Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Қызылордаға Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Павлодар облыстарының, Шымкент қаласының мұнай-газ саласындағы 17 жетекші кәсіпорнынан 119 қатысушы жиналды. Байқаудың соңғы кезеңіне өткен қатысушылар – осыған дейін өз ұйымдарында іріктеу кезеңдерінде жеңіске жеткен үздіктер. Жарыс мұнай-газ өндірісінде қызмет ететін оннан астам мамандық иелерінің арасында өтті. Атап айтқанда, мұнай және газ өндіру операторы, ұңғымаларды зерттеу операторы, тауар операторы, қабат қысымын ұстау операторы, технологиялық жабдықтарды жөндеу және қызмет көрсету слесарі, электр газбен дәнекерлеуші, электр құралдарын жөндеу және қызмет көрсету электр жөндеушісі, химиялық талдау зертханашысы, технологиялық қондырғылар операторы, компрессорлық қондырғылар машинисі, ұңғымаларды күрделі жөндеу бригадалары мен ұңғымаларды жерасты жөндеу бригадалары секілді қарапайым жұмысшылар жиналды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауындағы «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек» деген сөздері Қызылордада өткен дәстүрлі жарыстың мақсатын айқындай түскендей. Өйткені ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау саладағы озық тәжірибелі мамандарды анықтау арқылы мұнай-газ саласындағы жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыруға, мамандарды ынталандыруға және өзара тәжірибе алмасуға бағытталған.
Химиялық талдау лаборанты мамандарының арасында 3-орынды иеленген Лаура Мұратқызы қызылордалық «Қазгермұнай» компаниясының атынан жарысқа түсті. «Ақшабұлақ» кен орнының химиялық талдау лаборанты байқауға осымен екініші рет қатысқан. «2019 жылы Қазан қаласында өткен жарыста 1-орын алып, үздік маман атанғанмын. Сайыста күнделікті орындап жүрген тапсырмалар болғанымен, қобалжу болады. Сол толқуды басып, практикалық сынақтан сәтті өту маңызды», дейді ол.
Қатысушылар екі кезеңнен тұратын сынақтан мүдірмей өтуі керек. Бірінші кезеңде мамандардың теориялық білімі тексеріледі, ал екінші кезеңде тәжірибеде сыналды. Осы кезеңде өнеркәсіпте көп жылдық тәжірибесі бар тіс қаққан мамандардың өзі қобалжитынын айтты. Қазылар алқасы әр қатысушының белгіленген уақытта тапсырманы техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, тиімді әрі өнімді орындауын бағалайды.
Жарысқа алғаш келген қатысушылар байқаудың ауқымына таңғалғанын жасырмады. KazakhOil Aktobe компаниясының технологиялық жабдықтар операторы Нұрлыбек Захаров келесі жылы тыңғылықты дайындықпен келуге уәде берді. «Байқауға алғаш рет қатыстым. Жарысты осындай ауқымды болады деп күтпедім. Өзіме көңілім толмаса да, байқауға келіп, тәжірибе жинадым. Ең бастысы, Қызылордадан үлкен ынтамен кетіп барамын. Келесі жарысқа бұдан да жақсы дайындаламын деп үміттенемін. Өзге әріптестеріме де көмектесуге дайынмын», дейді ақтөбелік маман.
Байқау нәтижесінде 13 аталым бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. «Қаражанбасмұнай», «Қазгермұнай», «ҚазТрансОйл» және «Ембімұнайгаз» компанияларының қызметкерлері жоғары нәтиже көрсетіп, үздік атанды. Сондай-ақ «Маңғыстаумұнайгаз», «Өзенмұнайгаз», Oil Construction Company, «Өзенмұнайсервис», Oil Services Company, CASPI BITUM, Павлодар мұнай химия зауыты, Шымкент және Атырау мұнай өңдеу зауыттарының мамандары жүлделі орындарға ие болды.