21 Мамыр, 2014

Көршілік хақын шекара үзе алмайды

267 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
интеграцияЕжелден көршілік хақы сақтал­ған мұнайлы өңірдің Астрахань облысымен тығыз қарым-қатына­сы орнықса, соңғы жылдары Яро­славль, Волгоград, Мәскеу, Кра­снодар, Орынбор, Нижний Нов­город, Чебоксары секілді көптеген өңірлермен арадағы әріптестіктің тіні беки бастады. Аталған облыс­тар­дың бірнеше компаниялары­мен, кәсіпкерлерімен сенімді әріп­тестік байланыстар орнықты. Вол­гоград, Саратов облыстарының кә­сіп­керлерінен құралған делегация­лар Атырауға жиі келіп, тиімді келі­сімдерге қол жеткізіп жүр. Атырау мен Астрахань, Ново­сібір, Омбы, Саратов, Волгоград облыстарының сауда-өнеркәсіптік палаталары арасында өзара ынтымақтастық туралы келісімдер жасалған. Ресей өңірлерімен әріптестік мұнайлы өңірде өндірілетін отан­дық өнімдердің сапасын көтеріп, бәсе­келестікке қабілет­тілігін арттырды. Сонымен бірге, ежелгі көршінің көптеген өңірлерімен әр салада жасалған байланыс сыртқы сауда айналымын жаңа белестерге көтерді. Қазір бұл салада Ресей Федерациясы ТМД елдері арасынан бірінші орынға шығып отыр. Мәселен, өткен жылы осы елмен арадағы сыртқы сауда айналымы 308,1 миллион АҚШ долларын құрады. Мұнайлы Атыраудан Ресейдің әр өңіріне экспортталатын өнімдер қатарына құрылыс материалдары, әралуан киім түрлері мен оған қажетті шикізат түрлері жатады. Ал өңірге Ресейден әкелінетін импорттық тауарларды негізінен өнеркәсіптік өнімдер құрайды. Соның ішінде, тамақ өнеркәсібінің өнімдері, металл және металл бұйымдары, көлік құралдары мен қосалқы бөлшектер, тұрмыстық техника мен түрлі жабдықтар бар. – Екі ел арасындағы баян­ды байланыстардың бастауын Қазақстан-Ресей басшылары салып берді, –дейді Астрахань облысының халықаралық және сыртқы экономикалық байланыс­тар министрі Денис Афанасьев. – Бұл екі елдің экономикалық ын­ты­мақтастығын одан әрі нығайта түсуге тың серпін берді. Яғни, біз Қазақстаннан жаңа әріп­тес­тер тауып, екі елге тиімді әрі қажетті жаңа өндіріс орындарын ашуға жаңа мүмкіндік алдық. Бұл өз кезегінде Ресей мен Қазақстан экономикасының қуаттануына, тараптар арасындағы сауда көлемінің ұлғаюына, бәсекелестікке төтеп бере алатын, жоғары сапалы өнім өндірушілердің қатарын көбей­туге негіз болмақшы. Демек, біз­дің өзара интеграциялық бай­ла­ныс­тарымызға, көршілік хақы­мызға шекара кедергі бола алмайды. Астрахань на параде Иә, шындығында, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың әуелі Ресейдегі Қазақстан, содан соң Қазақстандағы Ресей жылын өткізуге ұйытқы болуы екі ел достығын одан әрі дамыта түсті. Бұрын Атырау облысында ресейлік компаниялар үлесі өте аз болушы еді. Мәселен, 1999 жылы Атырауда Ресей капиталының қатысуымен 35 компания болса, қазір олардың қатары 67-ге жетіпті. Бұл компаниялардың дені мұнай-газ секторы мен құрылыс индус­триясында, құрал-жабдықтар мен ақпараттық технология, азық-түлік жеткізу, сонымен қатар, жүк тасымалы және автокөлік сату саласында жұмыс жасайды. Әрине, Ресеймен арадағы екі жақты байланыстардың арқауы ежел­ден қалыптасқанымен, Аты­рау мен Астрахань облыстары арасындағы келісімнің құжаттық нұсқасына 1995 жылы қол қойылды. Өйткені, Каспий жағалауында қоңсы отырған қос облыстың бір-бірінен айырмашылығы соншалықты көп емес. Біздегідей мұнай-газ кеніштері оларда да бар. Бекіре тұқымдас балықтар шабағын өсіру зауыттары да солай. Экономиканың салалары да бір-біріне ұқсас. Осы себептен, Атырау мен Астрахань арасында іскерлік, экономикалық байланыс­ты одан әрі тереңдету, дамыту үшін шаралар жоспары пысықталып келеді. Атыраудың Құрманғазы ауданы Астраханьның төрт ауданымен шектесетіндіктен, Красный Яр, Володар, Қарабайлы, Ақтоба аудандарымен ынтымақтастықтың үлгісі қызығарлықтай. Екі жақты келісімді тереңдету тек шекарадағы аймақтарда ғана емес, бұл о бастан өзара сенім мен әріптестікті мақсат тұтқан Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекетаралық деңгейде де ше­шімін тауып келеді. Екі мемлекет арасында Біртұтас экономикалық кеңістік орнады. Экономикалық интеграцияның көкжиегі кеңіді. Мұны аймақтық деңгейде де дамытуды шекарадағы облыс­тар басшылары күнделікті атқа­рар жұмысының бір парасы санағандықтан, сауда-эконо­микалық, кәсіпкерлік құрылымдары арасындағы іскерлік байланысты кеңейту мәселелерін тұрақты пысықтап отырады. Экономиканың әр саласында іскерлік шаралары өтіп тұрады. Демек, Қазақстан-Ресей қарым-қатынасын дамыту тек экономикада емес, сондай-ақ әлеуметтік-мәдени салада да орныққан. Білім беру саласы негізінде Астраханьдағы орыс мектептерін қазақ тілі оқулығымен қамту жобасы қолға алынды. Құқық қорғау мекемелері өзара байланысты орнықтырып, шекаралық аймақтар тұрғындарының құқығы бұзыл­мауын қамтамасыз етіп отыр. Қазақстан мен Ресей Прези­денттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин шекарадағы мұнай кеніштерін бірлесіп игеру жөнінде өзара уағда жасағаны екі ел арасында ынтымақтастықтың тамыры тым тереңде екенін байқатады. Осындай өзара ықпалдастықтың негізінде шекарадағы “Құрман­ғазы”, “Хвалынское” және “Имашев” кен орындары екі елдің мұ­най­­шыларының бірлесуімен игеріледі. “Құрманғазы” кенішінде барлау жүргізу үшін қазірдің өзінде Ресеймен бірлескен кәсіпорын құрылып, “ҚазМұнайГаз” бен “Роснефть” компаниялары арасында өнімді бөлісу жөнінде 55 жылға келісім жасалды. “Хвалынское” кен орнына қатысты дәл осындай қадам жасалуда. Ал “Имашев” кен орнының Атырау облысы үшін маңызы ерекше. Өйткені, бұл – біздің облыстағы мол, бірден-бір газ конденсаты қоры бар кен орны. Кен орнын ресейліктермен бірлесе игерудің маңыздылығы сол, бұл Астраханьдағы газ өңдеу зауытына жақын орналасқан. Жалпы, шекарадағы мұнай кеніштерін ресейліктермен бірлесе игеру екі мемлекеттің ынтымақтастығын, ықпалдастығын, ежелден достық рәуіштегі қарым-қатынастың, әріптестіктің тінін бекіте түседі. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы.