26 Мамыр, 2010

ЖАСТАР ҚОЛТАҢБАСЫ

524 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Талдықорған қаласында Қа­зақ­стан Республикасы тұңғыш Пре­зидентінің жүлдесі үшін ІV Халық спорты ойындары­ның жалауы көтерілгелі де біраз күн болды. Осы шарапатты шара кешегі күні “Бір ша­ңырақ астында бірлігіміз жа­расқан” акция­сымен жалғасып, Ел­ба­сы аллеясына жинал­ған жастар қатары едәуір болды. Әсіресе, об­лыстық “Жасыл ел” жасақшылары мен “Жас Отан” жастар қанаты “Елбасымен бір­геміз, берік біздің іргеміз” атты жастар акциясының ауқымын кеңейтіп, бұл күнді ерекше ынта-ықыласпен өткізді. Осы бағытта Қазақстан Рес­пуб­ли­касы тұңғыш Президентінің саябағына көктемде отырғызылған мыңнан астам қайың, емен, шыр­ша, тағы басқа ағаш көшеттерін күтіп-баптап, суарумен айналысты. Бұдан соң “Менің үлесім” ұраны­мен жасылелдіктер қаладағы басқа да бақтарды ретке келтірді. Мәсе­лен, осы күні  70-тен аса жасылел­дік­тер Қызылағаш ауылындағы тасқыннан зар­дап шеккен аймақты көгалдандыру мен кө­ріктендіру мақ­сатында отырғызылған 8 342 түп көшетті суарып, тазалық  жұ­мыс­тарын жалғастырып, белсене еңбек етті. Облыстық ішкі саясат депар­та­ментінің ұйымдастыруымен “Елба­сы Жолдауы – көш­басшылық жолы”, “Ауыл – менің құт мекенім, берекем!”, “Патриотизм: ел мен жерді құр­мет­теу”, “Басты құн­ды­лы­ғымыз: ынтымақ, бірлік, береке”, “Жастар – елдің сенім­ді болашағы” тақырыптарында жастар фести­валь­дері жеті аймақта жалғасын тапса, одан әрі басқа жерлерде де өріс­те­тілетін бол­ды. Акцияға қатысқан облыстық ішкі саясат департаменті директорының орын­ба­са­ры Ғалиас­қар Сарыбаев өткізілген шара­ның маңыздылығы жайлы ойын ортаға салды: – Қазіргі кезде облыста 506 636 жас бол­са, оның 395 255-і ауылда, 110 381-і қалада тұрады. Осыған қа­рамастан, жастардың белсен­ді­лігі­мен және еңбекке деген құл­шынысымен өткізілген фестиваль­дер жоғары деңгейде болғанын айтуға тиіспіз. Соңғы бес жылда ғана 3692 жұ­мыссыз жастар “Жасыл ел” жасақ­шылары ретінде еңбекке тартылса, олар облыс көлемінде 635894 ағаш көшеттерін отырғызып, 966,03 гектар жерді абаттандыруға қатысты. Ағымдағы жылы  “Жасыл ел” штабына республикалық бюд­жет­тен 10 млн. 715 мың теңге, об­лыстық бюджеттен 15 млн. 969 мың теңге  бөлінсе,  750 студент пен жұмыссыз жас еңбекпен қамтылды. Мәселен, сәуір-мамыр ай­ла­рын­да “Жасыл ел” жасақшылары жал­пы аумағы 34 гектар жерді қо­қыстан  тазар­тып, 26 190 түп әр­түрлі ағаш кө­шет­терін отыр­ғызды, – деді ол. Жастар “Бір шаңырақ ас­тын­да бірлігіміз жа­рас­қан”, “Елба­сы­мен біргеміз, берік біздің іргеміз” акциясын жастық жа­лындарымен өріп, бастама баяндылығымен ерек­шеленді. Оларды қолдау, жұ­мылдыру арқылы көптеген іс-ша­раларды жоғары деңгейде өткізуге болатынына көз жетті.  Бұл олар­дың ел мен жерге, Мемлекет бас­шысына деген кіршіксіз пейілі мен риясыз көңілдерінің айғағы іспетті болды. Иә, жетісулық жастардың жалын­даған іс-қимылы осылайша тағы бір қырынан көрінді. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы. Суретте: акцияға қатысушы жастар тобы. ЖҮЛДЕЛІ БИІКТЕ – ЖАС ЖҮЗГІШТЕР Жақында Алматыда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығы аясында ескекаяқпен жүзуден еліміздің чемпионаты болып өтті. Осы жарыс барысында өте жоғары нәтижелерге қол жеткізілгенін айту ләзім. №5 мамандандырылған кешенді балалар мен жасөспірімдер техникалық спорт мектебінің оқушысы Артем Климович үш бірдей қашықтықта – 50, 100 және 200 метрге жүзуде халықаралық дәрежедегі шебер нормативін асыра орындаса, армияшы Валерий Юдин бұл нормативтен 100 және 200 метрлік қашықтықта асып түсті. Біріншіліктің бас төрешісі Юрий Куцин айтқандай, Алматы қаласында спорт дарындарын баулудың жаңа ұстаханасы пайда болғандығы жағымды жаңалыққа айналды. Бір ғажабы, нақ осындай ұстахана деп №173 физика-математика гимназиясын айта аламыз. Бұл білім ор­да­сы жарыс­тар­ға жай қа­тысып қана қоймай, ерік-жігер танытып, жоғары нәтижелерді бағындыра білді. Сөйтіп, өздерінің болашағы зор, үміт күттірер үкілі спорт­шыларын барлық ірі жарыстарға әрдайым жіберіп жүр. Соның бір айғағы, осы біріншілікте гимназия түлегі Асхат Айтбаев 50 метр қашықтыққа сүңгуде және эстафеталық жүзуде екінші орын алды.  Өзі армандап жүрген спорт шебері нормативін орындау үшін оған небәрі секундтың оннан екі мезеті ғана жетпей қалды. Иә, мұны бір қуаныштың бір өкініші десек те, мерейленер жайлар жетерлік. Аталмыш гимназия оқушылары Алуа Мырзабаева, Нұрболат Төстеміров, Асқар Дүйсебаев, Бақытнұр Сматов, Айсұлтан Ділдәбеков, Даян Қали сияқты жас жүзгіштер эстафеталық  жүзуде жүлделі биіктерден көрінді. Гимназияның былтырғы түлектері Алуа Оспан мен Асхат Айтбаев өткен жылдың сәуірінде Түркияның Ыстамбұл қаласында өткен Әлем кубогының қола жүлдегерлері атанған еді. Содан бері гимназия оқушылары Алматы қаласының және еліміздің барлық біріншіліктерінде ұдайы жүлделі жеңістерді уыстарынан шығарған емес. Қазақтың жас жүзгіштерінің жеңіс айдыны лайым кеңейе бергей. Қорғанбек АМАНЖОЛ, АЛМАТЫ. ОЛЖАС ОЛЖАЛЫ ОРАЛДЫ Астана қаласында өткен “Ақ кө­гер­шін” ІV  халықаралық бай­қауын­да  еліміздің бар­лық облыстарынан, көршілес мемлекет­тер­ден келген 1500-ге жуық әнші, биші, күйші бал­дырғандар өнерлерін сынға салды. Бай­қау­ға біздің облыстан да бір топ  өнерпаз барған болатын. Байқаудың “Халықтық аспап” номи­нациясына домбыраларын ар­қалап келген 54 бала жоғары топта, ал 20 бала кіші топта өнер көрсетті. Бұл номинацияда Гран-приді Қа­зан­ғап атындағы балалар өнер мек­те­бінің 3-сыныбында оқитын Олжас Қазымбетов жеңіп алды. Кішкентай домбырашы байқауда алғашқы кезең­де Құрманғазының  “Көк ала ат”  күйін, екінші кезеңде “Адай­ды” тар­тып, қазылардың көңілінен шық­ты. Ол қазірдің өзінде төкпе күйлерді бабына келтіріп орындайды екен. Бұған дейін “Біз Астанамен құрдаспыз!” қалалық байқауында мақтау қағазын  алған өндірдей өнерпаз жас музыканттардың 43 облыстық фестиваль-байқауында ІІ дәрежелі дипломмен мара­патталып­ты, Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінде мектепішілік байқауда жоға­ры топ арасында бәсекеге түсіп, алпысқа жуық өнерпаздың арасынан І орынды иеле­ніпті. Олжас тек өнерде ғана емес, өзі оқу үздігі де көрінеді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.