Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысовтың айтуынша, елімізде логистиканы дамыту бағытында бірқатар инфрақұрылымдық жобалар дайындалып жатыр.
«Біздің ірі жобамыз – Достық – Мойынты. Біз оған үлкен мән беріп отырмыз. Сондай-ақ Алматы қаласын айналып өтетін теміржол желісі, Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісі, Ақтау теңіз порты территориясында транспорттық-логистикалық хабты құру жұмыстары және Ақтау портында терминал қуаттылығын кеңейту жұмыстары атқарылуда. Мұның бәрі логистикалық тасымалды дамытуға үлкен серпін сыйлайды», деді Алмаз Ыдырысов таяуда өткен New Silk Way форумында.
Ведомство өкілінің сөзіне қарағанда, контейнерлік хаб құруға 10,4 млрд теңге бөлу қарастырылып отыр. Бұл жұмыс «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жүзеге аспақ. Егер жоба сәтті жүзеге асса 2025 жылға қарай контейнер тасымалы ағыны 40 мыңнан 133 мың футтық эквивалентке дейін артпақ.
Оның айтуынша, қазір мемлекет ерекше назар аударып отырған бағыт – халықаралық Транскаспий маршруты. Аталған маршрут Қытай мен Қазақстанды, Каспий теңізі акваториясын, Әзербайжан мен Грузияны кесіп өтіп, әрі қарай Түркия мен Еуропа елдеріне бағыт алады. Вице-министр айтып өткен Достық – Мойынты, Дарбаза – Мақтаарал теміржол желілерінің де осы Транскаспий маршрутына қатысы бар екенін айта кетейік. Сонымен бірге Қытаймен шекарада «Бақты» өткізу бекеті де жұмысын бастамақ.
PTC Holding ЖШС басқарма төрағасы Тимур Қарабаевтың айтуынша, контейнерлік және мультимодальдық тасымалды дамыту елдегі транспорт саласының дамуында басты трендке айналмақ.
«Қазір бүкіл әлемде контейнерлік тасымал ең танымал, ең сенімді жеткізу түріне айналды. Халықаралық нарықтағы бұл тасымалдың үлесі 90 пайызға жетіп отыр. Қазақстандағы контейнерлік тасымал көлемі жыл сайын өсіп жатыр. Мәселен, былтыр бұл көрсеткіш 22 пайызға артты. Алайда сала дамуын тежеп тұрған факторлар бар. Бұл – тариф мәселесі. Қазақстанда контейнермен бір тонна жүк тасымалдау құны өзге елдер бағасынан 2,5-3 есе жоғары. Жақын көршілеріміздің тәжірибесі көрсеткендей, контейнерлік тасымал тиімді болатын тарифтерге негізделген көзқарас жүк тасымалдау көлемін күрт арттыруға мүмкіндік берді. Ал бүгінде біз индустрияландыру жолымен жүріп, қазақстандық өндірушілер мен экспорттаушыларды қолдау туралы айтатын болсақ, онда біз транспорт саласының өкілдері ретінде тауарларды жеткізудің барынша көп нұсқаларын ұсыну арқылы оларға көбірек мүмкіндіктер беруіміз керек», дейді Т.Қарабаев.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, Ақтауда контейнерлік хаб құру және Транскаспий дәлізін дамыту сияқты ірі жобалар PSA, Abu Dhabi Ports, Adani Group, CMA CGM, Maersk сынды әлеуетті инвестормен бірлескен кәсіпорын форматында іске асырылмақ.
«Сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын толық көлік-логистикалық корпорацияға айналдыру моделін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілуде. ҚТЖ-ның трансформациясын әлемдік көлік-логистикалық компаниялармен (PSA, DBShenker, CoscoShipping, DPWorld және т.б.) кооперация, көлік дәліздерін цифрландыру және сыртқы терминалдық желілерді құру сияқты бағыттар бойынша жүзеге асыру ұсынылады», деді министр.