21 Мамыр, 2014

Жетінші форумға дейінгі жол

281 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Елімізде жетінші рет өтетін халықаралық Астана экономикалық форумы осы аптада басталғалы отыр. Төрткүл дүниеден делегат жинап, ғаламдық ғалымдардың басын қосатын, Нобель сыйлықтары лауреаттарын шақырып, жаһандық мәселелерді бірге отырып талқылайтын үлкен шараға бүгінде еліміз сақадай-сай. Жалпы, Астана экономикалық форумының негізгі қызметі әлем­­дік қоғамдастықтардың және Қазақ­­станның әлеуметтік-эконо­ми­калық, құқықтық, мәдени мәсе­ле­­леріне тиімді жауап іздеп, Қазақ­­стан Үкіметі, АЭФ-ке қатысу­шы мемлекеттер үкіметтері үшін және «Үлкен жиырмалық» мем­лекеттерінің көшбасшылары үшін ұсыныстар әзірлеу екені белгілі. Бұл міндетті форум жыл сайын өз деңгейінде орындап отыр деуге әбден негіз бар. Тіпті, мұндай форум жетінші рет өткелі отырғанын ес­керсек, еліміз бұл тұрғыда тәжі­рибелі екенін жоққа шығара алмай­мыз. Ал жыл сайын үзбей өткізіп отырғанына қарағанда, мұндай форумның ел үшін де, әлем үшін де қажеттілігін аңғару қиын емес. Сонымен, өткенге оралып көре­лік. Астана экономикалық фору­мы алғаш рет 2008 жылы ұйым­дас­тырылған болатын. Қазақстан Пре­зидентінің бастама­сын жүзеге асы­ру үшін Экономика және бюджеттік жоспарлау ми­нистр­лігі мен Экономикалық зерттеулер институты сол жылы «Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығын құрып, соның аясында «Жаһандану жағдайындағы экономикалық дамудың заманауи аспектілері» тақырыбында I Астана экономикалық форумын өткізген болатын. Бұл форумға саясаткерлер, экономистер, кәсіпкерлер және ғалымдар, әлемнің 40 елінен 400-дей адам, сонымен қатар 100-ге тарта БАҚ өкілдері қатысты. Ал 2009 жылы «Еуразияның жаһандық қатерлер жүйесіндегі эко­номикалық қауіпсіздігі» атты II Астана экономикалық форумында Астанаға 59 елдің өкілдері келді. Форумға Қазақстаннан 900-дей, әлемнің 59 елінен 250-ден астам шетелдік қонақтар, Қазақстандағы шетел елшіліктерінен 74 өкіл және халықаралық ұйымдардан 69 адам қатысты. 2010 жылы III Астана эконо­ми­калық форумы «Дағда­рыс­тан ке­йінгі кезеңдегі тұрақты эко­но­миканы құруды қамтамасыз ету» тақырыбында өтті. Бұл жолы форумға әлемнің 50-ден ас­там елінен 2000-нан астам сая­си жә­не іскер топ өкілдері жинал­ды. Сонымен қатар, жаһандық эко­номиканың дамуына байла­ныс­ты өзекті мәселелерді талқылау үшін әлемнің жетекші ғалымдары, қоғам және БАҚ өкілдері қатысқан еді. 2011 жылы IV форум «Жаңа онжылдық: сын-қатерлер мен перс­пек­тивалар» тақырыбын қам­тыды. Форумға әлемнің 80-нен астам елінен 5000-нан аса қаты­су­шылар келді. Бұл жолы барлығы 18 отырыс пен панелдік сессиялар өткізілді. Форум нәтижесі бойын­ша меморандумдарға және ынтымақ­тастық келісімшарттарына қол қо­йыл­ды, сонымен қатар, G20 мемле­кет­тері көшбасшылары үшін әлем экономикасын дамыту мен сауық­тыруға байланысты ұсыныстар әзірленді. 2012 жылы «Жаһандық эконо­микалық өзгерулер: сын-қатерлер және даму перспективалары» атты V Астана экономикалық форумы өткізілді. Форумға әлемнің 93 елінен 8000-нан астам қатысушы келді. Форум барысында әртүрлі пішінде пленарлық және панелдік сессиялар, конференциялар мен конгрестер, жалпы, 55 іс-шара өт­­кізілді. Нәтижесінде, 50-ден ас­­там ынтымақтастық келісімі мен мемо­рандумдарға қол қо­йыл­­ды. Сонымен қатар, G20 көш­­басшыларына ұсыныс­тар әзір­ленді. Бұдан басқа, форумға рес­пуб­ликаның 2000-нан астам сту­денті қатысып, Нобель сыйлығы лау­реаттарының дәрістерін тыңдады. Ал өткен жылы VI Астана эко­номикалық форумы «G-Global форматында теңдестірілген эко­но­микалық дамуды қамтам­а­сыз ету» тақырыбын әлем наза­рына ұсынды. VI Астана эконо­ми­калық форумы мен тұңғыш Дағ­дарысқа қарсы дүниежүзілік конференциясына «Ғалымдардың Еуразиялық эконо­микалық клубы» қауымдастығы 136 мемлекеттен 12 мыңнан аса қатысушыны жи­на­ды. Форумға 35 қазіргі және бұ­рынғы министрлер, 40-тан ас­там халықаралық ұйым­дар­дың, корпорация мен кәсіп­орын­дардың жетекшілері, 10 Нобель сый­лығы­ның лауреаттары қа­тыс­­ты. Астана экономикалық фору­мы мен Дағдарысқа қарсы дүние­жүзілік конференция кезінде жалпы 73 шара, соның ішінде, «G-Global форматында тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ету» «Көшбасшылар диалогы» өтті. Тұңғыш Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференция нәтижесі бойынша «Астана деклара­циясы» қабылданды. Мұнда Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік жоспардың басты бағыттары көрсетілген. VI АЭФ қорытындысы бойынша дайындалған Астана декларациясы мен ұсыныстар 2013 жылдың 5-6 қыркүйек күндері Ресейде өткізілетін қатысушы елдердің саммитінде, G-8, Халықаралық валюта қоры, Дүние­жүзілік банк пен БҰҰ-ның G20 ше­шім­дерін қабылдау деңгейіне жі­берілді. VI АЭФ-тың бизнес-форум­дарының қорытындысы бо­йынша 2,7 млрд. АҚШ дол­лары сомасында әрі қарайғы ын­ты­мақтастық жайлы шамамен 80 келі­сім мен меморандумдарға қол қойылды. VI АЭФ нәтижесі бойынша да­йындалған Астана декларациясы мен ұсыныстар G20, G-8, Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банктің шешімдер қабылдау деңгейіне жіберілді. Сондай-ақ, Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференцияның қорытынды құжаттары БҰҰ Бас Ассамблеясының 68-сессиясының ресми құжаттарының қатарына енді. Астана экономикалық форумы жайында айтылғанда «G-Global» туралы тоқталмай кету мүмкін емес. Бұл – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын жүзеге асыру мақсатында 2012 жылдың 12 қаңтарында «Ғалымдардың Еура­зиялық экономикалық клубы» қауымдастығының ықпал етуімен www.group-global.org сайтында, «G-Global» коммуникативті интернет-алаңы пішінінде іске қосылған зияткерлік желі. G-Global – әлемдік сарапшылар қоғамдастығына әлемдік экономика мәселелері бойынша интерактивті, ашық және көпшілік алдында пікірталастар, дебаттар өткізуге жағдай жасалған көп функциялы тұғырнама. Жоба әлемдік қаржылық дағдарыстан шығу жолдарын іздестіретін тетіктерді табу, талқылауға және дағдарысқа қарсы жолдарды іздестіретін қаты­су­­шылардың санын арттыруға бағыт­талған. G-Global коммуникативтік алаңы қысқа мерзім ішінде әлемнің 160 елінен 90 000 пайдаланушыны біріктірді. 2013 жылдың 1 шілдесінен бас­тап G-Global тұғырнамасында «VII Астана экономикалық форумы мен ІІ Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференция» виртуалды жобасы аясында онлайн-режімде VII АЭФ пен ІІ Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференция сессияларының басты мәселелерін қарастыруға байланысты және Әлемдік дағдарысқа қарсы жоспар тұжырымдамасының жобасын дайындауға байланысты алдын ала пікірталастар, талқылаулар мен бейне-конференциялар ұйымдастырылды. «VII Астана экономикалық форумы мен ІІ Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференция» виртуалды жобасы қызметін бастағаннан бастап «G-Global» тұғырнамасы 14 000 баян­дама мен зерттеу жұмыстарын, 45 400 сараптамалық шолулар мен түсініктемелерді топтастырды, сонымен қатар, мұнда жетекші сарапшылар мен ғалымдар қатысқан 329 бейне-конференция өткізілді. Заманауи әлеуметтік-экономикалық, қаржы және өзге де жаһандық әлем­нің мәселелері төңірегіндегі Пре­зидент Н.Ә.Назарбаевтың «G-Global» мегажобасы мен Астана экономикалық форумының дағдарысқа қарсы тақырыптары әлемнің кез кел­ген бөлігінде оң баға алып жатыр. Келі­сіл­ген дағдарысқа қарсы шара­лар­дың іс жүзіне асырылуына бар­лық мемлекеттер, соның ішінде, эконо­м­ика өсімімен қамтамасыз ету, жұмыс­бастылық, өмір сапасын арттыру мә­се­лелері өзекті болып табылатын елдер мен G20 тобы да қызығушылық танытуда. 2013 жылдың қыркүйек айында Санкт-Петербургтегі саммитте «үлкен жиырмалық» көшбасшылары 2014 жылы Брисбенде G20 саммитінде қарауға берілетін экономика өсімінің, жұмысбастылық пен өзге де мақсат­ты көрсеткіштерге жан-жақты стра­те­гияларды дайындауға бастама жаса­ды. Ескере кету керек, Австралия ағымдағы жылда G-20-ға төрағалық ететін ел ретінде өз міндеттерінің ма­ңыз­ды басымдықтарына – нәтижелі жұ­мысбастылық, еңбек өнімділігінің артуы, бәсекеге қабілеттілік пен инвес­тицияның артуы мәселелерін қойды. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».