Әдебиет • 04 Қазан, 2022

Кофе және әдебиет 7

217 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кейде таңғы кофеңді ішіп отырып бұрынырақта оқыған бір жақсы дүниелер мезет есіңе түседі. Мәселен, өткенде ғана газет бетінде Әмірхан Меңдекенің Шерхан Мұртаза туралы әдемі эссесі жарияланды. Сонда автор әлқиссасын «Алтын тікеннен» бастайды. Бұл әңгімеде әлдебiр дүниелiк музыка бар дейді. Сол мұңды әуен шығарманың соңына дейін бір үзілмейді деп жазады.

Кофе және әдебиет 7

«Бұл қайдан шыққан музыка? Ненiң музыкасы? Сазсырнайдың үнi ме? Жоқ, шаңқобыздың уiлi ме?

Бұл – адам жанының музыкасы. Бұл – адамды адам еткен, адамды адамдық кейiпке ендiретiн киелi сезiмдердiң, яки Аңсау мен Сағыныштың уiл-үнi. Соның көркем сөзбен таңбаланған нотасы».

Сонау бір жылдарда оқыған һәм бүгінгі күндері бақташы қалтырауық шалдың бейнесі санадан өшіп үлгерген біз үшін, әрине, бұл музыка таңсық. Әйтсе де, шығарманың өне бойындағы мұңды әуенді өзің естуге, жаныңмен се­зінуге ынтығады екенсің. Сөйтіп оты­рып Шерхан Мұртазаның «Алтын тікенін» қайта оқыдық. Әлгі «бойлауық музыканы» іздедік. Айтпақшы, ол тікен неге алтын?

* * *

Ақиқатында, өмір сәттер мен есте­ліктерден тұрады деседі. Алайда жұл­дызды сәттердің ешқашан бітпегенін, белгісіз бір мекенге кеткенше ылғи ба­қытты болуды қалайтын біз үшін бұл шын­дық өте ауыр. Бәлки, қалтырауық Жұмәлі үшін де ауыр болған шығар. Бірақ ол бүгінде бәріне көндіккен: өмір­дің өткіншілігіне де, кемістігіне де, бақташылығына да. Бар ғұмырында ауыл арасынан ұзап шықпаған, малдан басқаны көрмеген, асқан бір аузы дуа­лы шешен емес, не ас-жиында Құран оқыр молда емес – өзі бір өнерсіз.  Ар­қы­рап тұрған мінез жоқ – қадірі де шамалы. Қоңыр тіршілігін қадари-халінше сүріп жүрген адам. Бар абыройы – бақташылығы. Бар байлығы – сиыр бағып тапқан ақысы. Оның өзін «Құдайдан безген» Қатшалар бермей созып жүреді.

Сол қалтырауық шалдың қартайған жанын, мойыған, суыған көңілін бір сәт жылытатын әдемі естелігі бар. Арада қырық жыл өтсе де еміс-еміс еске түсіп, бақташыны сонау жылдардағы бозбала шаққа жұлқындыратын да сол естелік.

«Бiздiң ауыл Бурылдың төрiнде отыр,

Өзiң көрген баяғы жерiнде отыр.

Шыныменен көңiлiң бiзде болса,

Сағат сайын көзiме көрiн де отыр.

Қарағым-ай!

Қабағың-ай,

Ақ қағаздан аппақ-ай

Тамағың-ай!»

Ол тарбиған қара шеңгелдің тү­бін­де шалқып отырып осы жолдарды мастана күбірлейді. Әрине, сырттан қарағанда қаптаған тікеннің түбінде көлеңкелеген кәрі малшыны көресіз. Ал бетпе-бет келсеңіз, жанарында аңсар ұшқын ойнаған, көңілі өткен күндердің етегінде қалқып, сол жанды, сол сәтті іздеген, сағынған жарымжан бір жүрек. «Көкірегінде көмулі жатқан бір арман». Сондағы еріп отырып еске алған естелігі Жұмәлінің өзіне ғана ыстық. Әйтпесе қалтырауық жігіттің бір ауыз өлеңіне өлеңмен құдашасы да оңдыртпай бетінен қаққан жоқ па?.. Сонда да ұмытпайды. Ойлап отырып, мәз болады.

Ол мына дүниенің бар әділетсіздігі­не көндіксе де, тек бір-ақ нәрсеге сенгісі келмеді. «Қыпша бел құдашаның демде бақырауық қисық кемпірге айналып кеткенін бақташы мойындағысы келмейді». Алғашқы әсеріне ешбір дақ түсірместен, жоғалтпастан, ұмытпастан өмірінің соңына дейін сақтауға тырысты.

Ақ тамақ құдашаны ойша елесте­тіп, сөйлесіп отырған бақташының бұл күйін ебелек астындағы кесіртке ғана тыңдап тұр. Қара шеңгелдің түбіндегі шалдың әр әрекетін бақылаған кесіртке арасында тамағы бүлкілдеп, кейде мойнын созып тыңдай түседі. Бақташы­ның бұл күйін жер-әлемде, алақандай ауылда басқа ешкім сезіп білмейді. Қалтырауық Жұмәлінің мұндай аңсар халге түсетінін, тіпті тірі жан болжамайды да. Бақташының қолынан тек сиыр бағу келеді-мыс. Ақ тамақ аруды аңсау оның не теңі?

Алайда малшының армандай алатынын, оның да жүрек тереңінде тебіреніп еске алар әдемі естеліктері, жып-жылы сәттері бар екенін анадайда жұтынып тұрған кесіртке мен арқасындағы қара шеңгел ғана біледі. Екеуі де адамдардың өмірі тек үзік-үзік сәттерден, жылт еткен сезімдерден тұратынына жаны ашып тұрғандай. Дегенмен кей сәттерде сол Жұмәлілер қай-қайсымыздан бақыт­ты көрінуі мүмкін. Асып-тасымаса да оңаша қалғанда ойға алар естеліктері бар. Себепсіз толқытатын сәттері бар. Уақыт өте келе адамдар қалтырауық Жұмәліше жұбануды ұмытатын секілді. Кеуде қуыс: сағыныш жоқ, аңсар жоқ, көңілді анау төбелердің арғы жағында қалған жыраларға ала жөнелетін себеп жоқ. Жүрек қатая бастаған осындай шақтарда өткен жылдардағы жақсы сәттер ғана адамды шын қуантатын сияқты. Күнделікті тұрмыстан, жалпы зырғып өтіп жатқан өмірден жалыққан кездерде көңіліңе медеу болатын да сол естеліктер. Ал бақташы Жұмәлінің «тамағы ақ қағаздан аппақ құдашасы» бар. Ол сол үшін де бақытты.

Ал тарбиған қара шеңгел қалтыра­уық шалдың арманын орындады – ақта­мақ сол аруды көз алдына алып келді. ­Сол үшін де ол алтын.