Жуырда Ұлттық волонтерлік желісі волонтерлік ұйымдарының жиналысы өтіп, жастар алдағы президенттік сайлау жөнінде өз ойларын ортаға салды. Жастар елімізде Волонтер жылының бекітілуіне, өзге де бастамаларының жүзеге асуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбегі зор екенін айта келе, оны жаңа мерзімге президентке үміткер ретінде ұсыну бастамасын көтерді.
– Волонтерліктің дамуында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қосқан елеулі үлесін атап өту маңызды. Оның тікелей қолдауы нәтижесінде халықаралық және республикалық деңгейлерде волонтерлік қызметті дамыту бастамалары және бірқатар стратегиялық маңызды құжат қабылданды. Президент 2020 жылды «Волонтер жылы» деп жариялау бастамасын қолдады. Бұл шешім өте маңызды рөл атқарды. Себебі COVID-19 пандемиясымен күресте медицина және өзге де қызметтермен бірдей алдыңғы қатарда волонтерлер де болды. Бұл волонтерлік жобалар үшін гранттарды дамытуға, пандемия кезінде көрсеткен азаматтық белсенділігі үшін «Халық алғысы» мемлекеттік медалін тағайындауға ықпалын тигізді.
Президент волонтерлерге «ізгі ниеті мен таза ар-ожданы бар асыл адамдар» ретінде сенім артады. Қазақстан Президентіне деген сенім мандатымыз еліміздің көркеюі мен халқымыздың мүддесі үшін бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен ауқымды реформаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретініне сенімдіміз. Біздің Президентіміз волонтерлік қозғалысты қолдайды, ендеше, біз де өз Президентімізді қолдайық! – деді Ұлттық волонтерлік желісінің төрағасы Вера Ким.
Кейінгі жылдары елімізде волонтерлік қозғалысы жалпыұлттық масштабқа ие болғанын атап өткен жөн. Айналадағы өмірді жақсы жаққа өзгертуге, көмек көрсетуге және мейірімділік жасауға мүмкіндігі бар екендігін сезіп жатқан қазақстандықтардың саны артып келеді. Бүгінде елімізде 200 мыңнан астам волонтер жұмылдырылған 600-ден астам волонтерлік ұйым жұмыс атқарып жатыр.