Кеше Астанада Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіровтің “Қазақстан Республикасы – Еуропа Одағы” Парламенттік ынтымақтастық комитетінің 9-шы отырысының жұмысына қатысып жатқан Паоло Бартолоцци бастаған Еуропарламент делегациясымен кездесуі болды.
А.Шәкіров делегацияны өз жұмысының негізгі бағыттарымен таныстырып, қазақстандық омбудсменнің қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық база туралы айтып берді.
Еуропа парламентшілері адам мен азаматтың құқықтары мен еркіндіктерін қорғау саласындағы Қазақстан саясатын жоғары бағалады, сондай-ақ түрлі салалардағы, соның ішінде құқық қорғау қызметіндегі Қазақстан-Еуропа әріптестігінің даму серпінділігін атап көрсетті.
* * *
Кеше А.Шәкіров сондай-ақ Халықаралық түрме реформасы құқық қорғау ұйымының саяси мәселелер жөніндегі директоры Мери Мерфимен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар бостандықтан айыру орындарындағы жүйелі, тәуелсіз де тиімді бақылауға бағытталған жобаны іске асырудың қорытындыларын талқылады.