Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студент жастары қолдарына сыпырғы, айыр-күректерін алып, қала халқы көп жиналатын қоғамдық орындарды – алаңдарды, көше қиылыстарын, Мағжанның ескерткішінің маңайын, Абылайдың ақ үйінің маңын сыпырып, қоқыстан тазалауға кірісті.
Топ бастаушы Бекзат Латыпованың айтуына қарағанда, бұл іс-шара жастардың санасына өзі жүрген жерде тазалық сақтауды сіңіретін және сол үшін күресуге бейімдейтін акция. «Біз қаламыздың, ауламыздың, көшеміздің тазалығына, оның жайқалып, жарқырап тұруына көңіл бөлуіміз керек. Тазалықты, тәртіпті өзімізден бастағанымыз дұрыс. Табиғатты аялауды әрбір азамат ойласа, қаламыз да таза болады», дейді Б.Латыпова. Ата-бабамыз «Ақыл – жастан, асыл – тастан» дегенді тегін айтпаған ғой, жақсы бастаманың қасында қашанда жастар жүреді. Солардың ынта-жігері, батылдықтары мен белсенділіктері жақсылыққа бастайды. Ел болып қолдап жатқан бұл игі істі де соның бірі деуге болады.
Қоқысқа толып қалған скверлер, алаңдар, көше қиылыстары, ескерткіштердің алды бір тазарып қалды. Жастар улап-шулап әндетіп, әзілдесіп, жүріп-ақ айналаның бәрін тазалап, жайнатып кетті. Өтіп жатқан қала тұрғындары олардың игі ісіне сүйсіне қарап, алғыстарын айтып жатты. Кейбірі «бүгін сенбілік пе еді» деп таңырқап та жатыр. Оларға жастар күле қарап, «жоқ бүгін сенбілік емес, жұмалық» деп күлісіп қояды. Шынында челлендждің Қызылжарда жалғасуы өткен бейсенбіге келген еді. Жергілікті баспасөз жастардың бастамасын облыстың барлық түкпіріне таратып, жақсы істен үлгі алуға шақырып жатты.
ПЕТРОПАВЛ