- Мәселен, Қазақстан Азаматтық альянсы кезектен тыс президенттік сайлауға Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынатынын мәлімдеді. Азаматтық альянс президенті, конференция төрағасы Бану Нұрғазиева: «Ел президенті Қ.Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару және жаңғырту жолы» Жолдауында қоғамдық ұйымдардың қызметін елдің орнықты және жан-жақты ілгерілеуінің маңызды факторы деп атады және қоғамдық ұйымдар мен белсенділерді реформаларды дайындау мен іске асыруға кеңінен және тереңірек тартуға шақырды. Әлемдегі күрделі геосаяси жағдайға қарамастан, Қазақстанда саяси жаңғыру, экономиканы қайта құрылымдау, әлеуметтік саланы дамыту жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірінің барлық саласында елеулі өзгерістер бар. Президент алғашқы күндерден бастап сындарлы диалогке, билік пен халық арасында тиімді кері байланыс орнатуға бағытталған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсына отырып, мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа форматын белгіледі. Халық өзгерістерге және ел Президентіне сенімін білдіреді», деді.
Өңірлік альянстардың көшбасшылары өз сөздерінде ел Президенті ұсынған барлық бастама мен реформа халықтың, қарапайым адамдардың мүдделерінен туындағанын айтып, саяси додада Мемлекет басшысын қолдайтынын жеткізді.
- Ауған соғысы ардагерлері ұйымдары да Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын президент сайлауына ұсыну жөнінде шешім қабылдағандарын мәлімдеді. Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының Qazaqstan ardagerleri қауымдастығы басқармасының отырысында қауымдастық төрағасы Бақытбек Смағұл: «Президент ардагерлер мен түрлі әлеуметтік топтың өкілдерін әрдайым қолдап келеді. Біз ардагерлер соғыстың не екенін бір кісідей білеміз әрі бейбіт өмірдің қадірін өте жақсы түсінеміз. Тұрақтылық – кез келген мемлекет үшін дамудың ең басты кепілі. Сондықтан біз Қасым-Жомарт Тоқаевты президент сайлауына кандидат ретінде ұсыну туралы шешім қабылдадық», деді.
Сондай-ақ Қазақстан мәслихаттары депутаттары бірлестігінің орталық кеңесінің кезектен тыс конференциясында ұйым атынан Қазақстан президенттігіне үміткер ұсыну мәселесі талқыланды. «Тұрақсыз геосаяси әрі экономикалық жағдай кезінде қоғамның бірлігі мен ынтымағы бірінші орынға шығады. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз етудегі, мемлекет дамуындағы ерекше рөлін ескере отырып, біз оны алдағы президент сайлауына кандидат ретінде ұсынамыз», деп атап өтті бірлестік төрағасы Төлеубек Мұқашев.
Бірлестік мүшелері барлық деңгейдегі мәслихат депутаты екенін атап өткен жөн. Олардың жалпы саны – 3276 адам.
- Генералдар кеңесінің төралқасы да Қ.Тоқаевты президент сайлауына кандидат ретінде ұсыну туралы шешім қабылдады. Ұзақ жылдар бойы мемлекет мүддесіне абыроймен қызмет еткен Қазақстанның Қарулы Күштері мен құқық қорғау органдарының генералдары, ардагерлері әлі де Отан мүддесін қорғауға атсалысып келеді. Мемлекет басшысының қыркүйек айындағы Жолдауын талқылағаннан кейін «Генералдар кеңесі» РҚБ төралқасы бағдарламалық құжатта баяндалған ережелер мен ұсыныстарды іске асыруға белсенді қатысу туралы шешім қабылдады.
«Біз биыл күзде кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы ұсынысты толық қолдаймыз. Әділетті Қазақстан құруға бағытталған реформаларды табысты іске асыру үшін халық сенімінің жаңа мандаты қажет. Президенттік мандаттың бір реттік 7 жылдық мерзімін енгізуді ашық демократиялық мемлекеттің дамуындағы түбегейлі шара деп санаймыз. Бұл қадам еліміздің жаңа саяси дәуірінің алтын қазығына айналады. Әлемдегі күрделі геосаяси жағдай кезінде бейбітшілік пен келісімді бағалай білу қажет. Біз, ел егемендігінің қорғаны болған офицерлер, тәжірибелі, қоғамға қызмет етуге дайын саясаткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын сайлауға ұсынамыз», деді отставкадағы генерал-майор, Генералдар кеңесінің төрағасы Махмұт Төлеғұсов.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
- «Қазақстан спортшылары одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі болса «Барыс Арена» кешенінде спорт қауымдастығының өкілдерімен кездесіп, жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаевты кезектен тыс президент сайлауына кандидат ретінде ұсыну туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.
Жиынға қатысқан Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиевтің айтуынша, Мемлекет басшысы бұқаралық және кәсіби спорттың дамуына жүйелі түрде қолдау көрсетіп келеді.
«Елімізді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған жаңа реформалар күтіп тұр. Ол әлеуметтік әділдік пен баршаға тең мүмкіндіктерді басты бағыт ретінде ұсынады. Бүгінде спортшыларымыз Қазақстанның атынан түрлі халықаралық аренада өнер көрсетіп жүр. Мықты экономика мен бірліктің арқасында біз үлкен жетістіктерге жеттік. Оның ішінде спорт саласының жетістіктері де бар», деді одақ мүшесі С.Сәпиев.
Елдегі спортшылар одағы өткізген іс-шараның қорытындысында жиынға қатысушылар бірауыздан Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдады.