы және қандай шетел тілдерін білетіндігі көрсетіледі. Өнеге тұтып, ой салар­лықтай, қос қолды бірдей көтеріп құптарлықтай жаңа үрдіс емес пе бұл? Бірақ, ол облыстық және аудан­дық газеттерге әлі толық жете қойған жоқ. Осы орайда облыстық және аудандық әкімдіктердің жаңа тағайындаулар туралы ақпаратты газеттерге дайындап берумен айналысатын кадр және баспасөз қызметтерінің «құлақтарына –алтын сырға». Сондай-ақ, әріптестеріміздің ара­сында мақтағанның жөні осы екен деп, газетке жариялауға берген мақала-очерктерінің кейіп­керлерінің шыққан тегі мен руын дәріптеп кететіндер де бар. Бұл да естіген құлаққа түрпідей тиетін, рушылдықты жанамалап насихаттаушылық көрінісі емес пе? «Бәленшекеңнің ата-бабалары текті болған» деп әсірелегенше, сол «асылдың сынығындай» азаматтың өз басының тектілігін танытатындай қасиеттерін, қол жеткізген жетістіктерінің сырларын кеңірек ашып, өзгелерге үйренерліктей үлгі етіп ұсынғанымыз жөн болар еді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Петропавл қаласында шыға­рылатын, өздерін «тәуелсізбіз» деп атайтын басылымдардың бірінде әртүрлі этнос өкілдерінен құралған жастардың топтық төбелесін, қандай пиғылмен екені белгісіз, «екі ұлттың жастары арасындағы төбелес» деп жазған материал жарық көріп, оның аяғы насырға шаба жаздағаны бар. Әйтеуір, облыс пен қала басшылығы және облыстық Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының құрамындағы этно­мәдени бірлестіктердің беделді басшыларының, жергілікті құқық қорғау органдарының бірлесе қимылдауының арқасында журналист жаққан шырпыдан шыққан ұшқын шапшаң сөндіріліп, бір үлкен өрттен аман қалған еді. Кейін анықталғанындай, ол төбелес қызуқанды жастар арасындағы тұрмыстық негіздегі, екі жақтан да бірнеше этнос өкілдері қатысқан, ешқандай ұлттық сипаты жоқ қақтығыс болып шыққан. Оның аяғы кінәлі жақтың «ат-шапан айы­бын төлеп» дегендей, кешірім сұ­рап, татуласып-бітісуімен тынған. Бірақ, әлдеқандай себеппен әділдіктен аттаған журналистің тұтанған отқа май құйғандай бір ауыз сөзі қаншама дүрбелең туғызды десеңізші?! Сондықтан да біз, журналистер, өмірде болып жататын әрқилы тәртіп бұзушылықтар мен қылмыстар жайлы жазғанда, оларға қатысушылардың ұлтын көрсетуден аулақ болғанымыз абзал. «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады» деген мақал жадымызда жүрсе, игі. Кәрібай МҰСЫРМАН. Солтүстік Қазақстан облысы.