21 Мамыр, 2014

Білім саласындағы байланыстар да тереңдей түспек

384 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
интеграцияҚазақстан мен Ресей арасындағы әріптестік байланыстар әлеуметтік-экономикалық және мәдени саламен ғана шектелмейді. Оң үдеріс орта және жоғары білім беру жүйесінен де кең көрініс тауып отыр. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті ресейлік жоғары оқу орындарымен бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі. Өйткені, маман даярлау ісіндегі мол тәжірибені бірлесіп игеру екі жақ үшін де өте тиімді. Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыс әуелден орныққан, енді, міне, сол қарым-қатынасымыз еуразиялық ықпалдастық түрінде бұрынғыдан да тереңдей түсетіні анық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл идеяны бұдан 20 жыл бұрын көтерген еді. Еуразиялық ықпалдастықтың жемісі экономиканың әр саласында ғана емес, сонымен бірге, ғылым мен білімді бірлесе дамытуда да көрінуі қажет. Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселеге М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде сөйлеген сөзінде Астана қаласында 2001 жылдан бері Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалының жұмыс жасап жатқанына тоқталып, «Соның арқасында бұрыннан тарихи байланыс бар Қазақстан мен Ресейдің ғылыми, білім байланыстары бүгінде жаңа мазмұнға ие болды», деп атап өтті. Екі елдің жоғары білім беру жүйесіндегі байланыстары шекаралас аймақтарда қарқынды дамып келеді. Соның бір дәлелі ретінде университетіміз Ресейдің бірнеше жоғары оқу орындары, ғылыми зерттеу институттарымен ынтымақтастық байланыс орнатты. Ресейлік оқу орындарымен болған кездесуде Ульянов қаласынан келген ғалымдар өздері жасақтаған озық жобаларды ортаға салды. Ульянов мемлекеттік педагогикалық университетін жылына мыңдаған түлек тәмамдайтын болса, соның 75 пайызы педагог мамандар. Кездесу барысында екі оқу орнының біріккен оқу бағдарламасын жасау, қазақстандық магистранттардың Ресейде ғылыми іс-тәжірибеден өтуін қамтамасыз ету, студенттердің әлеуметтік жағдайын жақсарту секілді бірнеше инновациялық жобалармен алмасылды. Ресейлік осы оқу орны үшін университетіміз Қазақстандағы алғашқы серіктес болып отыр. DSC01072.jpg тТарихы бай екі іргелі оқу орындарының қабырғасы бір жылда қаланған. Ең бас­тысы, екі ел білім ордасының бір-бірінен үйренетін тұстары аз еместігі айқын, бұған дәлел болашақта атқарылар ауқымды бірлескен ғылыми жобалар мен халықаралық ынтымақтастық аясындағы атқарылар жұмыстар. Сонымен қатар, болашақта екі оқу орны алдында бірлескен бизнес-инкубатор құру жоспары да бар. Кездесу барысында халықаралық ынтымақтастық аясында екіжақты байланысты нығайтуда меморандумға қол қойылды. – Ресейлік жоғары оқу орны шағын мектептердегі жұмыс  тәжірибесімен бөлісті, енді шағын құрылымды мектептер бүгінгі таңда тек қана біздің өңір ғана емес, жалпы Қазақстан бойынша бұл мәселе өте күрделі болып тұр. Шағын мектептерге мұғалімдер дайындау мәселесіне келетін болсақ, Ульяновск қаласының мемлекеттік педагогикалық университетінің мол тәжірибесі бар екендігі және де бұл жағынан да бола­шақта үлкен тәжірибе алмасу болатыны сөзсіз. Сонымен қатар, университет ғалымдары үшін бірлескен ғылыми жобаларды атқаруға жаңа мүмкіндіктер ашылары айқын, – деді М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың бірінші проректоры Әсет Тасмағамбетов. Ал РФ И.Н.Ульянов атындағы мем­ле­кеттік педагогикалық универси­тетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Наталья Ильинаның айтуынша, екі жаққа да өте тиімді әріптестік байланыс тек педагог мамандарды ғана емес, жалпы әлеуметтік-гуманитарлық саладағы кадрларды даярлау ісінен айқын көрініс тауып отыр. Білім беру бағдарламасы аясында даярлықтан өткен мамандар бірден Ресейдің және Қазақстанның дипломын иеленеді. Және бір ұтатын жеріміз, академиялық ұтқырлық негізінде білім алатын жас ізденуші ғалымдармен бірге магистранттар мен профессорлық-оқытушылық құрамның қатары да арта түседі. Бұл – университеттің Ресейдің жоғары оқу орындарымен байланыстарының бір ғана көрінісі. Оқу орнындағы екі ел арасындағы байланыс жоғары білім беру жүйесіндегі академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы да тиімді жүргізілуде. Заманауи білім беру жүйесі дамуының маңызды тенденцияларының бірі студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығы болып табылады. Академиялық ұтқырлық – халықаралық білім беру кеңістігіне ғылым мен жоғары оқу орындары интеграциялануының маңызды жақтарының бірі. 2011 жылдың 19 қаңтарында қабылданған Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарындағы академиялық ұтқырлық тұжырымдамасында атап көрсетілгендей, «халықаралық білім беру кеңістігіне қозғалыстың жүзеге асырылуының басты мақсаты – қазақстандық жоғары білімнің сапасын әлемдік стандарттарға сәйкесті қамтамасыз ету және оның бәсекеге қабілеттілігі мен тартымдылығын арттыру». Оның негізгі қабілеті қазақстандық білімнің халықаралық білім беру кеңістігіне интеграциялануына, адам капиталының даму деңгейі мен білім сапасының артуына, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің интернационалдануын күшейтуге негіз болады. Аталған бағдарлама аясында университетіміз іргелес отырған Ресейдің жоғары оқу орындарымен білім, ғылым, мәдениет, өнер саласында ынтымақтастық байланыста. «Мәдениет – өміріміздің негізі, ол ұлы идея төңірегінде құндылықтарды туғызатын бірегей тетік. Бейбітшілік, руханият және келісім – бұл бірліктің кепілі»,  деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында сөйлеген сөзінде. Университет мәдениет пен өнер саласында Самара мемлекеттік мәдениет және өнер академиясы, Саратов консерваториясымен мәдени байланысын нығайтуда. Бұл өз кезегінде жастардың шығармашылық талпынысы мен кәсіби білімге ынталандыруға септігін тигізері анық. Осы Ассамблея отырысында сөйлеген сөзінде «Алысты-жақынды шетелдермен ықпалдастық жайына, G-Global жүйесінің мән-маңызына тоқталған Елбасы,  ХХІ ғасыр – интеграция ғасыры. Ең дамыған елдердің барлығы бүгінгі биіктерге интеграция арқылы жетті. Интеграция – ел тәуелсіздігіне еш қауіп тудырмайды, керісінше, нығайта түседі. Ол нарықты кеңейтеді, алыс-беріс пен барыс-келісті арттырады, бәсекелік қабілетімізді шыңдайды,  деген болатын. Қазақстан мен Ресей жоғары оқу орындары арасындағы ықпалдастық байланыс білім мен ғылым саласында да бәсекелестік қабілетті арттырып, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асырып, маман даярлау ісіндегі мол тәжірибені бірлесіп игеруге зор мүмкіндіктер тудырары сөзсіз. Рита СҰЛТАНҒАЛИЕВА, М.Өтемісов атындағы БҚМУ  қызметкері. ОРАЛ.