Экспорттық бағыттағы кәсіпорын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Оңтүстік Кореяға жасаған сапары кезінде сөз болған ірі металлургиялық кластердің алғашқы жобасы ретінде жүзеге асырылып жатыр.
Бұл жерде ферроқорытпалар мен болат өндіретін кәсіпорындар, металды екінші қайтара өңдейтін фабрикалар тұрғызылады. «Mineral Product International» ЖШС-ның инвестициялық жобасы толық іске асса, жылына 160 мың тонна ферроқорытпа шығару қабілетіне ие. Ферроқорытпалар өндіретін кәсіпорынның ерекшелігі, өндірістен шығатын зиянды қалдықтарды 99,9%-ға дейін залалсыздандырады. Дайын өнім Еуразиялық одаққа, Азия елдері мен АҚШ-тың металлургиялық нарығына жөнелтіледі. Тартылған инвестициялардың жалпы сомасы 360 млн долларды құрап отыр.
– Металлургиялық кластер құрамына металды екінші қайтара өңдеу фабрикасы, ферроқорытпалар мен болат өндіру кәсіпорындары кіреді. Бұл жобаларды жүзеге асыру арқылы 2025 жылға дейін облыстың өңдеуші өнеркәсіп көлемін 57 пайызға дейін арттыруға жағдай жасалады. Жергілікті тұрғындар үшін 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады, – деп атап өтті болашақ кәсіпорынның қазығын қағу рәсімінде Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов.
Жыл сайын ішкі нарықты 3 млн тоннадан астам болат өнімімен қамту арқылы импорт көлемі 70 пайызға дейін азайтылмақ.
Ал компания акционері Сергей Канның сөзіне қарағанда, Павлодар облысында металлургия саласын дамытуға барлық мүмкіндік бар. Мемлекет преференциялар және қажетті инфрақұрылымды тартуға мүмкіндік беру арқылы инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасауда.
«Павлодар облысын таңдау кезінде мұндағы шикізаттық база, жоғары білікті мамандар мен энергетикалық мүмкіндіктерге ерекше назар аудардық», дейді ол.
Айта кетелік, бүгінде облыстағы өнеркәсіптік өнім көлемі 1,4 трлн теңгеге жеткен, бұл республика бойынша екінші көрсеткіш. Шикізаттық емес экспорт 1,4 есеге өсіп, өңір бұл бойынша да ел аумағында тағы екінші орынға шыққан. 2025 жылға дейін жалпы сомасы 2 трлн теңгеге 143 ірі инвестжобаны жүзеге асыру көзделуде. Осының нәтижесінде, жаңадан он мың жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.
Павлодар облысы