Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Деректерге сүйенсек, алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өңірдің экономикалық өсімі 104,1 пайызды құраған. Нақтырақ айтатын болсақ, өнеркәсіп – 108,1, ауыл шаруашылығы – 102, құрылыс – 105,7, тұрғын үй салу – 103,7, сауда – 105,3, байланыс саласының көрсеткіші 100 пайыздан асқан. Сонымен қатар өңірге 155,8 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Бұл жұмыс алдағы уақытта да қарқынды түрде жүргізілмек.
«Бүгінге дейін агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 31,2 млрд теңге субсидия қаралды. Бұған қоса салаға жалпы сомасы 21 млрд теңге инвестиция тартылып, 16 жоба іске асырылады. Онда 324 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Қазіргі таңда 2,8 млрд теңгеге 4 жоба іске қосылып, 110 жұмыс орны құрылды. 2022 жылы облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 756,2 мың гектарға егіліп, 2021 жылмен салыстырғанда 5,4 мың гектарға ұлғайды. Сонымен қатар жиналуға тиісті 371,1 мың гектар масақты дәнді дақылдар толығымен орылып, жалпы түсім 633,4 мың тоннаны құрап, өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 32 пайызға артты. Осы жылдың алғашқы жеті айындағы қорытындыға зер салсақ, облыстағы жалпы мал саны 4,5 пайызға көбейіп, 4,5 млн басты құрап отыр. Сондай-ақ өңіріміз бойынша жалпы 787 тонна ет экспортталды. Нәтижесінде, осы жылдың 7 айының қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласында 161,4 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 4,9 пайызды құрады», дейді өңір басшысы Н.Нұржігітов.
Жалпы өңірде түрлі деңгейдегі мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде тұрғын үйлер салуға айрықша ден қойылып отыр. Соңғы бірер жылдың бедерінде өңір халқының саны 100 мыңға жетеғабыл өскенін ескерсек, тұрғын үйге деген сұраныстың артпаса, кемімейтіні айтпаса да түсінікті.
Соңғы деректерге үңілсек, өңірде 4 388 пәтерлі 68 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Осы жылы аталған тұрғын үйлердің 47-сін, яғни 3 120 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жалпы алғанда, 68 үйдің құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін 24,4 млрд теңге қарастырылған. Негізінен, жеке тұрғын үй құрылысы үшін 3 198 жер телімі таратылып берілген. Өңірде 36 мың азамат тұрғын үй кезегінде тұрғанын пайымдасақ, алдағы уақытта олардың басым бөлігі баспаналы болмақ.
Өңірде алғаш рет «Әулиеата жастары» атты жоба қолға алынды. Аталған жоба аясында жергілікті бюджет есебінен 500 млн теңге сомасында жеңілдетілген несие қарастырылды, бұл 50 жастың баспаналы болуына ықпал етеді. Бүгінде іске аса бастаған осынау бағдарлама алдағы жылдары да жалғасады деп күтілуде.
Жамбыл облысы негізінен аграрлық сектор саналатындықтан, өңірдегі су жүйелерін қалпына келтірудің маңызы зор. Бүгінгі таңда өңірдегі суармалы жердің жалпы көлемі 179,2 мың гектарға жеткен. Оның 55,2 мың гектары тиісті нормативтерге сәйкес сумен қамтылған болса, 47 мың гектар алқап 30-40 пайыз шамасында қамтылған.
«Жалпы алғанда, «Жол картасының» аясында негізгі жұмыстар 2019 жылы басталған болатын. Нәтижесінде, 2025 жылға дейін 124 мың гектар алқапты қалпына келтіру көзделуде. Халықаралық қаржы институттары («Еуропа қайта құру және даму банкі» мен «Халықаралық қайта құру және даму банкінен) арқылы 34,9 млрд теңге қаржы бөлініп (13,9 млрд теңге игерілді), 25,1 мың гектар суармалы алқап қалпына келтірілді. Сонымен қатар 2022-2024 жылдары 305 су нысанына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 54,9 мың гектар алқапты айналымға қосу көзделіп отыр. Сондай-ақ 2020-2021 жылдары жергілікті бюджеттен бөлінген 1,1 млрд теңгеге ұзындығы 374,8 шақырымды құрайтын 81 каналға механикалық тазалау және жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 22,9 мың гектар алқап қалпына келтірілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі Жолдауында біздің облыста іске асырылып жатқан қанатқақты жоба туралы айтып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажеттігін тілге тиек еткен еді. Облыста бұл жобаны іске асыру нәтижесінде 5 жыл ішінде экономикалық тиімділік 14,9 млрд теңгені құрайды. Оң тәжірибені ескере келе, 2025 жылға дейін барлық ауыл тұрғындарын қамти отырып, жобаны одан әрі жалғастырамыз. Ол үшін республикалық бюджеттен 75,5 млрд теңге бөлінуі қажет. Қазіргі таңда тиісті орталық атқарушы органдармен жұмыс жүргізудеміз», дейді Н.Нұржігітов.
Өңірдегі автожолдардың жағдайын жақсарту бағытында атқарылатын жұмыс нақтыланған. Бөлінген қомақты қаражатты мақсатты игеру арқылы автожолдардың сапасын көңіл көншітерліктей деңгейге жеткізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
«Жалпы алғанда, өңірдегі автожол саласына 16,2 млрд теңге бөлініп, ұзындығы 10 мың шақырымды құрайтын өңірдегі жолдардың биыл 605,2 шақырымы орташа жөнделіп, асфальт жабындысы төселсе, Тараз қаласындағы 9,4 шақырымды құрайтын Д.Шостакович пен Мәмбет батыр көшелеріндегі жол қайта жаңғыртылады. Нәтижесінде, биыл бұл саладағы индикаторлық көрсеткішті 97 пайызға, елді мекен көшелерін жақсарту 82 пайызға орындалады деп күтілуде. Бұл бағытта жауапты қызметкерлер жұмысты өз деңгейінде атқарып жатыр. Сонымен қатар «Тараз – Алматы» бағытындағы әуе рейстері қайта жанданып, темір жол вокзалы жөндеуден өтті. Осылайша, өңір тұрғындарының айтқан өтініштері нақты орындалып жатыр. Тараз қаласына тасымалдаушы компаниялармен 40 жаңа автобус сатып алынып, қоғамдық көлікті пайдаланушыларға қолайлы жағдай жасалғанын да айта кеткен ләзім. Жалпы алғанда, жыл соңына дейін қосымша тағы 20 автобус алу көзделуде. Сондай-ақ облыс орталығында 10 ақылды аялдама іске қосылды. Саладағы жұмыстарды одан әрмен ширата түсу үшін әлі де бірқатар нақты жұмыс атқарылады», дейді өңір басшысы.
Жамбыл облысында білім саласын одан әрі қарай дамыту жолында айтарлықтай жұмыс атқарылып жатыр. Нақтырақ айтар болсақ, бүгінгі таңда өңір бюджетінің 53 пайызы білім саласын өркендету үшін бөлініп отыр. Облыс қазынасының жартысынан астамына ие болып отырған саланың жұмысы да талапқа сай болуға тиіс.
Әкімнің айтуынша, есепті кезеңде өңірде 22 білім нысанын салуға 7,6 млрд теңге бөлініп, бүгінгі таңда 13 мектеп пайдалануға берілген болатын. Жалпы, жыл соңына дейін тағы 4 нысанның құрылысын аяқтап, пайдалануға беруді жоспарлап отырған жайымыз бар.
Бұдан бөлек, 4,1 млрд теңгеге өңір бойынша жалпы саны 13 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өткізілді. Сонымен қатар 3 мектеп пен 2 балабақшада жұмыстар жалғасын тауып жатыр.
Әлбетте, жекеменшік сектор да білім саласындағы сапаның артуына өзіндік үлестерін қосып жатқанын айтпай кетуге болмас. Атап айтар болсақ, бүгінде 2 жекеменшік мектеп пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 1 білім ордасы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жалпы, өңірдегі мектептердің 28-і жекеменшік білім ордасы қатарында.
«Мен Тараз қаласы мен аудандардағы жұмыс сапарларымның барысында оқу орындарының асханаларындағы ас сапасы мен мәзірін арнайы тексеріп жүрмін. Асханаларда жергілікті өндірушілердің өнімдерін, әсіресе бал, сүт өнімдерін пайдалану мақсатында кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіліп, жергілікті өндірушілермен келісімшарттар жасалды. Қолданыстағы 559 балабақшаның 207-і жекеменшік, үлесі 37 пайызды құрайды. Онда 3-6 жас аралығындағы 60 мың бала мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамтылған. 2022 жыл еліміз бойынша Балалар жылы болып жарияланғаны баршаға мәлім. Осы бағыттағы жоба аясында 1 344 іс-шара ұйымдастырылып, Тараз қаласында қосымша білім беретін «Бақытты болашақ» оқушылар сарайы пайдалануға берілгенін айта кеткен ләзім», дейді облыс әкімі.
Кейінгі бірнеше жыл бедерінде еліміздің барлық қиырындағы халыққа қырғидай тиген коронавирус инфекциясы салдарынан өңір тұрғындары да айтарлықтай зардап шекті. Пандемиядан сабақ алып, денсаулық сақтау саласына айрықша назар аударатын кез келіп жетті. Сала мамандарының соңғы үлгідегі құрылғылармен қамтылып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуі бәрінен де маңызды екені талас тудырмаса керек.
«2020-2021 жылдары елімізде орын алған пандемия салдары денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөлу керектігін әйгілеп бергені даусыз. Біз үшін тұрғындардың денінің сау болғаны керек. Мемлекет басшысы Жолдауында еліміздегі 650 емдеу мекемесі жоқ ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салу, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етуді тапсырғаны белгілі. Осы мақсатта 2022 жылы 8,2 млрд теңгеге 25 денсаулық сақтау нысанының құрылысы, 648,3 млн теңгеге 9 нысанға жөндеу жұмысы жүргізілуде. Нәтижесінде, денсаулық сақтау ұйымдарының тозуы 52,4 пайыздан 38,8 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде. Медициналық техникамен жабдықтау деңгейі бүгінде 88,4 пайызды құрап отыр. Осы мақсатқа облыстан 2,5 млрд теңге бөлініп, қажетті медициналық құралдар алынып жатыр. Салалық министрлік тарапынан 12 санитарлық автокөлік берілгелі отыр. Нәтижесінде, техникамен жабдықтау деңгейі жыл соңында 90,9 пайызға жетпек», дейді облыс әкімі.
Түйіп айтар болсақ, өңірде барлық саладағы жұмыстарды жандандыру жолында нақты жұмыстар қолға алынып жатыр. Ілкімді істер халықтың қажеттілігін қаншалықты деңгейде өтей алатынын жүйрік уақыт көрсете жатар.
Жамбыл облысы