Аймақтар • 05 Қазан, 2022

«Қазбаттықтарға» арналған ескерткіш

282 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай қаласында тәжік-ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарына қатысушы жауынгерлердің құрметіне ескерткіш орнатылды.

«Қазбаттықтарға» арналған ескерткіш

Мемлекетаралық уағдаластықтарға сәйкес 1992 жылдан 2001 жылға дейін ТМД-ның ортақ шекарасын Қазақстан, Өзбек­стан, Қырғызстан және Ресейдің ортақ әскері күзеткен болатын. Осы жыл­дары «Қазбат» аталған қазақстандық бітім­гершілік батальоны құрамында 14 мың­ға жуық азамат әскери іс-қимылдарға қаты­сып, тәжік-ауған шекарасын сепера­тис­терден қорғады. Әскери қақтығыстар сал­дарынан сол жылдары 46 қазақстандық қаза тауып, 400-ден астам адам жарақат алған еді. Бейбіт күнде басын қатерге тіккен сарбаздардың арасында 300-ден аса батысқазақстандық болыпты. Бүгінде солардың 55-і Бөрлі ауданында тұрады. Ақ­сай қаласында «қазбаттықтарға» арнал­ған ескерткіштің ашылуына солар мұ­рындық болған.

– Тәжік-ауған шекарасында жауын­герлік міндетін орындап қаза тапқан 19 жасар жігіттер борышы мен антына адал болған батырлар еді. Олар – Тәуелсіз Қазақ­станның алғашқы ардагерлері болды. Бүгін біз осы монументті ашып, ел тыныш­тығы үшін жанын қиған ержүрек әскери қызметкерлердің рухына тағзым етеміз! Олардың ерлігі мен абыройы қазіргі жастарға үлгі болуы тиіс! – деді ескерткіштің ашылу салтанатында Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов.

Тәжік-ауған шекарасындағы әскери іс-қимылдар және әскери қақтығыстар ардагерлері одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Әлішер Ашурматов жаңа ескерткіштің жас ұрпақты патриоттық тәрбиеге тартатын бір мүйіске айналатынына сенім білдірді. Осы белгінің қойылуына қолдау білдірген Бөрлі ауданы басшысына, Б.Қаймолдиев, С.Құтымбетов, А.Баяндықов, А.Еничев, Д.Ақмәмбетов, О.Кушев, Н.Нюделчиев, В.Кравцов, Е.Байтас, К.Палхожаев және Б.Темірбаевқа алғыс хат табыс етті. Р.Тілекшиев пен А.Өтениязов «Қазақстан патриоты» медальдарымен марапатталды.

Жиналғандар қаза тапқан жауын­герлерді бір минут үнсіз еске алып, естелік композицияға гүл шоқтарын қойды.

 

Батыс Қазақстан облысы