Үкімет • 04 Қазан, 2022

Жол-көлік оқиғасынан қаза тапқандар көп

221 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алдымен Мемлекеттік қала құрылысы кадастрын енгізу мәселесі қаралды. Аталған тақырып бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов және Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады.

Жол-көлік оқиғасынан қаза тапқандар көп

Тығыз құрылыс салуды тоқтатады

Ведомство басшысының хабарлауынша, Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған жүйесі – елді мекендердің ағымдағы және жоспарланып отырған дамуы туралы ақпаратты қамтамасыз етудің негізгі құралдарының бірі. Бұл жүйе цифрлық бас жоспарларды, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын, ғимараттар мен құрылыстардың орналасуы, инженерлік инфрақұрылым, көше-жол желісі, сондай-ақ абаттандыру туралы деректерді жинауды, өңдеуді және сақтауды қамтамасыз етеді. Жүйенің негізгі міндеттері – қала құрылысы кадастры деректерін толтыру және өзектендіру, халықпен бизнесті инженерлік желілер туралы өзекті ақпаратпен қамтамасыз ету, инфрақұрылымдық деректерді цифрландыру есебінен техникалық шарттарды алудың ашық процесін қалыптастыру.

Қала құрылысы кадастры жүйесі өнеркәсіптің жоспарланған және жұмыс істеп тұрған объектілеріне, әлеуметтік инфрақұрылым бойынша ақпараттың кең ауқымын қамтиды. Қала құрылысы кадастрының тақырыптық деректер базасы, өңірдің экономикалық мамандануын, инфрақұрылымдық қамтамасыз етілуін, өңірде ұқсас объектілердің болуын және оның жүктемелігін ескере отырып, инвестициялық жобаларды оңтайлы орналастыруды таңдауға мүмкіндік береді.   Өз кезегінде, әлеуметтік объектілердің цифрлық деректерінің болуы, тіршілік инфрақұрылымын базалық қамтамасыз етуді бағалауға мүмкіндік береді. Осылайша, басқарушылық шешімдерді оңтайлы қабылдаудың цифрлық құралы қалыптастырылды.

Қ.Өскенбаевтың айтуынша, қала құрылысы кадастры қала құрылысы қызметінің ашықтығын, қала құрылысы жобаларын әзірлеу мен іске асырудың сәйкестігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Ол үшін біз объектінің бірегей нөмірін енгізуді пысықтап жатырмыз. Бұл біріздендіру, жеке сәйкестендіру нөмірмен ұқсастығы бойынша сәулет-жоспарлау тапсырмасын беруді, адами факторды болдырмай, бас жоспарларға және егжей-тегжейлі жобалау жоспар­ларына сәйкес жүйеде эскиздік жобаны келісуді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ құжаттардың нысаналы мақсатқа сәй­кес­тігіне түпкілікті тексеруді жүргізуге мүмкіндік береді», деді Қ.Өскенбаев.

Аумақтардың бос қуаттары бойынша деректердің ашықтығы – инвесторлар мен қарапайым халық үшін негізгі проблемалардың бірі. Қазіргі уақытта елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 890-ға жуық табиғи монополия субъектілері бар. Оның тек 21-і геоақпараттық жүйелерде жұмыс істейді. Табиғи монополия субъектілерінің қала құрылысы кадас­тры жүйесінің деректерін пайдалана отырып техникалық шарттарды беруі, өз кезегінде мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде орналасқан және бос қуаттарды көрсету, халық пен бизнес үшін ашық процесті жүзеге асыруға қолайлы жағдай туғызады. Сонымен қатар бос қуаттарды брондау мүмкіндігін қамтамасыз ете отырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл инженерлік желілердің деректерін қала құрылысы кадастрының бірыңғай ашық геоплатформасында үздіксіз өзектендіруге мүмкіндік береді. Бұл жүйе пайдалануға берілген тұрғын үй бойынша деректердің сенімді енгізілуін қамтамасыз етуге де ықпал етпек.

Биыл Мемлекет басшысының тап­сыр­масы бойынша мемлекеттік қала құ­рылысы кадастрының автомат­тан­дырылған ақпараттық жүйесі есеп­тік деректердің манипуляциясын, статис­тикалық есептілікті ұсыну кезінде дерек­тердің бірнеше рет қайталануын анықтады. Осыған байланысты, объек­ті­лерді пайдалануға беру актілерін геобай­ланыстыру мен жылжымайтын мүлік тізілімінің статистикалық деректерімен және базасымен салыстыру үшін қала құрылысы кадастры жүйесін қолдану енгізілді. «Сонымен қатар біз объектіні пайдалануға беру актілерімен бірге атқарушы түсірілімдерді мемлекет­тік қала құрылысы кадастрының автомат­тандырылған ақпараттық жүйесіне енгізу бойынша заңнамалық түзетулерді пысықтап жатырмыз. Бұл шара қосымша бюд­жеттік шығыстарсыз желілерді ағым­дағы түгендеуді жаңартуды, сондай-ақ ау­мақ­тарды инфрақұрылымдық қам­тама­сыз ету бойынша халыққа және бизнес­ке өзек­ті деректерді ұсынуды қамтама­сыз етуге мүмкіндік береді», деді Қ.Өскен­баев.

Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр көпшілік ұдайы көтеретін қалалардағы бейберекет және тығыз құрылыс салу мәселесін шешу қажет­тілігіне назар аударды. Мемлекет бас­шысының Жолдауын іске асыру аясында халық пен бизнеске жер учаскелері мен инженерлік схемалар туралы ашық ақпарат берілетінін атап өтті.

«Сол үшін бүкіл ел аумағы бойын­ша бірыңғай Қала құрылысы кадас­тры мен сараптамасы енгізіліп жатыр. Жер учаскелері мен инфрақұрылым желі­лері­нің интерактивті картасы дайындалуда. Ол тұрғындар мен кәсіпорындарға инже­нер­лік және коммуналдық нысандарға жедел қосылуға мүмкіндік береді», деді Ә.Смайылов.

Қала құрылысы сараптамасы қа­ладағы бейберекет және сапасыз құры­лыстарды тоқтатуға, қала тұрмысына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

«Бұл шаралар құрылысты жобалау кезінде қаражатты барынша үнем­деуге және құрылыс талаптарын қатаң сақтауға мүмкіндік береді. Интерактивті кар­таларда бос жатқан жер учаскелері мен инфрақұрылым туралы соңғы мә­ліметтер болады», деді Премьер-Министр.

Ә.Смайылов 2023 жылдың соңына дейін Мемлекеттік қала құрылысы кадастрын толығымен енгізуді және автоматтандыруды, кадастрлық ақпараттық жүйелердің интеграциясын қамтамасыз етуді, сондай-ақ өңірлік желілерді инвентаризациялау үлесін жыл соңына дейін 75%-ға, ал 2024 жылға қарай 100%-ға дейін жеткізуді тапсырды.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

Жол мен көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет

Үкіметте жол қауіпсіздігін қамта­масыз ету шаралары қаралып, Премьер-Ми­нистр осы мәселе бойынша жол қоз­ға­лысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жө­нін­дегі шараларды күшейтуді тапсырды.

Ішкі істер министрі Марат Ахмет­ханов жыл басынан бері елімізде апат бойынша барлық көрсеткіштің өскенін айтты: Жол-көлік оқиғалары (9 429), оның ішінде қаза тапқандар (1 478) мен жараланғандар (12 394) саны айтарлықтай артты. Бұл орайда талдау автомектепте оқымай, көлік айдауды «өз бетінше үйренгендер» адам өліміне алып келетін ЖКО-ның 50%-на жауапты екенін көрсетіп отыр.

Алматы қаласында, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында жолдар аса қауіпті. Аталған өңірлерге Қазақ­стан бойынша барлық ЖКО-ның 56%-ы, жарақат алғандардың 55%-ы және қа­за тапқандардың 41%-ы тиесілі. Жал­пы есепті кезеңде полиция 4,5 млн-ға жуық жол қозғалысы ережелерін бұзу фак­тісінің жолын кесті, 17,5 мыңнан астам мас жүргізуші ұсталды, 20 мың жүргізуші көлік басқару құқығынан айы­рылды.

Министр техникалық тексеру орта­лықтарын ашуға қойылатын талаптар төмендегеннен кейін тексеруден өту туралы жалған талондар беріле бастағанын атап өтті. Мәселен 106 мың жүргізуші техникалық регламенттердің талаптарына сай келмейтін көлікті басқарғаны үшін жауапқа тартылды, тағы 80 мың жүргізушіге жалпы техникалық тексеруден өтпегені үшін айыппұл салынды.

Автомектептерге қойылатын талаптар мен жүргізуші даярлау сапасы әлсіреді. Қазір 747 оқу орталығы бар. 2018 жылдан бастап оларға лице­нзиялаумен рұқсат беру алып тасталды. 2020 жылдан бері олардың қызметіне мемлекеттік бақылау да жоқ. Дайындықтың төмен сапасы үшін әкімшілік жауапкершілік жойылды. Осының кесірінен оқу процесі формализмге айналды. Көп мектепте керекті материалдық база жоқ. Талдау көрсеткендей, жүргізушілер арасында адам өліміне әкеп соқтырған апаттардың 50%-ы «өздері жүргізіп үйренгендердің» қатысуымен болады.

«Мойындау керек, мемлекет бұл салада бақылауды әлсіретіп алды. Сон­дық­тан қазіргі уақытта министрлік тиісті ұсы­ныс­тарды әзірлеп жатыр», деді министр.

Былтыр Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет осындай 350 мың жалған құжат жасап, 600 млн теңге заңсыз табыс тапқан ұйымдасқан қылмыстық топты ұстады. Оған қоса, соңғы төрт жылда техникалық жағдайға байланыс­ты байқаудан өтпей қалған көлік саны екі есеге азайған. Ішкі істер министрі бұл жағдай күмән тудырады деп ойлайды. Өйткені көліктердің техникалық регламент талаптарына сай келмеуіне байланысты 106 мың жүргізуші жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ техникалық байқаудан өтпеген 80 мың жүргізушіге айыппұл салынды. Кезінде бұл функция кәсіпкерлік саласына берілген. «Бірақ процедураны жеңілдетеміз деп көптеген теріс салдарға жол бердік. Жол апаттары көбейді. Ал жемқорлық артты», деді М.Ахметжанов. Министр осыған байланысты Индустрия министрлігіне автокөлікті жалған тексеру фактілері үшін техникалық байқау операторларының жауапкершілігін күшейтуді ұсынды. Оның айтуынша, келесі үшінші және ең негізгі себеп –жолдардың жағдайы және инфрақұрылымы. «Жол-көлік оқиғасының 75%-ы және жаяу адамдарды қағып кету салдарынан болған өлімнің 28%-ы елді мекендерде орын алған. Жалпы, жаяу кісілермен болған апаттардың ең көп үлесі – Алматы, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау облыстарында, Шымкент және Алматы қалаларында», деді Ішкі істер министрі. Бұл, көбінесе жаяу жүруге арналған жолдардың, жарықтың жоқтығына байланысты. Мысалы, 19 қыркүйекте Алматы облысының Талғар ауданында кешкі уақытта 10 жасар баланы қағып кетіп, ол сол жерде қаза болды. Бұл оқиға сол ауылдағы алғашқы жағдай емес. «Әкімдер тарапынан бұл мәселе тез арада шешілмесе, жағдай қиын болмақ», деді М.Ахметжанов. Жол қоршаулары бойынша да жағдай мәз емес. Жалпы, республика бойынша қажеттілік – 2 млн пагондық метр. Оларды орнату жұмыстары Алматы, Жетісу облыстарында және Шымкент қаласында нашар жүріп жатыр. Жалпы, ел бойынша қиылыстарда 1 200 бағдаршам, 1 600 «кері санақ» таблосы, 25 мың жол белгісі және 1 млн шақырымға жол таңбасын орнату қажет. Бүгінгі таңда жол ережесін бұзу фактілерін тіркейтін 17 мыңнан аса автоматты камера жұмыс істейді. Бұл өз тиімділігін көрсетуде. Жол ережесін бұзудың 50%-ын осы камералар анықтап жатыр. Ал Астана мен Шымкентте бұл көрсеткіш 70%-ға дейін жетті. Министрліктің бастамасымен шілде айынан бастап 6 қалада – Астана, Алматы, Шымкент, Өскемен, Атырау және Түркістан қалаларында «Қорғау» қосымшасы іске қосылды. Бұл жалған нөмірлері бар, сақтандыру полисі жоқ, іздеуде жүрген немесе жол ережесін жүйелі түрде бұзатын және айыппұл төлемей жүрген жүргізушілерді анықтайды. Бұған дейін мұндай фактілер барлық көлікті тоқтатып, олардың құжаттарын жеке тексеру барысында ғана анықталатын.

Сондай-ақ аталған мәселе бойынша Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды және Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов баяндама жасады.

Мәселені қорытындылаған Премьер-Министрдің айтуынша, Қазақстан – жол қауіпсіздігі бойынша әлемдік рейтингте 107-орында. Дамыған елдерге қарағанда, бізде жол апаттарынан қаза табу ықтималдығы 11 есе жоғары.

«Жалпы, елімізде жол қауіпсіздігіне қатысты жағдай өте күрделі: 8 айда жол апаттарының саны 14%-ға, қаза тапқандардың саны 18%-ға көбейді. Орта есеппен жолда тәулігіне 5-6 адам қаза табады. Бұл – өте ауыр жағдай», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы елімізде жүргі­зу­шілер арасында көлік жүргізу мәдениеті өте төмен екенін атап өтті. Жол ережесін жиі бұзатын шамамен 71 мың жүргізуші анықталды. Олардың кейбірі биыл жол ережесін 150 рет бұзған. «Әрине, мұндай жүргізушілерді қатаң жазаға тарту керек», деді Ә. Смайылов.

Сонымен қатар Премьер-Министр жүргізушілерді даярлау сапасы да күмән тудыратынына назар аударды. Үкімет басшысының ойынша, автомектептер жұмысындағы тәсілдерді өзгерту қажет. Себебі бүгінде оларды бақылап жатқан ешкім жоқ, лицензия берілмейді. «Көлік жүргізуге арналған автодромдар жеткіліксіз. Әкімдіктер бұл мәселені бизнеспен бірге қарауы тиіс», деді ол.

Ә.Смайылов жалпы білім беретін мек­тептерде балаларға жол жүру ережесі оқытылмайтынын айтып өтті. Автокө­ліктерді техникалық тексеру сапасына қатысты да сұрақ көп. Көлік апаттарының негізгі себебі – жолдардың нашар жағдайы. «Қазақстандықтар тарапынан жолдың сапасына қатысты шағым өте көп. Мәселен, 26 қыркүйекте Ақтөбеде тұрғындар айналма жолды жауып тастады. Себебі ол жолда не жарық жоқ, не жаяу жүргінші өтетін жер, не қауіпсіздік элементтері жоқ. Мұның бәрі жол апатына алып келеді», деді Ә.Смайылов.

Премьер-Министр жол қауіпсіздігі саласында бейнекамералар мен басқа да техникалық бақылау құралдары жеткіліксіз екенін де атап өтті. Мәселен, республикалық маңызы бар автожолдарда бейнебақылау жүйесі Ақмола облысында ғана бар.

«Біздің басты міндетіміз – жол қауіп­сіздігі, жол апаттары мен одан қаза болу жағдайларын азайту бойынша кешенді шешімдер қабылдау», деді Ә.Смайылов.

Осыған орай Үкімет басшысы жол апаттарының көбеюіне қатысты жан-жақты талдау жүргізуді, жол апаттары жиі болатын учаскелердегі қозғалысты қадағалау жұмыстарын күшейтуді, қауіпсіз жол инфрақұрылымын жасау бойынша қосымша шаралар қабыл­дауды, сондай-ақ жолдағы камераларды көбейтуді тапсырды. Одан бөлек, Индус­трия және инфрақұрылымдық даму министр­лігіне көлік құралдарын техни­калық тексеру сапасын тиімді бақы­лау тетігін жасау, жолдардың жай-күйін бақылауды күшейту, ал Әділет және Ішкі істер министрліктеріне сапасыз жүр­гізушілерді даярлайтын авто­мектеп­тер­дің жауапкершілігі мәселесін қарау тап­сырылды.