Сирек металдарға толы өлке
Президент айтқандай, жаңа кен орындары ашылса, тау-кен өнеркәсібі облыс экономикасын жаңғыртып қана қоймай, қосымша жұмыс орындарын құруға жол ашады. Бұл ретте Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне өңірдің минералдық-шикізат базасын толықтыру мен геологиялық зерттеулерге қатысты арнайы сауалхат жолдаған едік. Аталған ведомство берген мәліметке сүйенсек, 2021-2025 жылдарға арналған сирек және сирек кездесетін металдардың ресурстық базасын кеңейту және өндірісін ұйымдастыру жөніндегі Жол картасын іске асыру аясында Абай облысында Ржавая сопка, Брусиловский, Боқай учаскелерінде пайдалы қазба орындарын анықтау мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр.
«Бұл жұмыстар алдағы уақытта сирек және сирек кездесетін металдар құрамын анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Байбол-Ұзынбұлақ, Доғалаң учаскелерінде полиметалл, мыс және алтын іздеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұдан басқа Абай облысы аумағында жер қойнауына өңірлік геологиялық зерттеу жүргізу бойынша жұмыстар іске асырылып жатыр. Оның ішінде геологиялық-минерагендік картаға түсіруге байланысты 1 нысан, терең геологиялық картаға түсіруге қатысты 1 нысан, инженерлік-геологиялық зерттеулер мен ауданды гидрогеологиялық жете зерттеумен қамтуға байланысты 2 нысан бар», делінген министрліктің жауабында.
Келешегі бар учаскелер анықталды
Құзырлы орган өкілдері өңірлік геологиялық зерттеулерді жүргізудің нәтижесінде жаңа перспективалы алаңдар, учаскелер, кен аймақтары анықталып, геологиялық мазмұндағы М-1: 200000 жаңа буындағы карталардың жиынтығы жасалатынын жеткізді. Сонымен қоса минералдық шикізаттың негізгі түрлерінің (алтын, мыс, полиметалдар және т.б.) болжамды ресурстарына баға беріліп, неғұрлым терең зерттеулер жүргізуге ұсынымдар беріледі.
«Жүргізілген өңірлік жұмыстардың нәтижесінде болжамды ресурстарды бағалайтын перспективалы учаскелер бөлінді. Атап айтқанда, оның ішінде Бөрліағаш учаскесі, Сұңқар учаскесі, Сенташ-Құлжа, Мирин-Джумбинск және Вера-Чар-Балажал кенді аймақтары бар.
Орындалған іздестіру жұмыстарының нәтижелері бойынша жоғары перспективалы дәрежедегі Қандығатай (вольфрам) учаскесі, орташа перспективалы дәрежедегі Лениндік кенді орынның анықталуы (сирек металдар), ұсақ ауқымдағы алтын кен көзінің Белсу учаскесі, шағын ауқымдағы алтын кен көзінің Арғымбай нысаны, сол секілді Семенов алаңында да (мыс-никель кендері) перспективалы орындар бар», деп келтірілген ресми ақпаратта.
Геологиялық зерттеуді кімдер жүргізіп жатыр?
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегіне сәйкес, қазір Абай облысындағы жер қойнауына мемлекеттік геологиялық зерттеуді конкурстық негізде келесідей компаниялар жүргізіп келеді. Олар «ГБК «Топаз» ЖШС, «Семейгидрогеология» ЖШС, «С-ГеоПроект» ЖШС және Geotek ЖШС.
Таяу келешекте жоспарланған жұмыстарды орындайтындар да конкурстық рәсімдер негізінде анықталады деп нақтылады жауапты ведомство.
Экологиялық талаптар сақталса игі
Әлбетте, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуде экологиялық нормалардың сақталғаны аса маңызды. Бұл былтыр қабылданған жаңа Экологиялық кодексте де көзделген. Осы орайда Экология министрлігінен белгіленген талаптарды бұзған геологиялық компаниялардың бар-жоғын сұрап, мұндай ұйымдар анықталса қандай жауапқа тартылатынын білген едік.
«Экологиялық кодекстің 174-бабы 2 тармағына сәйкес мемлекеттік экологиялық бақылауды жүргізу тәртібі осы кодекстің және Кәсіпкерлік туралы кодекстің нормаларында белгіленген. Кәсіпкерлік кодекстің 144-бабына сәйкес тексерулер тәуекел дәрежесін бағалау негізінде ерекше тәртіп бойынша жүргізілетін тексерулер және жоспардан тыс тексерулер болып бөлінеді. Сонымен бірге Кәсіпкерлік кодекстің 144-бабының 3 тармағы талаптары негізінде бақылау және қадағалау субъектілеріне жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі.
Абай облысы аумағындағы геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуші субъектілерге қатысты адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне зиян келтірілгені туралы нақты фактілер байланысты арыз-шағым немесе мемлекеттік органдардың атынан деректер келіп түспегендіктен тексерулер жүргізілген жоқ.
Экологиялық кодекстің 238-бабында нақты жердi пайдалану кезiндегi экологиялық талаптар енгізілген. Сонымен қоса геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуден бұрын Экологиялық кодекстің 68-бабына сәйкес белгіленіп отырған қызмет туралы өтінішті жолдау міндеттелген.
Экологиялық кодекстің 106-бабының талаптарына сәйкес экологиялық рұқсат алған оператор, сондай-ақ аталған оператормен жекелеген жұмыстарды орындауға немесе құрылыс кезінде оның аумағында жекелеген қызметтерді көрсетуге және І немесе ІІ санаттағы нысанды салуға тартылған жеке және заңды тұлғалар экологиялық рұқсаттың шарттарын сақтауға міндетті және оларды сақтамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады», деді ведомство өкілдері.
Геологиялық мәліметтердің маңызы зор
Алайда жер қойнауын игеруге ынта танытқан әлеуетті инвесторлар мейлі отандық немесе шетелдік болсын, минералды-шикізат ресурстары жайлы қажетті деректермен қамтылуға тиіс екені айтпаса да түсінікті. Осы ретте мұндай ақпаратты қайдан табуға болады деген заңды сауалдың туындауы да ғажап емес, әрине.
Бұған жауап ретінде министрлік қазір Қазақстанда жер қойнауын пайдаланудың ақпараттық және ғылыми негізін дамыту мақсатында «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ құрылғанын жеткізді. Жаңа ұйымның қызметі – гелогиялық ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету, еліміздің минералдық ресурстарының Ұлттық деректер банкін пайдалану арқылы инвесторларға кешенді сервистік қолдау көрсету.
Осыған байланысты кез келген инвестор қажетті ақпаратқа Астанадағы «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ-да, сондай-ақ оның Алматыдағы, Ақтөбедегі, Қарағандыдағы, Өскемендегі және Көкшетаудағы филиалдарында қаныға алады.
9 жоба жүзеге асырылады
Тау-кен кешені ұлттық экономиканың жүйе құраушы секторы екені мәлім және оған алдағы уақытта да басымдық берілетінін аңғару қиын емес.
Абай облысының әкімдігі берген ақпаратқа сүйенсек, қазір өңірде тау-кен саласында 9 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. 2022-2026 жылдар аралығында 4 мыңдай жұмыс орнын құруды көздейтін жалпы сомасы – 636 733,6 млн теңгеге тиісті жобалар жүзеге аспақ. Мәселен, биыл Семейде ARX Minerals ЖШС Беркарин кен өндіру базасында кен өңдеу зауытының құрылысын аяқтауға жақын.
Көкентау ауылдық округінде «Алел» ФИК» АҚ кәсіпорнының жанынан осы жылы «Көмір десорбциясы және электролиз цехының құрылысы» жобасы іске асырылады. Тұтастай алғанда, облысты дамытудың 2026 жылға дейінгі кезеңінде 3 негізгі инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Мысалы, әлемдегі ірі кен орындарының бірі саналатын «Айдарлы» мыс кен орнында тау-кен байыту комбинатын салып, өнеркәсіпті тың жолға қою межеленген. Жарма ауданында East Kaz Alloys компаниясы хромиттерді байыту мен жоғары көміртекті феррохром өндіру ісін жолға қоймақ. Сол секілді AK Minerals ЖШС катодты мыс өндіру зауытын салуды жоспарлап отыр.
Абай облысы