Мобильді қосымша арқылы сату нүктесін, көмірдің қажетті маркасын және көлемін таңдау мүмкіндігі бар. Сонымен бірге онлайн төлем жасап, тауар ақысын 3 айдан 6 айға дейін бөліп төлеуге болады. Аталған заманауи шешім қатты отынды тікелей және кезексіз сатып алуға, сондай-ақ халықтың жылыту маусымына дайындығын айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік береді. Тиісті жұмыстар басқа да өңірлерде жүргізіледі.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетовтің айтуынша, тұтынушылардың онлайн түрде сатып алынған көмірдің сапасына көңілі толмаса, қайтарып беру мүмкіндігі де қарастырылған. Сонымен қатар тиеліп жатқан көмірдің сапасына өзі көз жеткізгісі келетіндердің де онлайн түрде кезегі мен уақытын анықтап алып, баруына да мүмкіндігі жасалады.
«Егер келген көмір айтарлықтай сапасыз болған жағдайда оны сіз қайтара аласыз. Бұл мәселе өңірлік көмір операторлары мен көмір разрездерінің жауапкершілігінде», деді Т.Жолмағамбетов.
Айта кетерлігі, ведомство өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, көмірді жеткізіп беру мен бөлу мәселелерін ерекше бақылауда ұстап отыр.
2022 жылғы қаңтар-тамызда елімізде 73,7 млн тонна көмір өндірілген, бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 6,2%-ға артық. Көмір өндіруші кәсіпорындардың деректері бойынша баға былтырғы деңгейде сақталған. Ал сату орындарында көмір бағасының өсуіне жол бермеу үшін оны үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз ету және автомобиль көлігімен елден тыс жерлерге әкетуді 6 айға шектеу жөнінде шаралар қабылданды.