26 Мамыр, 2010

ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ БАСТЫ ЖЕТІСТІГІ

978 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ата-бабалар ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстан бүгінде өсіп, өркендеп, қанатын кеңге жайып, егеменді, еңсесі биік мемлекет ретінде жоғары халықаралық беделге ие болуда. Сонымен қатар, еліміздің әлемдік қоғамдастықтан өзіне лайықты орынды иеленуі мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуінің маңызы зор екендігі айтпаса да түсінікті. Сөйтіп, мемлекеттік биліктің тиімді де ұтымды қызметі қазақстандық қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етіп, бұл бағыттағы ықпалды іс-шараларды одан әрі жетілдіре түсуде. Қазақстандағы президенттік институттың мемлекеттің қалып­тасуы мен қоғамның дамуындағы ықпалы айтарлықтай мол. Ал, енді кең-байтақ елімізде  тәуелсіздіктің туы желбіреп, мемлекеттің кемел­денуі Мемлекет басшысының атымен тығыз байланысты екен­дігі көпшілікке жақсы белгілі. Дегенмен, қоғамның реформалар жолымен одан әрі ілгері жылжуы елдің әлеуметтік-саяси жаңаруы­ның жаңа кезеңін, геосаяси жағ­дайды ескере отырып, ұлттық-мемлекеттік құрылыс үрдістерін, президенттік институтты ғылыми зерттеудің маңыздылығын арт­ты­руды талап етеді. Бұл мәселелер жөнінде Алма­тыда өткен “Қазақстан Респуб­ликасы: мемлекеттік құрылыстың тәжірибесі және әлеуметтік-саяси жаңарудың болашағы” атты ха­лықаралық ғылыми-практикалық конференцияда кеңінен сөз болды. Президенттік институттың 20 жылдығына арналған халық­ара­лық конференцияны ұйымдасты­ру­дағы басты мақсат – қоғамның әлеуметтік-саяси жаңаруының ке­мел келешектерін анықтау. Со­нымен қатар, тәуелсіздіктің қа­лыптасу кезеңдерін және Қазақ­станда мемлекеттік құрылыс ба­ры­сындағы әлеуметтік өзгеріс­тердің негізгі үрдістерін талдау және кешенді түрде пайымдау болып табылады. Жиынға қатысып, сөз алған Парламент Сенатының Әлеумет­тік-мәдени даму жөніндегі коми­тетінің төрағасы А.Бижанов рес­публикада бүгінгі таңда қол жет­кен жетістіктер, әсіресе әлеу­мет­тік-экономикалық ілгерілеуші­лік­тер мен құқықтық мемлекеттің қа­зақстандық моделі қалыптасқан­дығын атап айтты. Білім және ғылым министрлігі Философия және саясаттану институтының ди­ректоры Ә.Нысанбаев өз баяндамасын “Тәуелсіз Қазақ­стандағы саяси жүйенің өзегі – басқарудың  президенттік фор­масы” тақырыбына арнады. – Біздің бүгінгі ғылыми кон­ференция президенттік институт­тың 20 жылдығына арналып отыр. 1990 жылдың 24 сәуірінде Жо­ғар­ғы Кеңес Қазақстан Республи­касының тұңғыш Президентін сайлады, содан бері елімізде пре­зиденттік институт құрылды. Сөйтіп, Қазақстанда Конституция қабылданғаннан бастап, биліктің президенттік формасы жүзеге асырылды. Қазақстан келесі жылы мемлекеттік тәуелсіздігінің 20  жылдығын атап өтеді. Атап ай­тарлығы, демократияның дамуы, президенттік институттың қалып­тасуы, тұтастай алғанда, қазақ­стандық қоғамның жүйелі модер­низациясы, жалпы әлемдік үрдіс­терді қолдаудың нәтижесі екендігі сөзсіз, – деді институт жетекшісі. Ұлыбританияның Рэдинг университетінің экономика док­торы, профессор Елена Колюж­нева өз кезегінде Қазақстанның тәуелсіздік жылдары кезеңіндегі экономикалық дамуы жөнінде айтып берді. Франциядағы Сор­бонна университеті жанындағы “СЕДИМЕС” халықаралық уни­вер­ситетінің президенті Клод Албагли болса, әлемдік жаһан­дану өзгерістері жағдайындағы мем­лекет­тің әлеуметтік-саяси модер­ни­зациясын тілге тиек етті. Сон­дай-ақ Ресей, Беларусь, Түркия, Әзірбайжан, Тәжікстан­нан келген танымал ғалымдардың жиынның күн тәртібіне қойған өзекті мәселе туралы пікірлері мен ұсы­ныстары көп көңілінен шықты. Тәуелсіз мемлекеттегі прези­дент­тік институт қызметі, мем­ле­кеттің қалыптасуы мен демокра­тияның дамуы, жақын және алыс шетелдердегі президенттік инсти­туттардың қызмет ету тәжіри­белері туралы ғылыми ақпарат алмасудың берері мол екендігін ғалымдар ашып айтты. Сонымен, бүгінгі тәуелсіз ел­дің ең басты жетістігі қарапайым қазақстандықтардың бақытты ұр­пақ өсіріп, еңбек етіп, келешекке мол сеніммен қарауында жатса керек. Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.