Білім • 06 Қазан, 2022

Израильден үйренеріміз көп

323 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тағам – болашақтың мұнайы мен газы. Қазақстанның осы салада жоғары позицияға ие болар әлеуеті бар. Бұл ретте заманауи технологиялар мен білікті мамандар керек. Израиль үкіметі Қазақстаннан келген студенттерге агросалада білім алуына көмек көрсетуге дайын. Екі елдің ынтымақтастығындағы басқа да мүмкіндіктер жайында «Израиль – Қазақстан» сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Михаэль Роэ айтып берді.

Израильден үйренеріміз көп

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Сарапшының айтуынша, Қазақс­тан­ның агро өнімнің түр-түрін өндіруде рекорд жаңартып, әлемді жаулап алу әлеуеті зор. Бұл үшін Қазақстанда жер, су, күн – та­би­ғаттың барлық ресурсы бар.

«Қазақстанның дамуы Израиль да­муы­н­а ұқсайды. Екі ел бірдей жолмен келе жатыр. Израиль жас мемлекет бол­­ған кезде біздің үкімет АгроЭкско ұйы­­мын құрды. Бұл келешектегі экспорт үшін жасалған инфрақұрылым еді. Жеріміздің 60 пайызы – шөл дала. Қа­зір қияр-қызанақтан бастап картоп, пияз, жемістерге дейін бәрін өсіреміз. 1 млрд долларға өнім экспорттаймыз. Ал сіз­дер­де ауа райы тұрғысынан мүмкіндік кө­бірек. Израиль сарапшылары Шымкент – Ал­маты бағытында көп сапарлайды, бос жат­қан жерді көріп: «Бізде неге осынша жер жоқ. Біз бай болар едік», деп таң­ға­ла­ды. Тағам – келешектің мұнайы, алтыны. Әлем халқы аш. Қазақстанның әлемді жау­лап алуда мүмкіндігі зор», деп атап өтті Израиль сарапшысы.

Бұл межеге жету үшін білікті мамандар мен заманауи технологиялар керек, агросалада инфрақұрылым салу қажет. Израильдік сарапшылар университеттер арқылы, мысалы, Шымкентте, тамшылатып суаруды ойлап тапқан, шие қызанақтарын өсіретін әлемдегі ең заманауи университеттің израильдік оқыту жүйесі бойынша зияткерлік хаб салғысы келеді. Болашақта бұл хаб Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан студенттері үшін орталыққа айналады.

«Қазір жергілікті халық жұмыс істеуі үшін мамандарды оқыту керек. Маған Израильден агрономды шақыру қиынға соқпайды. Бірақ оларға тәулігіне 300 доллар төлеуге тура келеді. «Қымбат» маманды шақырғаннан гөрі, жергілікті мамандарды оқытып, дайындағаным артық. Оларға дұрыс инфрақұрылым ғана құрып беру қажет. Өскелең ұрпақ – білімді адамдар, оларға мүмкіндік беру керек. Сондықтан Израиль жүйесінің негізінде жер, тұқымнан бастап, өнімді сөреге дейін жеткізетін инфрақұрылым құру қажет», деді Михаэль Роэ.

Бұл ретте бакалавр және магистратура түлектері Израильге барып, үш-төрт айдың ішінде жүйені үйреніп, тәжіри­бе­ден өте алады. Содан кейін олар Қазақ­стан­ға оралып, жергілікті мамандарды оқытады. Сонымен бірге басқа да тә­жіри­бе алмасу жолдарын қарастыру жоспарла­нып отыр.

«Израильдегі институт Қазақстан сту­дент­теріне орыс тілінде бағдарламалар дайындай алады, сонымен қатар ағылшын тілінде бағдарламалар бар. Егер ағылшын тілінде PhD алғысы келетіндер болса, онда олардың бастапқы деңгейі израильдік студенттердің деңгейіне сәйкес келуі керек. 2-3 айда деңгейді өсіріп, көтеруге дайынбыз», деді Михаэль Роэ.

Израиль жылына 15-20 қазақстандық студенттің оқу ақысын субсидиялауға да дайын. Оқу бағасы Польша, Германия және Еуропаның көптеген басқа елімен са­лыстырғанда әлдеқайда төмен. Сарап­шы­ның пікіріне қарағанда, food тақырыбы қазір әлемде бірінші орында тұрған мәселе екенін түсіну керек. Қазақстандық өнімдерді Еуропа мен Америкаға сатуға болады. Себебі отандық өнімнің сапасы шетелдіктерді таңдан­ды­ру­да. «Атамекен» ҰКП қолдауы­мен инвес­торларды іздеу, жерді пайдалану мәселелерін шешуге болады.

Қазақстанның оңтүстігіндегі оқу орын­­дары Иерусалимнің Еврей универ­си­­тетімен білім беру бағдар­ламалары бойынша өзара іс-қимыл жасауға да­йын. Мысалы, ауыл шаруашылығы, азық-түлік, су ресурстары және экология салаларын дамытуға болады. «Ауыл шаруа­шылығы» бағытын дамыту шең­бе­рінде академиялық зертханалар мен Израиль факультетіндегі ұқсас жүйемен үйлесімді академиялық емес зерттеулер мен әзірлемелер орталығын қамтитын үр­дістерді зерттеу орталығын салу жос­пар­ланған.

«Осындай ынтымақтастық идеясы – Қазақстанның оңтүстігінде ауыл шаруашылығын дамыту және су ресурс­тарын үнемдеуге бағытталған білім беру және ғылыми хаб құру екенін атап өту маңызды. Біздің универистет ғылыми-зерттеу инфрақұрылымы ретінде жобаға қатысуды жоспарлап отыр. Басқаша айт­қанда, стратегиялық мемлекеттік мүд­де мен сала өкілдерін байланыстырушы көпір болады. Жетекші елдерде тапсырыс және салалық кәсіпорындар мен бизнес-сектордың қажеттіліктері бо­­йынша ғылыми, зерттеу ізденістер дәл осылай қалыптасатыны белгілі», деп атап өтті университет президенті Серік Оңалбайұлы.

Tashenev University мәліметінше, қазір оқу орнына ауыл шаруашылығы сала­сындағы көптеген кәсіпкер мен маман жүгінген. Олар ауыл шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығының да, мал шаруашылығының да тиімділігін арттыру мәселесінде заманауи технологияларды тартудың қиындықтарына тап болған. Осы технологияларды қолданатын кәсіп­ке­р­лер жергілікті мамандардың әлем­дік біліктілік стандарттарына сәйкес кел­меуіне байланысты шет елдердің ғы­лыми-консультациялық қолдауына жүгінуге мәжбүр. Ал бұл процесс қым­батқа түседі, көп жағдайда кәсіпкер өтелмейтін қаржылық шығындарды көтереді.