Экономика • 05 Қазан, 2022

Бұқалар бәссаудасы

158 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Санаулы күндерден кейін, дәлірек айтсақ, 12-14 қазанда Астанадағы ЭКСПО халықаралық көрме орта­лы­ғында KazAgro/KazFarm халықаралық көрмесі ұйымдас­тырылады. Оған әлемнің 20 елінен 300-ден астам агроөнер­кәсіптік компания қатысады деп күтілуде.

Бұқалар бәссаудасы

KazAgro/KazFarm Орта­лық Азиядағы ең ірі ауыл­шаруашылық көрмелерінің бірі және агроөнеркәсіп сала­сындағы әлемдік инновацияларды таныстырудың жетекші кәсіби алаңы болып саналады. Мұндағы KazAgro дегеніміз – тұқым таңдаудан бастап, да­йын өнім мен заманауи технологияларды қамтитын өсімдік шаруашылығы көрмесі. Ал KazFarm – мал шаруашылығы мен ет-сүт өнеркәсібіне ар­налған көрме. Бұл жерде эмбрион­дардан бастап дайын өнімдер мен қызметтерге дейін толық қамтылған.

KazAgro/KazFarm-2022 на­рық­қа әлемдік жетекші агро­концерндердің соңғы үлгі­дегі ауылшаруашылық техни­касы мен жабдықтарын, ин­но­вациялық технологиялар­ды және агроөнеркәсіп саласы­на агро-ғылымның соңғы әлемдік жетістіктерін енгізу­ге ықпал ететін ауыл шаруа­шы­лығы секторын дамыту бағдарламаларын ұсынады.

Іс-шараны ұйымдастыру­шы ExpoGroup компания­сы­ның директоры Шолпан Қожабаеваның айтуынша, халықаралық көрме компаниясы Қазақстанда әртүрлі елдердің 300-ден астам агроөнеркәсіптік компанияларын біріктіретін көрмелерді 10 жылдан бері өткізіп келеді. Биыл көрмеге әлемнің 20-дан астам елінен компаниялар мен ұйымдар қатысады деп күтілуде. Іс-шараның бас де­меушісі – «Ростсельмаш» ком­пания­лар тобы.

– Жалпы жоба фермерлерге үш күн ішінде бір нысанда барлық бизнес шараны жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Көрменің жалпы ауданы шамамен 20 мың шаршы метр­ді құрайды. 2021 жылы іс-шара рекордтық 33 мың қатысу­шыны тартты. Олардың қатарында қазақстандық фермерлер, көтерме және бөлшек сау­да өкілдері, импорттаушы­лар мен экспорттаушылар, Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі және алыс-жақын шетел­дердің басқа да уәкілетті мем­ле­кеттік органдарының өкіл­дері, сала мамандары мен ғы­лыми-зерттеу институт­тары­ның ғалымдары бар, – дейді Ш.Қожабаева.

Көрме бағдарламасында жетекші сала мамандарының, ауыл шаруашылығы кәсіп­орын­дары мен инновация­лық орталықтардың басшылары­ның қатысуымен семинарлар, презентациялар ұйымдас­тыру, іскерлік миссиялар мен қазақ­стандық және шетелдік ком­па­ниялар арасында мемо­ран­­думдарға қол қою қарас­тырылған.

– Қатысушылар мен көрме қонақтары агрономдарға арналған жаңа қосымшаның тұсаукесеріне куә болады. Мал шаруашылығына арналған соңғы жаңалықтармен танысады. Ауыл шаруашылығына арналған жаңа КамАЗ көлік­тері мен машиналарының тұ­сауке­сері өтеді. Шетел тех­ноло­гиясын көрсету, жаңа өнім­дерді таныстыру көз­деліп отыр. Қазақстандағы ауылшаруа­шылық техникасы­ның алғашқы ішкі нарығының тұсаукесері, сонымен қатар әр­түрлі интерактивті іс-ша­ралар, байқаулар мен шеберлік сыныптары ұйымдастырылады, – деді ол.

Сонымен қатар көрме­лер барысында Ауыл шаруа­­шылығы министрлігі елі­міз­дің барлық өңірінен үздік және озық өсімдік шаруа­шы­лығындағы мамандарды марапаттай отырып, Қазақстан селекционерлерінің II слетін өткі­зеді. Сондай-ақ көрмелер тари­­хында алғаш рет таңдаулы бұ­қал­ардың тұқымдық ма­те­­риал­­дары бәс­саудаға шығарылады.