Әлем • 06 Қазан, 2022

Нобель сыйлығын алған Энни Эрно кім?

768 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биылғы әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын алған Француз жазушысы Энни Эрно 40 жылдан бері Парижден 40 шақырым жерде орналасқан, 1970 жылдары құрылған жаңа қала Сержи-Понтуада тұрып келеді. Бүгін оның оқырмандары үшін шексіз қуанышты күн болмақ. Себебі, ол әлемдегі ең үлкен алпауыт сыйлықты еншілеп отыр. Ол  «Сыртқы көрініс» атты кітабында бұл жер кенеттен пайда болғанын, ондағы тұрғындарды және аялдамалардағы бейтаныс адамдарды сипаттай келе «Мен өзімді жер мен аспанның ортасында мүлде ешкімге ұқсамайтын елде жүргендей сезіндім» деп жазады.

Нобель сыйлығын алған Энни Эрно кім?

Тіпті ол бір сұхбатында жұрт қызығатын думанға толы Парижге көп бармайтынын айтады, сондағы себеп көлік тоқтату қиыншылығы сияқты ұсақ-түйек істер болса керек, бірақ алдына мақсат қойған жазушы үшін бұның өзі уақыт жоғалту мен бірге ойдың тұрақсыздығын тудыратын қосымша факторлар. Сексеннің сеңгіріне шықса да қолынан қаламын тастамаған ол үшін қала мен ел, жер мен аспан арасында тұрып емін-еркін шығарма жазу көңіл қалауы екенін жақсы түсіндік. Оның «Жылдар» атты кітабы Халықаралық Man Booker сыйлығының қысқа тізіміне енгеннен бері БАҚ назары оған бірден ауды.

Оның атын шығарған шығармасы саналатын, тіпті еш жанрға бағынбайтын бұл еңбек автордың жеке өмір тарихының автобиографиялық бөлшектерін Францияның әлеуметтік-мәдени аумағының өзгеше тынысын баяндайды. Оның бағыты мен шығармашылық жолы сюрреализм еді. Бұл жөнінде ол: «Сюрреализм мені таң қалдырған әдеби қозғалыс болды, мен мұны саяси мағынасы жағынан да, сонымен бірге жаңа формаларға ұмтылу тұрғысынан да өз шығармашылығымда қолданғым келді» дейді.

Эрноның кітаптарында гендерлік немесе әлеуметтік таптың құрылымы адам бойындағы ар-намысқа қалай әсер ететінін пайымдайды. Өмірден өтіп кеткен аға буын сюрреалисттердің бұрынғы формальды эксперименті Эрноның шығармашылығында да жиі қайталанады. Бірақ оның өзгеше стилде, тіпті бейтарап  жазу мәнері әдебиет сыншыларының да өң бағасына ие болады. Ол өзінің шығармашылықтағы дара стилін «Ескі жазу формасына қарсы тұру тәсілі» деп түсіндіреді.

Сол үшін ол сюрреалисттердің ескі формасын өз тәсілдері арқылы бұзып,  жаңаша жазу тәсілдеріне ғана емес, сонымен қатар жаңаша қабылдауға талпыныс жасайды. Нобель иегері атанған Эрноның әдеби жанрдағы өзіндік эксперименті өмірбаян, мемуар және көркем әдебиет арасындағы үндестіктерді сақтау екенін айта кеткен жөн. Шығармаларындағы әр сөйлемнің өзіндік тынысы, бояуы, үні бар екенін әлемге ашық айтқысы келген жазушының бірі де осы Энни Эрно.