Жүйкесі әлсіз адамдардың мұны оқымай да қойғаны дұрыс па дейміз. Өйткені, бір адамның айла-амалы сонша жұрттың тағдырын ойыншыққа айналдырып, ақыр аяғында бірнеше бейкүнә жанды тақырға отырғызуы мүмкін деп кім ойлайды?
Көптеген адамды зар қақсатқан алаяқтың бүлдірген әрекетін және оған қоғамның атына кір келтіруге «көмек көрсеткен» «қамқоршылардың» ісін түгел баяндап шығу мүмкін емес. Біреулер мұндайлар көп және оларға дем беріп, айдап салып қоюшылар одан да көп дейді. Солай екені де рас. Дегенмен, біздің қоғамда адал адамдар да көп екенін ескерген жөн. Адал адамдар билікке келсе, арамдардың жолы қысқара түседі. Міне, соны ескергендіктен бұл оқиға өзгелерге сабақ болса, әрі тиісті мекеменің жауапты шенділері алдағы кезеңде мұндай келеңсіздіктің қайталанбауы үшін қорытынды шығара білсе деген үміт бар.
Сонау бір кездері, яғни 2001 жылдың көктемінде Ұлы Отан соғысының ардагері Қ.Мыңжановқа Астана қаласы әкімдігінің қаулысымен «Оңтүстік-Шығыс» шағын ауданы 24 «Б» орам, №51 телімді пайдалануға 10 сотық жер беріледі. Ол кезде Ұлы Отан соғысының ардагері Қалихан қария осы бір жер телімінің ұлы мен немересіне қандай тосын сый сыйлайын деп тұрғанын қайдан ғана білсін. Білсе, алмай-ақ қояр ма еді. Бірақ ел болған соң тәртіп бар, тәртіпті қадағалайтын құқық қорғау органдары бар деп сенеді ғой. Әйтсе де дүниежүзі елдерінің белін қайыстырған сұм соғыс жанын жабырқата алмағанда, тәуелсіздік тұсындағы өз елінің жүгермектері тоқсандағы жасына қарамай жанын оңдырмай жаралайды деп кім ойлаған. Ол кезде тек жалғыз жаны жараланған осы Қалихан қария ма екен, талайлар алданып қалғандарын білгенде, опынып сандарын соқты. Кейбіреулері шыдай алмай күйіктен жүнжіп кетті, біреулер өз-өздеріне қол жұмсады, енді берулерінің сүттей ұйыған отбасы тыныштығы бұзылып, шаңырақтары опырылды. Ал оларды тақырға отырғызғандардың мұрты да қисайған жоқ, қайта одан әрі майланып, миықтарынан күлген күйі келесі бір жемтіктерін іздеп әлі отырған көрінеді.
Сөйтіп, Қалихан қария жер телімін алған соң, онда ұлы Берік Мыңжанов әдемі үй тұрғызады. Ұлы Отан соғысы ардагерінің қуанышында шек болмайды. Алған жер теліміне үй тұрғызылып, ұлы бала-шағасымен қоныстанғанын көрген соң жасы жеткен қария да дүниеден озады. Бұдан кейін Берік Мыңжанов жерүйді сатып, ер жетіп қалған балаларына көпқабатты үйден жайлы пәтер алмақшы болады. Атшаптырым жерге кең сарайдай үй салынып тұрғанын көрген жұрт бірінен соң бірі саудаласуға ұмтылады. Солардың бірі ретінде В.Мұқанова да хабарласады. Ал ол анау-мынау емес, сол кездегі құрылыс компаниясының білдей директорының өзі екен. Мұндай аты дардай құрылыс компаниясының директоры атану үшін де қолда мемлекеттік билік өкілдері тексеріп берген арнайы рұқсат құжаттар болуы керек. Және ол сол кездегі елордадағы жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап пайда болып жатқан құрылыс ғимараттарындай, бірнеше құрылысты бастап кеткенін де жеткізеді.
Б.Мыңжанов алғашқы екпін сенімділігіне үміт артса да, іс жүзінде көрейін деп құрылыс басына келеді. Расында әлгі ЖШС бір бес қабатты үйді тұрғызып, тіпті, аяқтауға таяп қапты. Бұған ақшаларын ертерек салған үлескерлер де баспаналы боламыз деп сенімді жүрген секілді. Басқа әңгіме естілмейді. Алайда, осы кезде Б.Мыңжанов құрылыс алаңына келіп-кетіп жүрген көптеген адамдар қарасын байқап, содан күдіктенгендей болады. Соншама адамға бұл бес қабатты үйден қалайша бәріне жетерліктей пәтер берілмек деген бір тосын ой келеді. Бірақ Б.Мыңжанов оған сол кезде онша мән бере қоймайды. Оның үстіне балаларының туған анасы емес, кейінгі алған әйелі ЖШС директоры В.Мұқановамен кәдімгідей жақын танысып алады. Бұған қолайлы сәттің туғанын күнде айтып, үйді тезірек сатып, бөлек шыққанды жөн көреді. Сондықтан үйді сатайық, бөлек шығайық деп қақсап қоймаған әйелі Гүлайымға сенімхат жазып береді. Ал В.Мұқанова болса, осы сәтті шебер пайдаланып, жоғарыда аталған, яғни салынып жатқан бес қабатты үйден оларға екі бөлмелі пәтер бермек болып құжаттар дайындайды. Тек ол үшін әуелі Б.Мыңжановтың үйін өзі сатуы керек екен. Сөйтіп, қайран Б.Мыңжановтың үйін сол кездегі нарық бағасымен 21 600 009 (жиырма бір миллион алты жүз мың тоғыз) теңгеге бағалайды. Ол кезде 1 мың АҚШ доллары 120000 теңгеге тең еді.
Б.Мыңжановқа деп салынып жатқан бес қабатты үйден берілетін пәтердің құны 9 600 009 (тоғыз миллион алты жүз мың тоғыз) теңге болып бекітіледі. Ал жер үйдің қалған ақшасын ол сатылысымен В.Мұқанова Гүлайымға қайтарып беретін болып екеуара келіседі. Бұл жайдан Берік Мыңжанов бейхабар болатын. Осыған келіскен соң қолында сенімхаты бар Гүлайым мен В.Мұқанова арасында келісімшарт жасалады. Бұл шаруа түске дейін шешімін табады. Істің бұлардың пайдасына қарай жылжығанын естіген Б.Мыңжанов ардагер атасы арқылы алған жер теліміне тұрғызған үйді сатып, екі бөлмелі пәтер алатындығына алғашқыда, шыны керек, қуанады. Сосын балалары күні ертең жайлы пәтерге қоныстануға шығатын болғандықтан, оларға өздері сатқан үйдің алдындағы сарайды уақытша паналай тұрыңдар деп кеңес береді. Ал Б.Мыңжановтың өзі болса, уақытша ғой деп, пәтер жалдап шығып кетеді. Бар мәселе осы үйді тездетіп сатуда болып тұр екен. Оқиғаның әрі қарай өріс алуы тура бір кинодағыдай дерсіз.
Өйткені, В.Мұқанова түске дейін Б.Мыңжановтан үйін сатып алысымен, сол күні түс ауа әлгі үйді жер телімімен қоса Пиканов деген азаматқа асығыс түрде сатып жібереді. Кейін анықталғандай, 21 600 009 теңгеге бағалаған, яғни осы бағаға сатамын деген үйді ол бар болғаны 7 200 000 теңгеге сатып жіберген. Шын мәнінде ол Б.Мыңжановпен мұндай бағаға келіспегені анық, өйткені, оған екі бөлмелі пәтер мен қалған қомақты ақшаны қайтарып беруі керек еді. Ал мына үйді сатуға бұл бағаға кіммен келіскені белгісіз. Не керек, В.Мұқанова түске дейін сатып алған болса, сол күні түс ауа Пиканов келіп, үй менікі деп Мыңжановқа зіркілдейді. Арада көп уақыт өтпей жатып, Пиканов үйді енді Иванов дегенге сатып жібергені белгілі болады. Бұл кезде Б.Мыңжановтың ұлы Медет Мыңжанов жас босанған әйелімен үй алдындағы сарайды уақытша паналап тұрып жатқан болатын. Өйткені, басқа барар жерлері жоқ, пәтер жалдауға қаржы жоқ дегендей, бүгін-ертең беріліп қалатын В.Мұқанованың үйін күтіп амалсыз тұрып қалған.
Алайда, әне-міне беріледі деген баспананың бітер түрі көрінбейді. Уақыт зулап өтіп жатыр. Бір кезде алдында Пикановтан үйді сатып алған Ивановтың орнына, енді бір күні үйді мен сатып алдым деп Қарабаева деген жетіп келеді. Сөйтіп, Б.Мыңжановтың қайран үйі бейне бір сиқыршының қолына тигендей, бас айналдырған шапшаңдықпен бірнеше адамға сатылып кетеді. Тіпті, Б.Мыңжанов үйдің ақшасын кімнен сұрарын білмей қалады. Сан соғып сандалу басталады. Ал бұл кезде оның ұлы Медет Мыңжановтың көрген тауқыметін айтып жеткізу мүмкін емес еді. Үйді сатқан күні-ақ кешкісін белгісіз біреулер топырлап толады. Арақ ішу, былапыт сөздер айту, ұрыс, төбелес басталған сол сәттен. Медет болса күнде жұмыс істейді. Жаңа босанған жас келіншегін үйде жалғыз қалдыра алмайды. Сарайды уақытша паналап жатқан оған күнде ертеңгісін жас келіншегін бесіктегі сәбиімен алып ата-анасының үйіне апаруына тура келеді. Кеште жұмыстан қайтарда келіншегін сәбиімен қайта сарайға алып келеді. Жұмысы қаланың бір шетінде, әйелінің ата-анасы қаланың екінші шетінде, ал сатылған, яғни бұрынғы өз үйінің сарайы үшінші бір жақта. Медет осынау қиындыққа амал жоқ көнеді. Бірақ жас баламен әйелі оған көнсін бе. Ата-енесі қызы мен немересін қолына алады. Не үйің жоқ, не күйің жоқ, бұл не жүріс, не сандалыс деп намысқа тиер сөздерді естиді. Тұрмыстық күйінің кетігі кеткен соң жұмысы да жүрмей, қызметтен босап қалады. Үйден айырылу, жұмыстан шығу, отбасындағы кикілжің жығылған үстіне жұдырық болып тиеді.
Сөйткенше болмайды, ауыртпалыққа шыдамаған әкесі де әйелімен, яғни мұның өгей шешесінен ажырасады. Арада ұрыс-керіс туындайды. Әкесі, екі ұлы әп-сәтте қаңғырып далада қалады. Кеше ғана бұлардың әрқайсысының өз отбасы, бала-шағасы, тату-тәтті өмірі, өз қызығы мен шыжығы қайнап жатқан отбасы деп енді кім айта алады? Кім сенеді? Әне-міне той жасаймыз деп жүрген Медеттің ағасының да күйі бұзылады. Әр кірпішін өз қолдарымен қалаған, керемет етіп салған үйлерін біреуге алданып, өз қолдарымен бере салғандарына, енді қаңғырып сыртынан телміріп жүргендеріне шыдай алмайды. Басқа жақтан пәтер жалдап көшіп кетейін десе, іштегі бір күдік жібермейді. Өз қолымен тұрғызған үйін өгей шешесі болмай сатып жіберсе де, айырылғысы жоқ. Сөйтсе, қайран жүрек алдамаған екен. Медетке В.Мұқанова мен өгей шешесі бір нәрсені бүтінделместей етіп бүлдіргендей көрінеді.
Бұдан кейін Б.Мыңжанов ес жиып, үйді қайтару қамын ойлайды. Содан шырылдап В.Мұқанованы іздейді. Ол таптыра қоймайды. Басталған бес қабатты үй қаңыраған қарашадай қалқайып, қазылған қазаң шұңқырларға толған су ортасында қалыпты. Бұл маңайға күнде қаптап адамдар келеді. Кезінде бір алаяқтық істің басталғанын білдіргендей мойындары сорайып қалқайған бір ескі крандар тұр. Жұмысшы да, күзетші де жоқ. Тым-тырыс өлі тыныштық. Сөйтсе В.Мұқанова деген ойдан-қырдан құжаттарды жинап, үй тұрғызам деп жұмысшыларды жалдап, қағылған-соғылған техникаларды сүйреп әкеп қойыпты. Ол өзінің құрылыс компаниясын заңды нөмірмен тіркеткен. Сөйтіп, өзінің ЖШС басқа тағы бір ЖШС-нің жеке шаруашылығын жүргізіп, банктен есепшот ашыпты. Содан құрылысын өзі бастаған бес қабатты үйге үлескер болыңдар деп талай салымшылардың қаржысын жиыпты. Әрине, алтын көрсе періште де жолдан таяды дегендей, жаппай алып, жеп жатқан өзгелер секілді алаяқтық ісім білінбей қалады деп ойлады ма екен, әйтеуір үй тұрғызудан гөрі үлескерлердің өз қолдарымен әкеп, өздері санап беретін қып-қызыл ақшасына қызығыпты.
Мұны Б.Мыңжанов секілді көптеген адамдар қайдан білсін. Тәртіпке, заңға сенген күйі жүре берген. Сөйтсе, В.Мұқанованың бес қабатты жайлы пәтерлі үй тұрғызуға тіптен рұқсаты болмаған көрінеді. Ол өзгелер де рұқсатсыз үй салып жатқанда маған да бір жөні болуы мүмкін деп ойласа керек, әйтеуір ғимарат тұрғызу ісінде асыра сілтеп жіберіпті. Оған сонау 2006 жылы Асқаров деген азамат 10 сотық жер телімінің үй салуға арналған мемлекеттік актісін берген. Оған қоса осы телімге коттедж салуға ғана сенім хат тіркепті. Ал В.Мұқанова болса қыза-қыза келгенде анау-мынау емес, бір коттедждің орнына бес қабатты үйді тұрғызуды жөн көріпті. Бұл үй тұрғызыла ма, жоқ па, оны ол кезде В.Мұқанованың өзі де білмесе керек. Ақыры Б.Мыңжанов өзінің үйі сатылып кетіп, артынша бір емес, бірнеше қожайын өзгергенде ғана шошиын дейді. В.Мұқановадан секем алған күдігі расқа шығады. Ол бір пәтерді бірнеше адамға қайтара сатыпты. Сөйтіп, алданған адамдардың ақшасын қалтасына баса берген. Енді оны қанша іздесе де таба алмайды. Іс бітіп, қу кетті деген осы, үй де жоқ, ақша да жоқ, бас сұғатын баспана да жоқ. Ақыры барып, сотқа жүгінеді. Сөйтсе, сенген қойым сен болсаң дегендей, В.Мұқанованы тек жалғыз бұл емес қырық шақты отбасы жарық күнде қолдарына шам алып іздеп жүр екен. В.Мұқанова және оның қызының үстінен қылмыстық іс қозғалыпты. Оны Б.Мыңжанов секілділер қайдан білсін, В.Мұқанованың соңғы сағаты соққанға дейін тірнектеп жиған ақшаларын уысына әкеліп ұстата беріпті. Ар жағы белгілі: В.Мұқанова мен оның қызы банкке түскен бұл ақшаларды судай сапырып, өз пайдаларына жаратқан. Пәленбай миллион АҚШ долларын қалтасына басқан олар елордалықтың бұл кезде әлі түсіне де еніп көрмеген зәулім коттедж тұрғызып, астарына әрқайсысы шетелдік ең қымбат та жүрдек көліктерді мініп, түк болмастай жүре беріпті. Көкелеріне сенген ғой. Ал сын сәтте ол «көкелерінің» де жалт берерін білмеген сыңайлы.
Өйткені, ол біреулерге сенім артпаса мұндай сорақылықтарды жасау мүмкін де емес, жалғыздың қолынан да келмейді. Мәселен, соңғы сатып алушы Қарабаева алдындағылардай емес, Мыңжановтардың айналшықтап кетпеулерінен өзінше сақтық танытса керек, үйді банкке 15 жылға 61000 АҚШ долларына кепілдікке салып тастайды. Ал негізінде Медет Мыңжановтың сұрау салуы бойынша, бұл банк тұрғын үй шпалдан, саманнан тұрғызылған болса кепілдікке алмаймыз, несие берілмейді дегенді айтады. Ендеше, Мыңжановтардың шпалдан салынған үйлерін банк қалайша кепілдікке алып, ипотекаға келісімшарт жасалған? Осылайша, В.Мұқанованың бастапқы іс-әрекеті, айлалы-амалдары күдіктен күдік туғыза береді. Содан Мыңжановтар соттан сотқа жүгінеді. Бірінші сот, екінші сот, үшінші сот, төртінші сот... Не керек, соттан сот бітпейді. Енді қайтпек, жалғыз қалған үміт сотта ғана. Бірақ Мыңжановтар үйі бір емес, бірнеше рет сатылып кетті, әр сатқан адам ақшасын алып кетті. Қайда кетті, ешкім білмейді. Оның үстіне банкке де кепілдікке салынды. Бәрі заңды секілді. Мыңжановтар тәрізді талай адамдар зар еңіреп жүр, біреулердікі тіптен қиын: ішерге ас, тігерге тұяқ қалмаған. Бұларды алдап соққандар алдадық демейді. Кәсіппен айналысып, амал істедік дейді. Қоғам кінәлі, уақыт солай дейді. Ал шынында кім кінәлі?
Үйді соңғы сатып алушы Қарабаева оны банкке кепілдікке қойған соң, үйге де, оның алдындағы сарайға да пәтер жалдап тұрушыларды жіберген. Олар кезіндегі әдемі үйдің әрін кетіреді. Бес жыл бойына коммуналдық қарыздар мен жер салығы төленбейді. Банкке қойылғандықтан үйге тыйым салынады. Оған енді куәландыратын жеке құжат та, мекенжай аты да берілмейді және мемлекеттік тіркеуге алынбайды. Сөйтіп, үйдің бұрынғы атаулары жойылады. Бұл енді тағы да жығылған үстіне жұдырық болып жұмсалады. Мыңжановтар секілді бірнеше адам осындай арамдықтың құрбанына ұшырады-ау деп ешкім назар аудармайды. Аудару түгіл барлық мекеме ат-тонын ала қашады. Бірақ Мыңжанов соттың артынан қалмайды. Адамды әділдікке бір жеткізсе, сот қана жеткізетінін түсінеді. Алайда, үйді қайтару мүмкін еместей көрінеді. Ал үміт үзу Б.Мыңжанов үшін өмірден де қол үзу болатын. Өйткені, бала-шағасын, немерелерін бәрін айдын-күннің аманында қаңғыртып тастады ғой. Өзінің де өзегі талды. Ақыры ауыр салмақты көтере алмай жүрек талмасы ұстап, ауруханаға түсті. Не үй жоқ, не күй жоқ, отбасының шырқы бұзылып, әйелімен ажырасып, балалары да тентіреп, енді өзіне де бір адым аттау мұңға айналғанда, о дүниенің де есігі көрінгендей болды.
Бірақ Құдайдың құдіреті деген сол ғой, бұл өмірде әділдік әлі бар екен. Істі бесінші қараған соттың беті бері қарады-ау ақыры. Содан кейін іле-шала алтыншы, жетінші сот болды. Мыңжановтардың тілегін берді. Сот оларды алаяқтардың алдап ұрғанын анықтап, бұлардың өз үйлеріне құқықтары бар екенін тайға таңба басқандай қылып шешім шығарып берді. «О, өмір-ай! – деді сосын Б.Мыңжанов. – О дүние есігінің алдынан қайтардың-ау, әйтеуір». Осылай деп көз жасын балаларына көрсетпей бір сығып алды. Бірақ бұл алаяқтар салған сергелдеңнің басын ғана қайтару болатын. Сот шешім шығарғанмен үйді заңды түрде Мыңжановтар атына аударуда тағы да алдан алынбас қамал шықты. Үй банкте аресте тұр, яғни тыйым салынған. Үйдің техникалық паспортын, мемлекеттік акт алу мүмкін емес. Тиісті мекемелер есігі түгілі, тесігінен де жолатпайды. Үйді тіркете алмағандықтан, Б.Мыңжановтың мектепке баратын немересі де тіркеуде жоқ. Үйге тыйым салынғаны туралы жеті бірдей сот орындаушысы қаулы шығарған. Сол жеті бірдей қаулының күші жойылса ғана, үй тыйымнан алынып, толыққанды құжат жасау мүмкіндігі туар еді дейді Медет Мыңжанов. Бірақ ол әзірге арман ғана секілді. Бір қызығы, сатылған үйдің бес жылғы алым-салығы, коммуналдық қызмет түрлерінің, су, жарық, жылу, яғни барлық көрсетілген қызмет түрлерінің ақшасы Мыңжановтың атына жазыла беріпті. Бұл қызмет түрлеріне уақытында төлемедіңдер деп салынған айыппұл құны шаш-етектен. Соның бәрін Мыңжановтар қайтадан төлеп жатыр. В.Мұқанова 8 жылға, қызы 7 жылға сотталып кетті. Алар ақшасын алған Пиканов, Иванов, Қарабаевалар соттың есігінен де қарамады. Енді Мыңжановқа не істеу керек? Түсініксіз, дейді редакцияға арыздана келген Мыңжановтар.
Әрине, небір алаяқтар туралы аз айтылып жатқан жоқ қой. Мұндайларды адамгершілігі, адалдығы бар деп есептеу артық шығар. Өйткені, біреудің несібесін тартып алу арқылы оны өзінің қарақан басының ғана бас пайдасына жаратуы, расы керек, кейін камералас болған қылмыскерлердің өзін сескендіріп тастапты. Сондықтан мұндай адамның бүлдірген ісін қайта қалпына келтіру де оңай болмай жатыр. Тіпті, оны ақыр аяғында соттағанмен, салған лаңынан артында қақсап қалған жұрттың зарын жойып, жоғын бүтіндеу әлі күнге мүмкін емес көрінеді. Мүмкін болуы да әлі неғайбыл. Сондықтан аталған ЖШС директоры да жоғарыдағы «көкелеріне» үміт артып, алда-жалда қиын-қыстау күн туса аман-есен құтылып, сүттен ақ, судан таза боламын деп сенген секілді. Тек үміті үзіліп, сенімі құрғыр селкеу тартқанда ғана жанталаса «көкелерін» іздеген көрінеді. Ал бастапқыда ұрланған ақшаны қылдай бөліскен сол «көкелері» кейін байтал түгіл бас қайғы дегендей, ат құйрығын үзісіп, осы тойғандарымыз да жетеді дегендей бұғып қалыпты. Тек Мыңжанов секілді ондаған адам ғана айдын-күннің аманында бала-шағасымен тұрғызған баспаналарынан айырылып тынды. Өмір – айна. Сол айнадан мына қоғамымызда не болып, не қойып жатқандығын көріп отырмыз. Кім біледі, мұндай оқиғалардың небір түрлері дәл қазір жаңадан бастау алып жатқан шығар немесе болып та жатыр және алдағы уақытта жалғасын таба беретін де шығар. Өйткені, осындай заңсыздықтарға дем беретін шенеуніксымақтар кездеседі дейді жұрт.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.
Коллажды жасаған Амангелді Қияс.