Алматыда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультетінде «Қазіргі халықаралық қатынастардағы АӨСШК рөлі» тақырыбы аясында дөңгелек үстел өтті. Сыртқы істер министрлігі Алматыдағы өкілдігінің қолдауымен өткен жиын барысында сарапшылар Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті ықпалды институт дәрежесіне жеткізу туралы ұсыныстарын ортаға салды. Астанада өтетін VI саммит қарсаңында ұйымдастырылған іс-шараға еліміздің және шетелдік дипломатия миссиясының өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел барысында Алматы қаласындағы СІМ өкілдігі Саяси-ынтымақтастық басқармасының басшысы Алмаша Аренова: «Азия құрлығында сенім тетіктерін құру идеясы 1992 жылы айтылған болатын, содан бері АӨСШК Азия қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. Бүгінгі таңда Қазақстанның төрағалық етуі аясында кеңесті өңірлік ұйымды трансформациялау маңызды әрі АӨСШК қызметін диалогтік платформаға түрлендіру қатысушы елдердің өзара іс-қимылының басты бағыты болып отыр», деді.
Жиынды жүргізген халықаралық қатынастар факультетінің деканы Думан Жекенов, проректор Нұржан Айдосов отырыстың мән-маңызына тоқталып, халықаралық ұйымның жаһандық жағдайдағы миссиясына тоқталды.
Дипломаттар жиынын жалғастырған БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек АӨСШК миссиясының мүше-мемлекеттер ғана емес, жаһандық мәселелерде маңызды екенін атап өтсе, Қытай Халық Республикасының бас консулы Цзян Вэй: «Жаңа сын-тегеуріндер әлем елдері үшін өңірлік қауіпсіздік, тұрақтылық пен тату көршілік қатынастардағы сындарлы диалогті нығайтуды қажет етеді. Осы орайда Қытайдың стратегиялық мақсаттары АӨСШК тұрақты даму міндеттерімен сәйкес келіп отыр. ҚХР басшысының жуырда Қазақстанға сапары барысында түрлі салалардағы ықпалдастыққа басымдық бергені осының дәлелі», деп атап өтті. Иран Ислам Республикасының бас консулы Мохсен Фагани көпжақты конструктивті диалогті қолдайтынын атап өтсе, Өзбекстан Республикасының бас консулы Аброр Фатхуллаевтың айтуынша, өтпелі кезеңде тұрған елдер үшін трансұлттық қатерлер, миграция, дәстүрлі құндылықтар тұрғысында ықпалдастық механизмдерін жетілдірудің маңызы зор. Түркия Республикасының Алматы қаласындағы вице-консулы Шермин Текин, Үндістанның Алматы қаласындағы Бас консулдығының консулы Амит Кумар Шарма, Тәжікстан бас консулы Равшан Бобохонзода, Қырғызстанның Бас консулдығының консулы Жумаш Асанбеков осы айтылғандарды құптай отырып, бүгінде географиясы кеңейіп, құрлықтық платформаға айналған кеңестің бейбітшілікті қолдау, ынтымақтастық орнату және даму мүддесі тұрғысынан Азия елдерінің ұжымдық күш-жігерін үйлестірудегі әлеуетінің зор екенін атап өтіп, алдағы даму стратегиясына байланысты ұсыныстарымен бөлісті.
Президент Қ.Тоқаев еліміздің сыртқы саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында Азиялық қауіпсіздіктің түйінді мәселелерін шешудің, оның ішінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті қауіпсіздік пен даму бойынша өңірлік ұйымға айналдыру арқылы, кешенді тәсілдерін іздеуді жандандыру міндетін қойғаны белгілі. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Болат Сұлтанов «Кеңестің трансформациялануы континенттегі өзгермелі жағдайда Азияның жаңа міндеттерін анықтайды» деп атап өтті. «Осы орайда АӨСШК іс-қимылына нақты басшылық керек, ал оған ағымдағы геосаяси конфронтация жағдайында қалай қол жеткізуге болады?» деген сауал тастай отырып сарапшы: «Бүгінде АӨСШК мүшелері арасында келіспеушіліктерді әрі әлемдегі ахуалды түбегейлі өзгертетін жағдайларды да жоққа шығара алмаймыз. Мүше-мемлекеттердің көпшілігі әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан сын-тегеуріндер кезеңінде тұр. Ал ғылым мен техника, технологиялар дамыған сайын, әлеуметтік-экономикалық дамушы және дамыған елдер арасындағы айырмашылық ұлғая береді. Мұнымен қоса пандемия, COVID-19, климаттың өзгеруі, демографиялық диспропорциялық мәселелер тағы бар» деді.
«Қазақстан АӨСШК бастамашысы бола отырып, оның тиімді жұмыс істеуіне күш салып келеді», деп атап өтті тарих ғылымдарының докторы, профессор Құралай Байзақова. Бүгінде кеңес жұмысын ұйымдастыру мен құқықтық негіздерінде қазақстандық дипломаттардың үлесі зор. АӨСШК Азиядағы көптеген мемлекеттер үшін дискуссия алаңы болып табылады. «Азия саяси-экономикалық тұрғыдан алғанда біркелкі емес. Көптеген елдер үшін аймақтық келіспеушіліктер, реттелмеген жағдайлар бар. Бүгінде континентте діни экстремизм, терроризм, есірткі тасымалы, энергетикалық қауіпсіздік сынды жаңа элементтер пайда болды. Даулы мәселелерде конструктивті келіссөздерді қамтамасыз ету мәселесі өзекті. Сондықтан АӨСШК бастамасымен ұжымдық қауіпсіздік жүйесін құру қажеттігі туындайды. Осы орайда халықаралық тәжірибелерді басшылыққа ала отырып, алдын алу шараларын дамыту қажет. Бүгінде АӨСШК сыртқы саясаттағы әлеуеті толыққанды пайдаланылмай отыр. Сондықтан мүше-мемлекеттердің географиялық әртүрлілігі қалыптасқан геосаяси жағдайда ұжымдық қызметке барынша бейімделу керек», деді сарапашы.
«Көне өркениеттер бесігі саналатын Азия қарқынды саяси-экономикалық үрдістерді бастан өткеруде. Басқа континенттермен салыстырғанда Азияда мүше-мемлекеттерді, қауіпсіздік және бірлескен даму шараларын қамтитын ұйым жоқ. Сондықтан Азияда баршамыздың басымызды біріктіретін ойын ережесі керек» деді ҚСЗИ бас сарапшысы Болат Әуелбаев. «Аймақта инфрақұрылым қиындап, бір-біріне тәуелділік күшейіп отыр. Транспорт, логистика, ақпараттық құрылым дамуда. Осы орайда тіліне, дініне, конфесссияаралық, мәдени айырмашылықтарға қарамастан мүше-мемлекеттер жақындай түсуі қажет. Бүгінде Түркиядан Жапонияға дейінгі түрлі-түсті өркениеттер спектрінің саяси жүйесіне зер салатын болсақ, барлық елдер заманауи тұрғыда өмір сүргісі келеді. Сондықтан Азия диалогінен аймақтағы ауқымды қауіпсіздіктің контурын көріп отырмыз. Ал оны жүзеге асырудың жолы көп қырлы әрі оңай шаруа емес. Сондықтан ерікті жауапкершілік алатын әмбебап жүйе түзе отырып әрі Азияның көптеген елдері жаһандану жағдайына бейімделумен қатар саяси және экономикалық үрдіске белсенді кірігуі керек. Осылайша мүше-мемлекеттер өздеріне ерікті түрде міндеттеме ала алады», деді сарапшы.
Дөңгелек үстелге қатысқан сарапшылар Мара Губайдуллина, Мәлік Ауған, Рүстем Құрманғожин, Ақмарал Баталова, Мунира Артықбекова АӨСШК аясында қауіпсіздік тетіктерінің, сауда және санкциялық соғыстар, Азия континентіндегі сенім шаралары жүйесін дамыту, даулы мәселелер бойынша сындарлы келіссөздерді қамтамасыз ету, терроризмге қарсы іс-қимылдың бірлескен жүйелі тәсілдерін және АӨСШК елдерінің аумағында қатерлердің алдын алу тетіктерін әзірлеу қажеттігі тұрғысында ой бөлісіп, іс-шара қорытындысына сәйкес қарар қабылдады.
АЛМАТЫ