Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Ұлытау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Жасұлан Рүстемовтің хабарлауынша, Жезқазған қаласындағы әрбір көпқабатты тұрғын үйге кең жолақты интернет жүргізілген. Бірақ операторлар тарапынан көрсетілетін қызмет сапасының төмендігіне байланысты сервис пен қосылу тұрғысынан жетілдіретін тұстар жетерлік. Қаланың жеке секторында проблемалар бар. Мысалы, шағын аудандарда жоғары жылдамдықты интернетке қосылу мүмкіндігі жоқ.
– Байланысқа келетін болсақ, облыстың өзінде де мәселе бар. Теректі және Талап ауылдарында тек 3G ұстайды. Ал Қорғанбай, Түйімойнақ стансасы, 60-шы разъезд, 366-шы разъезд ауылдарында тек 2G байланысы ғана бар. Ал Ұлытау ауданының ауылдарында (Егінді – 260 тұрғыны бар, Ақтас – 110 тұрғыны бар, Пионер – 100 тұрғыны бар) ұялы байланыс мүлдем жоқ. Қаражал қаласында да ұялы байланыс пен интернетке қатысты бірқатар проблема бар. Шалқия ауылында интернет жоқ, – деді Жасұлан Рүстемов.
«КәсіпҚорған» тау-кен металлургия кәсіпорындары мен аралас өндірістер қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Жезқазған филиалының төрағасы Ақылбек Төлепбергенов Жезқазған кентінің және оған іргелес Весовая, Крестовский, Перевалка және ГРП елді мекендерінің тұрғындарын Сәтбаев қаласына қоныс аударуға қатысты бағдарлама енгізілгеннен кейін мобильді байланыс сапасы айтарлықтай нашарлағанын атап өтті. Бұл абоненттер азайғандықтан базалық стансалардың ауысуына байланысты болуы әбден мүмкін.
– Былтырдан бастап Оңтүстік Жезқазған кеніші, Шығыс Жезқазған кеніші, Западный разъезі қызметкерлері «Қазақмыс» корпорациясының басшылығына 4G ұялы байланысының сапасын жақсарту туралы өтінішпен шықты. Бірақ Жезқазған қаласынан 156 шақырым жерде орналасқан «Жомарт» кенішіндегі жағдай тым нашар. Кеніштің қашықтығына байланысты жұмыс вахталық әдіспен жүргізіледі. Ал кейбір қызметтердің өкілдері күн сайын қатынауға мәжбүр. Бұл учаскеде жол-көлік оқиғалары орын алып тұрады. Себебі жолдың бойында фермерлік шаруашылықтар көп. Тиісінше, ірі қара мал жолға шығып кете береді. Мұндай келеңсіз жағдайға тап болған жұмысшылардың тиісті мекемелермен хабарласуға мүмкіндігі жоқ. Себебі байланыс жоқ.
Жалпы, Жезқазған қаласынан 30 шақырым шыққан соң-ақ ұялы байланыс «жоғалып» кетеді. Демек өмірге қауіп төндіретін күтпеген жағдайлар туындаған кезде жедел жәрдемге немесе басқа да қызметтерге қоңырау шалу мүмкін емес. Сондықтан халықтық бақылау жүргізу үшін Bailanys.bar қосымшасының жұмысын дамытуды ұсынамын. Сондай-ақ адам саны 250-ден асатын өнеркәсіптік кәсіпорындарды елді мекендерге теңестіру қажет. Сол арқылы оларды «250+» бағдарламасы бойынша сапалы интернетпен және мобильді байланыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар, – дейді Ақылбек Төлепбергенов.
«Дара Холдинг» ЖШС директоры Ермек Жүнісовтің айтуынша, өңірлік жеке байланыс операторларына, әсіресе кабельдік кәрізге қол жеткізуде және техникалық шарттарды алуда кездесетін қиындықтар бар.
– Жоғары жылдамдықты интернетті ауылдарға жылдам және өтелетіндей етіп өткізу үшін өңірлік жеке провайдерлерге бір мегабитке қосылуды 900 теңгеден 500 теңгеге дейін арзандату керек. Бұдан басқа, Өңірлік байланыс операторлары үшін жағдай жасау (арнайы бағдарламалар, субсидиялау) маңызды. Өйткені солар ғана жергілікті жерлердегі ауыл тұрғындары үшін интернет жүргізеді. Жалпы, ірі операторлардың өзі халық аз қоныстанған ауылдарды жоғары жылдамдықты интернетке қосатын шағын провайдерлермен жұмыс істеуге тиімді болатындай жағдай жасауы қажет, – дейді Е.Жүнісов.
«Азия» халықаралық кабельдік операторлар қауымдастығының басшысы Антон Шин мәселелерді шешу үшін облыс әкімдіктеріне өзіне сеніп тапсырылған аумақтарда байланыс желілерін салу үшін сервитуттар өкілеттіктерін, сондай-ақ байланыс пен интернетті жақсарту үшін базалық стансаларды, оптикалық кабельдерді және осы секілді басқа да инфрақұрылымды орнату үшін жер учаскелерін іздеу құзыреттерін беруді ұсынды. Бұл жергілікті жерлерде туындайтын мәселелерді неғұрлым жедел шешуге әрі әкімдіктерге мүдделі тараптардың іс-әрекеттеріне ықпал етуге мүмкіндік береді.
Жиында өнеркәсіптік кәсіпорындарды цифрландыру үшін барлық мүдделі тарапты, әсіресе осы бағытта жұмыс істейтін жеке секторды тұтас шоғырландыру қажет деген ортақ пікір айтылды. Өйткені саланың кейбір бағытын заманауи тұрғыдан нақты цифрландыру дамудың жаңа деңгейіне жол ашпақ.
– «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан Ұлытау облысы үшін қанатқақты жоба әзірленіп жатыр. Онда өңірге қажетті ең тартымды цифрлық жобалар іріктелетін болады. Пилоттық жобаға қатысу үшін өнеркәсіп кәсіпорындары операторлармен бірлесіп алдымен өздерін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге тиіс. Сондай-ақ ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар орта және шағын бизнеске көмектесе алады. Ол үшін жергілікті жерлерде қажетті цифрлық шешімдерді жасауға көмектесетін бірқатар акселерациялық бағдарлама бар. Сонымен қатар аймақтың цифрлық жобаларын ESG (environmental – қоршаған орта, social – әлеуметтік жауапкершілік, governance – корпоративтік басқару) тұжырымдамасымен байланыстыру керек. Бұл тұтас менеджментті цифрландыруға мүмкіндік береді әрі экология мен адамдарға қамқорлық жасауға көңіл бөлінеді, – дейді «Techgarden» инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қоры бас директорының кеңесшісі Асқар Сембин.