Қоғам • 11 Қазан, 2022

Кітапсүйер кішкентайлар

405 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласы әкімдігінің Орталық­тандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Оқитын ұлт» жобасы аясында «Ай сәулесімен кітап оқиық» атты қызыққа толы кітапхана түні өтті.

Кітапсүйер кішкентайлар

Мәдени шараның мақсаты – халық арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, жас ұрпақтың рухани қазынасын молайтып, қазіргі ақын-жазушылардың жаңа шығармаларын насихаттауды көздеген.

Бұл күні кітапхана есігі қала тұрғындары мен оқырмандарына айқара ашылып, түннің бір уағына дейін қызмет көрсетті. Іс-шараның мазмұнды өтуіне еліміздегі Үндістан, Түркия, Польша, Армения елшіліктері де белсенді атсалысып, олар кітап көрмесін ұйымдастырып, концерттік бағдарлама ұсынды. Елордадағы «Орыс үйінің» жетекшісі Ольга Филонова «Астана – бейбітшілік бесігі» атты ашық диктантқа қатысқан кітапхана оқырмандарын марапаттап, аталған кітапханалар жүйесіне жаңа кітаптарды сыйға тартты.

Сондай-ақ іс-шара аясында Толымбек Әбдірайым мен Серікбол Хасан секілді бала­лар жазушыларымен кездесу ұйым­дас­тырылып, олар балаларға өз шығар­машылықтары мен кейінгі шыққан кітаптары туралы айтып берді. Ал «Қарашаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің жетекшісі Тұрар Саттарқызы жас оқырмандар мен қо­нақтарға ұлттық тәрбие туралы тағы­лымды ой толғаса, «Менің қа­лауым­дағы кітаптар» атты BookDating алаңы­ның спикерлері тележүргізуші Әйгерім Есен­әлі, тарихшы Жақсылық Сәбитов және жур­налист Руслан Ыдырысов өздерінің өмір жолына ерекше әсер еткен үш кітап жайында әңгімеледі. «Авангард» поэзия клубының жетекшісі, ақын Дина Ораз өлең жазуға құ­мартқан балаларға шеберлік сабағын өт­кізсе, құммен сурет салу үйірмесінің жетек­шісі Айжан Жәркешқызы осы өнердің қыр-сырын үйретті.

Сонымен қатар Еркеғали Рахмадиев атын­дағы Мемлекеттік академиялық фи­лар­мониясы мен «Наз» мемлекеттік би театры­ның өнерпаздары мәдени кештің кө­рі­гін қыздырса, елордалық Қуыршақ театры­­ның әртістері балаларға қызықты ойын­дар ойнатып, тәтті сыйлықтар тарту етті. «Замандас 21» қоғамдық қоры мүше­лері ұлттық нақышта жасаған қол өнер бұйым­дары жәрмеңкесін ұйым­дас­тырды.

Бір сөзбен айтқанда, «Ай сәулесімен кітап оқиық» атты кітапхана түніне арнал­ған іс-шара оқырмандарға жылы әсер қал­дырды.