6 қазан күні айналдырған бір жарым сағаттың ішінде екі бірдей арыстай азамат көлік апатынан ана дүниеге аттанып кете барды. Павлодар – Қызылорда тас жолының 41-шақырымында Volkswagen Sharan минивэнін тізгіндеген 52 жастағы жүргізуші жоғары жылдамдықпен келе жатып жол шетіне түсіп кеткен. Одан бір сағат өткен соң дәл сол жолда Toyota Camry жеңіл көлігі автобанның шетіне орнатылған металл кедергіге қақ шекесімен келіп соғылған. Екі жағдайда да жүргізушілер оқиға орнында тіл тартпай кеткен.
Тағы бір жантүршігерлік оқиға Ақсуға қарасты Сырлықала ауылы маңында болды. «Нива» көлігі ауыр жүк машинасының тіркемесіне соғылып, ішіндегі үш жолаушы (екеуі бала) сол жерде жан тапсырған.
– Үлкен жолдардағы жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі жүргізушілердің тәртіпті сақтамауынан туындайды. Жыл басынан бері облыс жолдарында жол шетіндегі шұңқырға түсіп кету бойынша 12 жағдай тіркелсе, тағы 3 көлік жол кедергілеріне соғылған. Өңір полицейлері жол қозғалысы ережелерін бұзу бойынша 95 мыңнан астам оқиғаны тіркеп, ықтимал келеңсіз жағдайлардың алдын ала білді. Өңірімізде алғашқы 9 ай ішінде 440 жол апаты тіркеліп, салдарынан 59 адам көз жұмды, 667 адам жарақаттанды. Апаттар көбіне көктем және жаз айларында жиі тіркеледі, – дейді Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Жалпы, өңірдегі республикалық тас жолдарда жыл басынан бері 80, елді мекендер мен облыстық маңызға ие автожолдарда 360 оқиға тіркелген. Осы уақыт ішінде малдың жолға шығуымен 5 жол-көлік апаты тіркеліп, бір адам қаза тапқан. Полицейлер толтырған хаттамалар мен сот шешімдеріне сүйенсек, жол-көлік апаттарына көбіне көлік жүргізушілерінің немқұрайлығы, жылдамдық режімін сақтамау, жолдың қарама-қарсы бағытына шығу себеп болады екен.
Елді мекендер ішінде көлікпен адам қағу фактілері де азаймай тұр. Жаяу жүргіншілердің қатысуымен аймақта 159 жол оқиғасы тіркелген. Соның ішінде 17 оқиға жаяу жүргіншілердің кінәсінен болғандығы дәлелденіп отыр. Ал осы жайттардың салдарынан кәмелет жасына жетпеген 4 бала көз жұмып, 104-і түрлі дене жарақаттарын алған.
Ж.Қайыровтың айтуынша, өңірде мас күйінде көлік жүргізгендер саны да баршылық. 800-ден астам адам жөнсіз әрекет жасағаны үшін көлік жүргізу құқығынан айырылған.
«Сегіз жүргізуші мас күйінде көлік руліне отырып, жол-көлік оқиғасына себепші болған. Олардың үшеуіне қылмыстық іс қозғалып, бесеуі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы, жыл басынан аймақта алкогольді ішімдік ішіп рульге отырған 1170 азамат анықталып, оларға тиісті жазалар тағайындалды. Медициналық куәландырудан бас тартқан тағы 70 жүргізушіге Әкімшілік кодекстің 613-бабы 4 тармағына сәйкес әкімшілік жаза қолданылды. Ал 879 азамат жүргізуші куәлігінен айырылды. Спирттік ішімдік ішіп, көлік басқарғандар 15 тәуліктен 30 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынатынын, 7 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылатынын ескертеміз», дейді Ж.Қайыров.
Жұртшылық Ресей және Армения елдерінің нөмірін таққан жеңіл көліктер көшеде қозғалыс ережесін жиі бұзатынын айтады. Полицейлер жыл басынан шетелдік нөмір таққан 3336 жеңіл көлікке қатысты айыппұл хаттамаларын толтырған.
Бұған қоса Павлодар қаласының тұрғындары такси жүргізушілерінің (көбі шетелдік нөмір таққан) жол ережелерін жиі бұзатынын, жаяу жүргіншілерге жол бермей, жолақ үстінен зу етіп өте шығатынын айтып жүр. Қала тұрғыны Бейсен Әлімов екі баласы шаһардағы №25 орта мектебінде оқитынын, кешкілік сабақтан соң үйге қайтарда олар үшін қатты алаңдайтынын жеткізді. Амалсыздан күнде жұмыстан ерте сұранып шығып, балаларын өзі алып кетуге тырысады екен.
– Өткен жазда көз алдымда екі бірдей такси көлігінің қатысуымен жол-көлік апаты болды. Екі жағдайда да «Яндекс» таксопаркінің машиналары кінәлі екеніне куә болдық. Байқайтыным, әлгі таксопарктің көліктері өте ескі. Сонысына қарамай қала ішіндегі жолдарда олар өзге көліктерге жол бермей, қатты жылдамдықпен жүйткиді. Әсіресе жұрт жұмыстан қайтар уақытта көшеге такси толып кетеді. Шынын айтайын, жаяу жүргіншілер өтетін тұстан жүруге жүрексінемін. Әлгіндей таксилер адам өтіп бара жатыр екен демейді, кейде дәл алдыңнан зу ете қалады. Сондай уақытта бейбастақ жүргізушілерді тізгіндейтін полиция инспекторлары да көзімізге түспей қалады, деп қынжылады ол.
Бір айта кетерлігі, әкімшілік полиция басқармасы такси жүргізушілерінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары бойынша арнайы есеп жүргізбейді екен.
Тағы бір мәселе – «Усолға» шағын ауданындағы Бекқожин мен Бәкіров көшелерінің қиылысындағы жолдың оңтүстік бөлігінде жаяу жүргіншілер жолағы жоқ. Бұл жерде екі жыл бұрын жол бұдыры болған, қазір ол жоқ. «Мектептен шығып автобус, трамвай аялдамаларына беттегенде кейде амалсыздан жол ережесін бұзуымызға тура келеді», дейді тұрғын. «Аялдамаға жету үшін әуелі Бекқожин көшесін жаяу жүргіншілер жолағымен кесіп өтіп, одан әрі оңға бұрылып, генерал Бәкіров қиылысынан өту керек. Алайда бұл жерде жаяу жүргіншілерге арналған белгі жоқ. Кептеліп тұрған көліктер дабылдатып, өткізгісі келмейді. Сонда тұрғындар аялдамаға қалай жетуі керек? Амалсыздан балаларыммен көшені айналып жүрмеу үшін кейде оң жақпен тура тартып аялдамаға жетуге тырысамыз. Осы аумақта тұратын тұрғындар жолдың оңтүстік бөлігіне де «зебра» қоюды бірнеше мәрте сұраған екен, қала билігі ережеде жоқ деп жауап беріпті. Бұл жермен күнделікті жүретін жаяу жүргіншілердің басым бөлігі аялдамаларға жету үшін жолағы жоқ жермен өтетінін байқаймын. Себебі бұл тұс азаматтарға ыңғайлы», дейді қала тұрғыны.
Тұрғынның сауалы бойынша қала әкімдігіне хабарласып көрдік. Қала басшысының баспасөз хатшысы Салтанат Әкімбекова біздің өтінішімізден соң жергілікті полиция басқармасының мемлекеттік автоинспекторы, сондай-ақ жасанды жол кедергілерін орнатумен және жол белгілерін салумен айналысатын мердігер ұйымдардың өкілдері аталған учаскеге барғанын хабарлады. «Бірлескен тексерістің қорытындысы бойынша осы учаскеден 20 метр қашықтықта (яғни солтүстік бөлігі) жаяу жүргіншілер өткелі бар екендігі анықталды. Онда тиісті таңбалар, белгілер мен стробоскоптар орнатылған. Қала көшелеріне жаяу жүргіншілер өткелдерін жасау Павлодар қаласы полиция басқармасының келісімімен жүргізіледі. Уәкілетті орган сіз көрсеткен жерде жаяу жүргіншілер өткелін орнату қажет деп таныған кезде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мердігерлік ұйымдары тиісті жұмыстарды жүргізетін болады», деген жауап алдық.
Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ж.Қайыров облыс орталығындағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көше қиылыстарындағы бағдаршамдарды реттеу мәселесі жергілікті атқарушы органдарға ұсыныс ретінде жіберілді дейді. Бүгінде Нұрмағамбетов – Жібек жолы, академик Бектұров – Едіге би, Толстой – генерал Дүйсенов, Толстой – Шағын айналма жолы, Толстой – Бұқар жырау, Толстой – «Трактир» дүкені (ЖШҚ), Нұрмағамбетов – Минин, Нұрмағамбетов – «Даниял» дүкені, Ломов – Жібек жолы, Российская – Щедрин, Естай – Бұқар жырау, Циолковский – Катаев, Торайғыров – Айманов, Мәшһүр Жүсіп – Құдайбердиев, Бекқожин – Ткачев қиылыстарына бағдаршамдар орнату қажет.
Павлодар облысы